Отандық автокөлік өндірісінің даму қарқыны айтарлықтай жақсарған

Биыл сатып алынған әрбір көліктің екіншісі отандық машина. Жыл басынан бері құны 103,8 млрд теңгені құрайтын 17 мыңнан астам автокөлік шығарылған. Елбасы машина жасау саласы Қазақстанның индустриалды дамуының қозғаушы күшіне айналуы тиістігін талай айтып келеді. Мемлекет бұл саланы айрықша қолдап отыр.

Аида Әлиева Қостанайдағы машина жасау зауытында көліктердің реңін келтірумен айналысады. 5 маман жұмыла жүріп күніне 6 машинаның шанағын арнайы құрылғымен ысып, жылтыратып қояды. Жоспар бойынша бір айда 40 темір тұлпарды полировкадан шығаруы тиіс.

Аида Әлиева, Машина жасау зауытының қызметкері:

– Тауарлық шанақтың бір сызаты болмауы керек. Жинап, құрастыру кезінде кеткен кемшіліктерді түзетеміз. Бір көлікке 40 минут полировка жасаймыз.

Қостанайдағы машина жасау зауытында биылғы 6 айда құны 34 млрд теңгенің 5 мыңнан астам көлік құрастырылған. Оның 74-і жүк көлігі және 70-і автобус. Сонымен қатар 86 көлік экспортқа жөнелтілген. Жыл соңына дейін 1 800-ге жуық машина Кеден одағы елдерінің нарығына жіберілмек. Кәсіпорын осы аралықта қазынаға 610,862 млн теңге қаржы құйған.

Сергей Могилатов, Автокөлік жасау зауытының техникалық директоры:

– Үкіметтің тапсырмасымен отандық үлесті көбейтіп отырмыз. 50 пайызға жеткізу жоспарда бар. Индустриалдық аймақ аясында да, Кеден одағы елдеріне де автокомпоненттерді құрастырумен айналысамыз. Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортқа шығардық.

Осыдан бірер жыл бұрын көлік өндірісі құлдырап, оны саудалау қиынға соққаны есімізде. Мұны ескерген мемлекет «Жеңілдетілген автонесие» бағдарламасын іске асырды. Биыл отандық кәсіпорындарды қосымша құн салығынан да босатты.

Индира Жылқайдарова, тілші:

– Отандық автокөлік өндірісінің даму қарқыны айтарлықтай жақсарған. Былтыр 19 мыңнан астам темір тұлпар конвейерден шығарылса, биыл жыл басынан бергі 7 ай ішінде-ақ 17 мыңнан астам көлік құрастырылған. Сөйтіп өндіріс 58 пайызға ұлғайған.

Қазақстандықтар отандық автокөлік сатып алуға 88 млрд теңге жұмсаған. Бұл былтырғыдан 50 пайызға көп.

Айжан Сыздықова, ҚР ИДМ ИДӨҚ комитеті машина жасау басқармасының бас сарапшысы:

– «Жеңілдетілген автонесиелеу» бағдарламасы 2015 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2016 жылы 11 млрд теңге бөлінді. Былтыр, яғни 2017 жылдың соңында 10 млрд теңге бөлінді де, биыл игеріле бастады. Бағдарлама шеңберінде 60,7 млрд теңге көлемінде 13 мыңнан астам автомобиль, жеңіл және жүк көліктері несиеге берілді.

Былтыр ауыл шаруашылығы техникасын шығару 42 пайызға төмендеп кеткен болатын. Қосымша құн салығы алынып тасталған соң, 33 пайыз өсім байқалған.

Айжан Сыздықова, ҚР ИДМ ИДӨҚ комитеті машина жасау басқармасының бас сарапшысы:

– Биыл автобустарды, тракторлар мен комбайндарды лизингке сатып алуға респуликалық бюджеттен 13 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 3 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы техникасына арналған болса, 10 млрд теңгесі автобустарды лизингке сатып алуға арналып отыр.

Қазақстан әлемдік трендтен қалмай, электромобиль өндірісін де қолға алды. 12 көлік тестілеу сынағынан өтті. Қазір техникалық регламентке сай сертификация жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, жақында өтетін VI Машина жасаушылар форумында көлік жасауда дес бермейтін Германия елімен серіктестік жөнінде 4 меморандумға қол қойылмақ.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов