Машина жасаудың маңызды мәселелері талқыланды

Жуырда елордадағы ЭКСПО Конгресс-орталығында Қазақстан машина жасаушыларының VI форумы өтті. Форумды Қазақстан Республикасының Үкіметі және Бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ-тың қолдауымен Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан машина жасаушылар одағы ұйымдастырды.

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты тақы­рыпта өткен басқосуда тек машина жасау саласының ғана өзек­ті мәселелері емес, барлық өң­деу өнеркәсібінің ірі жүйелі мәсе­лелері талқыланды.

Шара басында Үкімет бас­шы­сының бірінші орынбасары Асқар Мамин Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына арналған құт­тықтау сөзін оқып берді. Елба­сының құттықтау сөзінде: «Ма­шина жасау – экономиканың негізгі салаларының бірі. Мем­лекет бұл бағыттың орнықты дамуы үшін барынша қолдау көр­сетіп келеді. 2017 жылы машина жасау өнімінің көлемі 1 трлн теңгеге жуық болды. Биыл­ғы форумның негізгі идея­сы машина жасау саласындағы төртінші өнеркәсіптік революция, жаһандық технологиялық прогрестің қазіргі болмысына сәйкес келеді. Машина жасау ісі қарқынды дамып, жүргізушісі жоқ автокөліктер, роботтандырылған зауыттар және сутегі отынымен жүретін машиналар бүгінде озық елдер үшін үйреншікті құбылысқа айналды», делінген. Сондай-ақ Мемлекет басшысы аталған саланың сандық формат үдерісінен тыс қалмау керектігіне маңыз береді. «Машина жасау саласын дамытудың 2019-2030 жылдарға арналған кешенді жос­пары форумда талқыланатын маңызды тақырыптардың бірі болмақ. Жаһандық техно­ло­гиялық үдерістерге сай өндірісте жаңғыртуды көздейтін аталған бағдарламалық құжат саланы да­мытудың стратегиялық бағдарын айқындайды. Іс-шара аясында нәтижелі пікірталас болып, осы салада өзекті мәселелерге қатыс­ты нақты ұсыныстар әзірленеді деп сенемін», деді Н.Назарбаев.

Алқалы жиынды Қазақстан машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы Мейрам Пі­шембаев жүргізді. «Біздің машина жасау саласында атқаратын жұ­мыстар ауқымды деуге болады. Саланың өнімдері өз мем­лекетімізге керекті құрал-жаб- дықтардың 25%-ін ғана қам­та­масыз етеді, ал қал­ған 75-%-і им­порттан келеді. Алды­мыз­ға қойып отырған мақ­сатымыз 2019-2030 жылдарға арнал­ған машина жасау саласын дамыту жоспары, өзіміздің ішкі өндірісті бірнеше есе ұлғайту. Биыл министрлік мемлекеттік қолдаудың тиісті қосымша шараларын жасау үшін жекелеген кәсіпорындарға Индустрия 4.0 элементтерін енгізу жобасын іске асыруда. 7 модельді цифр­лық фабрика, соның ішінде 3 ма­­шина жасау кәсіпорынымен жұ­мыс жасалды. Бұл «Кентау транс­­форматор зауыты» АҚ, «Ал­ма­ты желдеткіш зауыты» АҚ және «Карлскрона» ЖШС. Бұл кә­сіпорындарға техноло­гия­лық ау­дит жүргізілді, оның нәти­же­сінде цифрландыру бойынша жол карталары бекітіліп, іске асы­ру жұмыстары басталды», деді ол.

Форумда сөз алған Инвес­тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәліметіне сүйенсек, елімізде 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жалпы құны 117,7 млрд теңге болатын 19 мыңнан аса автомобиль шығарылған. «Машина жасау саласы – индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының басым бағы­ты. 2018 жылдың 8 айының қоры­тындысы бойынша машина жасау өндірісінің көлемі 638,1 млрд теңгеден асып, өндірістің өсімі 13,8%-ті құрады. Автомобиль құрау машина жасау салалары арасында ең үлкен өсім қарқынын байқатты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге көп», деді министр.

Жиында ведомство басшысы атап өткендей, өндірістің қарқынды өсуіне нарықтағы сұраныстың артуы, экспорттық на­рықтардың ашылуы, сондай-ақ мемлекет тарапынан жеңіл­детілген автонесие мен лизингтік қаржыландыру бағдарламалары сеп болды. Бұл бағдарламалар автомобиль жасау секторының дамуына оң серпін берді. Егер 2017 жылы сатылған әрбір үшінші автомобиль отандық кәсіпорындарда шығарылған болса, 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша сатылған әрбір екінші автомобиль отандық өндіріске тиесілі.

Айта кетуіміз керек, биылғы форумға 20-дан астам елден 1000-ға жуық делегат келген. Атап айтқанда, жетекші отандық және шетелдік машина жасау кә­сіп­орындарының басшылары, ква­зимемлекеттік сектордың, даму институттарының, бизнес қа­уым­­дастықтар мен үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері алқа­лы жиында өз ойларын ортаға салды.

Форум алдында Инвес­ти­ция­лар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, жұрт­ты отандық автокөлікке отыр­­ғызу мақсатында елде автонесиелендіру бағдарламасы іске қосылғанын мәлімдеген болатын. Р.Скляр атап өткендей, бүгінгі таңда халыққа жалпы со­масы 61 миллиард теңгені құрай­тын несие берілді. Бюджеттен бөлінетін бүкіл қаражат еселеп қайтарылады. Жалпы, машина жасау саласын дамытуға 110 миллиард теңге бөлінгенін айта кеткеніміз жөн.

Министр Ж.Қасымбек кел­тір­ген деректерге сүйенсек, автомобиль құрау машина жасау салалары арасында ең үлкен өсім қарқынын көрсетсе, темір жол машинасын жасауда да биылғы жылдың 8 айында 1000-нан аса жүк вагоны өндіріліп, көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,2%-ке артқан. Сондай-ақ 2018 жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы техникасы секторының өндіріс көлемі 12 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,8%-ке ұлғайған. Өндіріс көлемдерінің өсуі «Агромашхолдинг» АҚ, «Комбайновый завод «Вектор» ЖШС, «Казахстанская агроинновационная корпорация» ЖШС-нда да байқалады.

Мемлекет машина жасау саласын қолдаудың бірқатар шараларын қабылдап келе жатыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасын өткізуде қосымша құн салығынан босату, биыл бюджеттен комбайндар мен тракторлардың жеңілдетілген лизингіне қаражат бөлу қолға алынған. Одан бөлек, министрлік келесі жылы қосымша 3 млрд теңге бөлуді пысықтауда.

Форум аясында аталған салада нәтижелі еңбек етіп, өз ісімен көп үлгі болып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Бас шаһардағы Ботаникалық бақта машина жасаушылардың аллеясы ашылды.

Қайнар көз: https://egemen.kz/article/174875-mashina-zhasaudynh-manhyzdy-maseleleri-talqylandy