22.09.2025
Қарағанды машина жасаушылары: шахталарға, фабрикаларға және ЖЭО-ға арналған өндіріс

Машина жасау – Қазақстан экономикасының дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық сала. Әсіресе Қарағанды облысында бұл сектор қарқынды дамуда, мұнда металлургиялық, тау-кен байыту және көтергіш-тасымалдау жабдықтарына мұқтаж өндірістік алыптар шоғырланған.

Ауыр машина жасау саласының жарқын үлгісі – Қазақстан машина жасаушылары одағының қатысушысы болып табылатын «ЦЭМ-Геомаш» зауыты. Кәсіпорын 11 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді және конвейерлік тасымалдаушыларды, олардың қосалқы бөлшектерін және әртүрлі металл құрылымдарын шығаруға маманданған.

Бүгінде зауыт өнімдері «Қазақмыс» корпорациясы, ERG, «Qarmet» АҚ сияқты отандық компанияларға ғана емес, сондай-ақ экспортқа да жеткізіледі. Атап айтқанда, Қырғызстанға жөнелтіледі. «Made in Karaganda» конвейер желілері Хромтаудағы Дөң ТКБК-да, №2 Жезқазған байыту фабрикасында, Қарағанды ЖЭО-3-те және елордадағы ЖЭО-1-де орнатылған.

Кәсіпорын директоры Анастасия Шаталова:

«Біз отандық жеткізушілерді барынша қолдауға тырысамыз. Егер бізде отандық материалды сатып алу мүмкіндігі болса, соны жасаймыз. Неге? Өйткені қазақстандық өндірушілер бір-бірін қолдауы керек деп санаймын, осының арқасында бизнес-қоғамдастық дамиды», - деп атап өтті.

Қазіргі уақытта зауытта шамамен 60 адам жұмыс істейді, олардың жартысынан астамы – өндірістік персонал. Мұнда бөлшектерді жобалаудан бастап дайын конвейерлерді жинақтау және бояуға дейін толық технологиялық цикл құрылған.

Маңызды көрсеткіш – қазақстандық қамту деңгейі, ол 60–80%-ға жетеді. Дегенмен, кәсіпорын металл прокатын импорттауға мәжбүр: қажетті болат маркалары елімізде әзірге өндірілмейді.

Кадр даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. «ЦЭМ-Геомаш» колледждермен тығыз байланыс орнатып, студенттерді ақы төленетін тәжірибеге шақырады және кейін тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Жас мамандар зауытта тұрақты жұмыс, өсу мүмкіндігі және лайықты жалақы табады.

«ЦЭМ-Геомаш» зауыты шағын ұжымдар отандық машина жасау саласының дамуына қомақты үлес қоса алатынын көрсетіп отыр. Қазақстан машина жасаушыларының одағы үшін ішкі нарықты қалыптастыратын, экспортты игеретін және саланы кадрлармен қамтамасыз ететін осындай компанияларды қолдау маңызды», – деп атап өтті Қазақстан машина жасаушыларының одағы атқарушы дирекцияның директоры Талғат Базарбеков.


Материал kazpravda.kz ақпараттарының негізінде дайындалды.