04.09.2026
80 тонналық самосвалдар мен престеу жүйесі бар қоқыс таситын көліктер: болашақ техникасы — «СММ Expo Қазақстан-2026» көрмесінде

Астанада «СММ Expo Қазақстан-2026» халықаралық көрмесі ашылды. «МИР 24» телеарнасының тілшісі Алена Грачева көрме жұмысымен танысты.

Алғаш қарағанда мұнда үлкен әрі қуатты машиналар ғана қойылғандай көрінуі мүмкін. Алайда олардың әрқайсысының өзіндік технологиясы мен нақты міндеті бар. Бұл — құрылысқа, тау-кен өнеркәсібіне, карьерлер мен жол жұмыстарына арналған техника.

Көрмедегі ең көзге түсетін машиналардың бірі — Қытайда шығарылған карьерлік самосвал. Оның күшейтілген рамасы мен беріліс қорабы ауыр жүктемелерге төтеп беруге арналған. Жүк көтергіштігі — 80 тонна. Мұндай техника Қазақстан үшін аса өзекті. Елімізде мыс, кен, алтын және көмір өндірілетін қатты пайдалы қазбалардың мыңнан астам кен орны бар.

«Бұл модель Ақтөбе облысындағы АМК карьерінде жұмыс істеп жатыр. Жалпы, біз Қазақстан бойынша кеңінен таралуды көздеп отырмыз, өйткені Қазақстан жер қойнауының байлығымен танымал», — деді арнайы техниканы сату жөніндегі коммерциялық директор Марат Сабитұлы.

Ал қалалық шаруашылыққа арналған техниканы қазақстандық өндірушілер таныстырды. Бұл қоқыс таситын көліктің басты ерекшелігі — престеу жүйесі. Ол қалдықтардың көлемін едәуір азайтып, бір рейсте көбірек қоқыс жинауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде полигонға қатынау жиілігі азайып, дизель отыны үнемделеді, сондай-ақ техника мен жұмыс күшіне түсетін жүктеме төмендейді.

«Ол жартылай автоматты режимде жұмыс істейді. Оператордың міндеті — контейнерді қажетті орынға жақындату ғана. Қалғанын көлік өзі атқарады: қоқысты көтеріп, ішіне салып, престейді. Жүктелген қалдықтар кейін полигонға немесе қоқыс сұрыптау кешеніне жеткізіледі. Онда олар көміледі, сұрыпталады немесе кәдеге жаратылады», — деп түсіндірді коммуналдық және арнайы техника өндіретін қазақстандық кәсіпорынның директоры Максим Славинский.

Қоқыс таситын көлік сатып алынып қойған. Көрмеден кейін ол Алматыға жөнелтіледі.

Көрмеге жүзден астам қатысушы компания мен жүзден астам техника үлгісі қойылған. Мұнда тек жаңа техникалар таныстырылып қана қоймайды. Компаниялар әлеуетті клиенттермен және серіктестермен танысып, жеткізілім мәселелерін талқылайды, жаңа бірлескен жобаларды жоспарлайды.

Талғат Базарбеков, Қазақстан машина жасаушылары одағының директоры:

«Жаңа технологияларға келетін болсақ, көрмеге қатысатын әрбір компания, әрине, қолындағы ең озық әзірлемелерін көрсетуге ұмтылады. Мұндай көрмелердің басты құндылығы да осында: қатысушылар бір-бірімен танысып, озық тәжірибені үйреніп, өзара бөлісе алады».

Көрме 5 қыркүйекке дейін жалғасады.

Дереккөз: «МИР 24» телеарнасы