27.08.2025
300-ден астам маман және жылына 10 мыңға дейін техника: «КАМАЗ-Инжиниринг» 20 жылдық мерейтойын атап өтуде

Ақмола облысындағы ірі машина жасау кәсіпорны «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтуде, деп хабарлайды NUR.KZ.

«КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ – автомобиль техникасын өндіру саласындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы алғашқы ірі әрі табысты бірлескен жобалардың бірі. Бұл мерейтой кәсіпорын тарихындағы маңызды белеске айналып, өңірдің индустриялық жетістігінің символы әрі Қазақстанның әлемдік деңгейдегі техника өндіруге қауқарлы екенін дәлелдейді.

– Кәсіпорын 2005 жылы «КАМАЗ» ЖАҚ пен «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ арасындағы бірлескен жоба ретінде құрылды. Сол жылдың 19 тамызында конвейерден алғашқы сериялық автокөлік шықты. 2015 жылы 10 мыңыншы техника жиналса, 2024 жылғы 31 қаңтарда 20 мыңыншы автокөлік – КАМАЗ-54901 магистральдық тартқышы шығарылды. Екі онжылдық ішінде зауыт 20 мыңнан астам КАМАЗ автокөлігін өндірді. Олар ел экономикасының барлық дерлік саласында табысты пайдаланылуда. Бұлар – самосвалдар, борттық жүк көліктері, тартқыштар, вахталық автобустар, ауыз және техникалық су тасымалдауға арналған автоцистерналар, коммуналдық техникалар, – деді зауыттың бас директоры Сергей Кистин.

Жиырма жыл ішінде «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ бос цехтан Қазақстан машина жасау саласының көшбасшы кәсіпорындарының біріне айналды. Компания инновацияларды дамыту бағытын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Автокөліктер қауіпсіз, экологиялық таза және пайдалануға ыңғайлы бола түсуде. Коммерциялық техниканың жүк көтергіштігі мен отын үнемділігі артып, электрондық жүйелер мен инновациялық материалдарды қолдану ауқымы кеңеюде. Кәсіпорында бұл факторлар компанияның ұзақ мерзімді табысқа бағдарланғанын көрсететінін атап өтті.

«КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ бас директоры Сергей Кистиннің айтуынша, кәсіпорынның сенімді серіктестері – елдің мемлекеттік және жеке құрылымдары. Дәл осы серіктестік қиын дағдарыс жылдарында тұрақтылықтың кепілі болып, бүгінде өндіріс көлемінің өсуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі ретінде қалып отыр.

Бүгінде «КАМАЗ-Инжиниринг» – бұл 12 000 шаршы метрден астам өндірістік алаң, оның ішінде 5 000 шаршы метр автокөлік құрастыру өндірісі және 2 000 шаршы метр дәнекерлеу цехы бар заманауи кәсіпорын. Сонымен қатар мыңдаған шаршы метрді қоймалар, сақтау және логистика аймақтары алып жатыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 10 мыңға дейін техника шығару.

Зауыттың филиалдары Астана мен Алматы қалаларында табысты жұмыс істеуде. Мұнда инженерлік және сервистік бағыттар шоғырланған, серіктестермен жұмыс жүргізіліп, техникалық қолдау көрсетіледі. Жақын перспективада Ақтау қаласында филиал ашу жоспарланып отыр, бұл компания дамуының жаңа кезеңіне айналмақ.

– Өнімнің жоғары сапасы мен ұжымның жауапкершілігі бірнеше мәрте жоғары марапаттармен атап өтілді. 2017 жылы кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2021 жылы компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауында «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша алтын мүсіншемен марапатталды. Бұл наградалар зауыттың жүйелі жұмысы мен әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары деңгейін мойындаудың айқын дәлелі болды, – дейді Сергей Кистин.

Ақмола облысында «КАМАЗ-Инжиниринг» тек заманауи машина жасау кәсіпорны ғана емес, сонымен қатар тартым орталығы, кәсіби шеберлік мектебі және инновациялық алаң ретінде де танымал. Кәсіпорынның алғашқы күндерінен бастап мұнда технологиялық тәртіп, әр бөлшекке жауапкершілікпен қарау және еңбекке құрмет көрсету қағидаттары қалыптасты.

– Мұнда кездейсоқ адамдар жоқ. Әрбір маман – тек автокөлік құрастырып қана қоймай, бүкіл ел үшін сенімді көмекшілерді жасайтын үлкен команданың бір бөлігі. 300-ден астам маман күн сайын зауытқа келіп, сенім артуға болатын техниканы шығаруға үлес қосады, – деп атап өтті Сергей Кистин.

Осы күндері мерейтой иесіне көптеген құттықтаулар жолдануда. Кәсіпорынның қызметіне облыс әкімдігі мен Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы жоғары баға беріп, өңірдің экономикалық әл-ауқатына қосқан зор үлесі үшін шынайы алғыс пен ризашылықтарын білдіруде.