Машина жасаушылар аллеясы ашылды
Елордамыздағы ботаникалық саябақта Машина жасаушылар аллеясы ашылды. «Қала көркі – тал» демекші, бұл игі бастаманы Қазақстан машина жасаушылар одағы көтеріп, оған одаққа кіретін екі жүзден астам кәсіпорын қолдау көрсетіп, нәтижесінде, қасиетті жұма күні арқаны қарып өтер асау желдің ұйытқып соққанына қарамастан Астанада өткен Машина жасаушылардың VI форумына қатысушылар 30 қайың және 30 шетен екті.
Ізгілікті шараға Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев қатысты. «Бүгін біз елордамыз – әсем қала Астананың 20 жылдығы құрметіне Машина жасаушылар аллеясын тарту етіп отырмыз. Қазақта «Бір тал кессең, он тал ек» деген аталы сөз бар. Бүгінгі игі бастамаға одақ құрамына кіретін барлық кәсіпорын қуана қолдау көрсетті. Біздің бұл бастамамыз алдағы жылдарда жалғасын табатынына және өзгелерге үлгі болатынына сенімдіміз. Елімізді көгалдандырып, қоршаған ортаны ластанудан сақтап, экологияны қорғау Қазақстанның әрбір азаматының парызы, міндеті деп білемін! Аллеямыздағы ағаштар жайқалып өсіп, халыққа сая болсын», деп жүрекжарды лебізін білдірді басқарма төрағасы. Ал вице-министр Роман Скляр машина жасаушылардың екі күндік форумы мазмұнды өткенін атап өтті.
«Биыл Қазақстан машина жасаушылар форумы алтыншы рет өтіп отыр. Екі күнде секциялық жиындар өтіп, отандық машина жасауды әрі қарай дамытудың практикалық ұйғарымдары шығарылды, саланы дамытудағы ең өткір және өзекті мәселелер талқыланды. Міне, 2019-2030 жылдар аралығында Қазақстандағы машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарының жобасы таныстырылды. Әрине бұл нобайлы жоспар. Бірақ біз бірігіп, оның кемшін тұстарын толықтырып, жеткізіп, қабылдап жүзеге асыратын боламыз. Ал Астанада машина жасаушылар аллеясының ашылуы, бұл осы салада түрлі өндірістің тізгінін ұстаған кәсіпорындар мен одақ арасында ынтымақтастықтың, ауызбірліктің, ұйымшылдықтың бар екенінің жарқын көрінісі», деп атап өтті Роман Скляр.
Қазақстан машина жасаушылар одағының атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Айбек Қажкеновтің айтуынша, бұдан былай одақ өз аллеясын өз қамқорлығына алып, оның абаттандырылуын, тазалығын, суарылуын бақылап отырмақ. Келер жылдың көктемінде еншілеп алған 20 сотық жерге тағы да түрлі ағаш көшеттерін отырғызып, бұл аллеяны шағын саябаққа айналдыру жоспарда бар екен. Тіпті машина жасаушы кәсіпорындар өз қызметтерімен байланыстырып, мәселен, темір жол өндірісіндегілер вагонға ұқсатып, автокөлік жасаушылар автомобильге ұқсатып арт-нысандар орнату жағын да ойластырмақ. Айтуларынша, күзде қайың, шетен ағаштарын отырғызған қолайлы, өйткені олар суыққа төзімді келеді екен.
Атап өтерлігі, аллея ағымдағы жылдың 20-21 күндері Астанада өткен Машина жасаушылардың VI форумы аясында ашылды. Әлемнің 20 елінен 1200-ден астам адам қатысқан форумды Үкіметтің қолдауымен Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан машина жасаушылар одағы және бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастырып отыр. Сонымен қатар форум шеңберінде студенттер үшін бос орындар жәрмеңкесі өтті. Пленарлық жиындарға Қарағанды, Павлодар, Астананың техникалық жоғары оқу орындарының жетекшілері қатысып, олар машина жасау саласына қандай кадрлар қажет және де қазіргі заманауи талаптарды ескере отырып, түлектерді қалай тәрбиелеу керектігі туралы маңызды мағлұматтар алды.
Қайнар көз: https://egemen.kz/article/175028-mashina-zhasaushylar-alleyasy-ashyldy