12.08.2026
Адам капиталына инвестиция: «Бёмер Арматура» зауытында қызметкерлерді дамыту өнім сапасының ажырамас бөлігі саналады

Қазіргі заманғы машина жасауды білікті мамандарсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан «Бёмер Арматура» ЖШС зауытында қызметкерлердің кәсіби дамуы өнім сапасын, технологиялық дамуды және өндірістің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырылады.

Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін өнім өндіру өндірістің әр кезеңінде жоғары білікті мамандарды талап етеді. Кәсіпорында дәнекерлеу өндірісінің мамандары, заманауи еуропалық жабдықтардың операторлары және инженерлік-техникалық қызметкерлер еңбек етеді. Көптеген қызметкерлер арнайы біліктілікті Германиядағы BÖHMER GmbH бас компаниясының өндірістік алаңдарында арттырудан өтеді. Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлерге өз есебінен халықаралық сертификаттар алуға мүмкіндік береді.

Мамандыққа баулу мен тәлімгерлік жүйесіне де ерекше көңіл бөлінеді. TÜV, CSWIP және IIW халықаралық біліктіліктеріне ие тәжірибелі мамандар жас қызметкерлерге өз білімдері мен тәжірибесін беріп, заманауи технологиялар мен еуропалық өндіріс стандарттарын меңгеруге көмектеседі.

Кадрлар даярлаудың тағы бір бағыты – бейінді оқу орындарымен ынтымақтастық. Кәсіпорын академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетімен, Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен, колледждермен және басқа да бейінді оқу орындарымен белсенді байланыс орнатқан. Студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді, ал үздік түлектердің кәсіпорында кәсіби мансабын бастауға мүмкіндігі бар.

Кәсіби дамудың мысалдарының бірі – «Бёмер Арматура» ЖШС 5-разрядты дәнекерлеушісі Сергей Козлов.

Оның айтуынша, мамандыққа деген қызығушылығы күтпеген жерден пайда болған.

«Алдымен қолмен дәнекерлеуді өз бетімше үйрене бастадым. Біртіндеп бұл жұмыстың маған ұнайтынын түсіндім. Сондықтан мамандық алып, әрі қарай дамуды шештім. Зауытта өз дағдыларымды күн сайын жетілдіруге мүмкіндік туды».

Бүгінде Сергей ЦМТ аппараттарында дәнекерлеу жұмыстарын орындайды. Оның айтуынша, заманауи өндіріс жоғары біліктілікті ғана емес, сонымен қатар үздіксіз білім алуды талап етеді.

«Әрбір орындалған жұмыс – жаңа тәжірибе және кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік. Ұжымдағы жақсы ахуал, жаңа нәрселерді үйрену және заманауи жабдықтармен жұмыс істеу кәсібімді қызықты етіп, одан шынайы ләззат алуға мүмкіндік береді».

Еңбек жолы барысында Сергей АПГ және АФ аттестаттауларынан өтті. Бұл оның кәсіби дамуының маңызды кезеңдерінің біріне айналды.

«Мен үшін бұл – оқудың және дамуға деген ұмтылыстың нәтижеге жеткізетінінің дәлелі. Жыл сайын тәжірибем артып, өз жұмысыма деген сенімім нығая түседі».

Сергейдің пікірінше, қандай мамандықты таңдағанына қарамастан, кәсіби өсудің басты шарттары – білім алуға деген ұмтылыс, жауапкершілік және өз ісіне адал көзқарас.

«Білім алудан және жаңа дүниелерді меңгеруден қорықпаңыздар. Өз жұмысыңызды сапалы орындауға ұмтылыңыздар. Уақыт өте келе бұл міндетті түрде тәжірибе жинақтауға және нағыз кәсіби маман болуға көмектеседі».

Аумағы 8 500 шаршы метрді құрайтын жоғары технологиялық кәсіпорында халықаралық ISO 45001 стандартына сәйкес заманауи әрі қауіпсіз еңбек жағдайлары жасалған. Қызметкерлер үшін әлеуметтік пакет қарастырылған, жұмысшыларды тасымалдау ұйымдастырылған, асхана, демалыс бөлмелері мен тұрмыстық үй-жайлар жабдықталған.

Алдағы жылдары зауыт өндіріс көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл ретте жаңа білікті мамандарды – электрмен дәнекерлеушілерді, токарьларды, СБҚ станоктарының операторларын және инженерлік-техникалық қызметкерлерді тарту қажеттілігі туындайды.

Кадрлық әлеуетті дамыту кәсіпорын жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Кәсіби оқытуға, тәлімгерлік жүйесіне және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастыққа салынған инвестициялар халықаралық стандарттарға сай жұмыс істей алатын және отандық машина жасау өнімдерінің жоғары сапасын қамтамасыз ететін білікті мамандар командасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.