09.12.2025
«45» сериялы модель

Петропавлда жолаушылар вагондарының жаңа буыны өндіріске енгізілді

Railways Systems KZ холдингінің құрамына кіретін қазақстандық RWS Wagon компаниясы («ЗИКСТО» ЖШС) республикадағы жолаушылар жылжымалы құрамын өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі ретінде өз позициясын нығайтуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында зауыт биылғы жылды ауқымды вагон жеткізілімдерімен аяқтап қана қоймай, «45» сериясының инновациялық модельдерін сериялық өндіріске шығаруға дайындалуда.

Кәсіпорынның баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы жылдың тек қараша айында ғана зауыт ұлттық теміржол тасымалдаушысы – «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на («ҚТЖ» ҰК» АҚ құрамына кіреді) «44» сериялы 27 жолаушылар вагонын жөнелтті.

Жеткізілім «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылды. Осы тетік арқылы кәсіпорын жыл ішінде тасымалдаушыға әртүрлі типтегі 80 вагон тапсырды.

Еске сала кетейік, Өнеркәсіпті дамыту қоры өңдеу өнеркәсібі, өндірістік және көлік инфрақұрылымы салаларындағы жобаларды қаржыландырады. Олар жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспортқа бағытталған өнім шығаруды арттыруға және ұлттық экономикаға ішкі және сыртқы инвестициялар тартуға ықпал етеді.

Осылайша, 2024–2025 жылдар аралығында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Петропавлда өндірілген 157 бірлік жылжымалы құрам алды. Жыл соңынан бастап RWS Wagon нарыққа жолаушылар вагондарының жаңа буынын – «45» сериясын шығарады. Олардың конвейерлік өндірісі ЕАЭО ТР 001⁄2011 талаптарына сәйкес сертификатталғаннан кейін басталады.

Желтоқсан айының соңына дейін ұлттық және жеке тасымалдаушыларға жаңа серияның 100 вагонын жеткізу жоспарланған. 2026 жылы көлем 140 бірлікке, 2027 жылы 150 бірлікке дейін ұлғаяды.

Жаңа вагондар түбегейлі жаңартылған құрылыммен жасалды: жүрістің жайлылығын арттыратын пневмотірек; ұзартылған, коррозияға төзімді, шу оқшаулауы жақсартылған шанақ; тозуға төзімді материалдардан жасалған жаңартылған интерьер; ұзақ сапарларға арналған микроклимат және ауа тазарту жүйесі; күндізгі дивандарды толыққанды ұйықтайтын орынға айналдыратын трансформацияланатын салоны; әр жолаушы орнына арналған USB және 220 В; Wi-Fi; заманауи жарықтандыру мен акустика; жаңа буындағы биоәжетханалар; бейнабақылау және өрт сөндіру жүйелері; платформа аймақтарын жарықтандыру және жолаушыларға ақпарат беретін электронды жүгіртпе жолақтар.

Әр вагон 36 орынға есептелген – тоғыз жайлы купеде жолаушылар еркін қозғалу мүмкіндігін сақтай отырып, дәл осынша адам орналаса алады. Жоғары автономдылық вагондарға алғашқы техникалық қызмет көрсетусіз 24 сағатқа дейін жүруге мүмкіндік береді, бұл ұзақ бағыттарды қалыптастыруға жол ашады.

Жаңа конструкциялық шешімдердің арқасында еківагонды біртамбурлы тіркеулі жүргізуші құрам аз қызметкермен басқара алады, бұл тасымалдаушылардың пайдалану шығындарын төмендетеді.

RWS Wagon компаниясы жаңа вагондарды пайдаланудың ерекшеліктеріне қатысты «Жолаушылар тасымалы» қызметкерлерін оқытуды бастады. Алғашқы 30 маман Алматы, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда және Астана станцияларында практикалық сабақтардан өтуде. Бағдарлама аяқталған соң олар тиісті сертификаттар алады.

Сонымен қатар жаңа модельдерге арналған кепілдік қызмет көрсетудің бірыңғай регламенті әзірленуде. Өндіруші Қазақстанда жасалған компоненттердің үлесін жүйелі түрде арттыруда: отандық дөңгелектер мен мойынтіректер қолданылуда, 2026 жылдан бастап жергілікті осьтер мен интерьер элементтері енгізіледі.

Екібастұз бен Петропавл кәсіпорындарын біріктіретін Railways Systems KZ холдингі толық өндірістік циклді қалыптастырып, Қазақстанның машина жасау әлеуетінің дамуына серпін беруде.

Жаңа вагондарды жүйелі түрде өндіру және тұрақты жеткізіп отыру елдің жолаушылар паркінің жаңаруын қамтамасыз етеді. Биылғы жылдың қорытындысы және алдағы жылдардағы жоспарлар бойынша RWS Wagon – отандық жолаушылар вагондарының жоғары технологиялық өндірісін қалыптастырып, шетелдік баламалармен бәсекелесе алатын, жолаушыларға жайлы әрі қауіпсіз сапар ұсынатын басты жеткізушіге айналып келеді.

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев атап өткендей, жаңа сериядағы жолаушылар вагондарын іске қосу – отандық кәсіпорындардың жүйелі жұмысының және саланы мемлекеттік қолдаудың тиімділігінің нәтижесі.

– Бүгінде теміржол машина жасау саласында отандық өндірушілерге сатып алуда басымдық беру, салықтық және инвестициялық артықшылықтар қарастырылған, – деп атап өтті ол. – Бұл шаралар кәсіпорындарға өндірісті кеңейтуге, жергіліктендіруді арттыруға және жаңа технологиялық шешімдер енгізуге мүмкіндік береді. RWS Wagon компаниясы қазақстандық өнімнің шетелдік баламалармен бәсекеге қабілетті екенін және елімізді заманауи жолаушылар вагонымен қамтамасыз ете алатынын дәлелдеп отыр.