Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Қазақстанда өндірілетін шикізат материалдарына отандық машина жасау кәсіпорындарының тең әрі ашық қолжеткізу жағдайларын қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.
Депутаттың айтуынша, партия атына машина жасау кәсіпорындарынан отандық шикізат ресурстарына толыққанды қолжетімсіздігіне алаңдаушылық білдірген өтініштер түсуде. Елде металл өнімін өндірушілер болғанымен, қолданыстағы нормативтік құжаттар оларды мемлекеттік қолдау тетіктеріне жататын шикізат материалдары санатына жатқызбайды.
Ерлан Саиров заңға тәуелді актілерді «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңға сәйкес келтіруді, баға белгілеу тетігін жетілдіруді, өнеркәсіптік тізбектің барлық қатысушылары үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуді ұсынды. Сондай-ақ Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі міндеттемелерді орындамаған жер қойнауын пайдаланушылардың жауапкершілігін көздейтін нормаларды жедел енгізу қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, депутаттың пікірінше, отандық тауар өндірушілердің тендерлерге тең қатысуын қамтамасыз ететін ашық электрондық сатып алу жүйесін құру маңызды.