Машина жасауды дамытудың кешенді жоспары 7 бағыт бойынша 80 іс – шараны қамтиды
2023 жылғы 24 тамызда “Қазақстан машина жасаушылар одағы” ЗТБ өңірлік өкілдерімен апта сайынғы отырыс өтті. Күн тәртібінде Машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын бекіту мәртебесі туралы мәселе талқыланды.
Отырыс барысында Қазақстан машина жасаушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов сөз сөйледі. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы одан әрі нығайту үшін Машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Онда өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету арқылы базалық жағдайларды жақсарту, кадрлық әлеуетті және ҒЗТКЖ дамыту, өнімді өткізуді ынталандыру арқылы отандық өнімді ілгерілету, техникалық реттеу жүйесін жетілдіру және т. б. негізгі міндеттер мұқият қамтылған.«Кешенді жоспарды іске асыру саланы ұзақмерзімді кезеңде дамытуға жол ашады. Осы құжатта 2028 жылға қарай мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу қарастырылған. Айталық, өнім өндіру көлемін 2,2 есеге, экспорттық тасымалды 2,9 есеге ұлғайту, еңбек өнімділігін 1,9 есеге арттыру және инвестиция мөлшерін 1,5 есеге көбейту міндеті тұр», деді Ерқанат Мақанов.