26.09.2025
60-тан астам машина жасау саласының үздік қызметкерлері кәсіби мереке қарсаңында марапатталды

26 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Машина жасаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға сала басшылары, кәсіпорын мен өңір өкілдері, сондай-ақ отандық машина жасау саласының дамуына елеулі үлес қосқан еңбегі сіңген қызметкерлер қатысты.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құттықтау сөзінде сала қызметкерлеріне кәсібилігі мен Қазақстанның индустриялық әлеуетін қалыптастырудағы рөлі үшін алғысын білдірді.

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев өз сөзінде машина жасау еліміздің энергетикалық, көлік, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды сала екенін атап өтті.

«Машина жасау Қазақстан индустриясының негізгі салаларының бірі. Инженерлер, конструкторлар, жұмысшылар, басшылар – сіздер экономиканы дамытуға нақты үлес қосып, инновацияларды енгізіп, елдің экспорттық әлеуетін нығайтып отырсыздар. Сіздің кәсібилігіңіз бен іске адалдығыңыз – бүкіл сала табысының негізі», – деді Мейрам Пішембаев.

Жалпы сала бойынша 64 жұмысшы жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Оның ішінде 39 маман Қазақстан машина жасаушыларының одағы ұсынысы бойынша марапатталды.

Наградаларды тапсыру – кәсіпорын басшыларынан бастап жұмысшы маман еңбегінің жоғары бағасы.

Олардың арасында «Құрмет» және «Еңбек Даңқы» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, сондай-ақ «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісінің иегерлері бар.

«Құрмет» ордені «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС бас директоры Асқар Сыздықовқа табысталды.

ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «QSM Resources» ЖШС бас директоры Роман Әбенов, «Көтергіш механизмдер өндірушілер одағы» ЗТБ төрағасы Айбек Қажкенов және «Энергетикалық компания» ЖШС директоры Руслан Ибрагимов марапатталды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ электрдәнекерлеушісі Қанат Амиров, «KARLSKRONA LC AB» ЖШС токары Александр Черных, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС трансформатор катушкасының ораушысы Бауыржан Ержікешев, «Тыныс» АҚ механика құрастыру слесарі Виталий Мыза және «Maker (Мэйкер)» ЖШС конструкторлық топ жетекшісі Александр Эм марапатталды.

Сонымен қатар «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен «Камаз-Инжиниринг» АҚ электргаздәнекерлеушісі Александр Светличный атап өтілді.

Қазақстан машина жасаушыларының одағына мүше кәсіпорындардың наградталған өкілдері көрсетілген сенім мен еңбектеріне деген ықылас үшін алғыс білдірді.

«Maker (Мэйкер)» ЖШС конструкторлық топ жетекшісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Александр Эм командалық жұмыстың маңыздылығын атап өтті:

«Біз, инженерлер, құжаттаманы дайындаймыз, жобалардың негізін қалаймыз, бірақ идеялардың нақты жүзеге асуы жұмысшылардың арқасында мүмкін болады. Олардың еңбегі – кешегі күнде мүмкін емес болып көрінгенді бүгінгі күні мүмкіншілікке айналдыру. Бұл марапат – бүкіл командамыздың еңбегінің мойындалуы».

«Тыныс» АҚ механика құрастыру слесарі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Виталий Мыза өз әсерімен бөлісті:

«Мемлекеттік награда алу – мен үшін үлкен құрмет. Биыл «Тыныс» АҚ-да еңбек еткеніме 32 жыл. Осы уақыт ішінде зауыттың дамуына үлес қосуға тырыстым. Алда бізді әлі көптеген міндеттер мен жетістіктер күтіп тұр деп сенемін».

Салтанатты шара қызметкерлердің кәсібилігі мен іске адалдығының мойындалғанының жарқын дәлелі. Сондай-ақ ол экономика дамуына қосқан машина жасау саласының рөлін айқындайды.

Машина жасаушылары күні Қазақстанда дәстүрлі түрде қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Сала тұрақты өсім көрсетуде: 2024 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 4,8 трлн теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 11,6%-ға артты. Машина жасауға салынған инвестициялар 290,7 млрд теңгеге жетіп, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке айналды және 2023 жылға қарағанда 2,5 еседен астам өсті.

Бұл жетістіктер отандық машина жасау өнімдеріне жоғары сұранысты және саланың ел экономикасы үшін стратегиялық маңызын айғақтайды.