Машина жасаудың маңызды мәселелері талқыланды
Жуырда елордадағы ЭКСПО Конгресс-орталығында Қазақстан машина жасаушыларының VI форумы өтті. Форумды Қазақстан Республикасының Үкіметі және Бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ-тың қолдауымен Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан машина жасаушылар одағы ұйымдастырды.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта өткен басқосуда тек машина жасау саласының ғана өзекті мәселелері емес, барлық өңдеу өнеркәсібінің ірі жүйелі мәселелері талқыланды.
Шара басында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына арналған құттықтау сөзін оқып берді. Елбасының құттықтау сөзінде: «Машина жасау – экономиканың негізгі салаларының бірі. Мемлекет бұл бағыттың орнықты дамуы үшін барынша қолдау көрсетіп келеді. 2017 жылы машина жасау өнімінің көлемі 1 трлн теңгеге жуық болды. Биылғы форумның негізгі идеясы машина жасау саласындағы төртінші өнеркәсіптік революция, жаһандық технологиялық прогрестің қазіргі болмысына сәйкес келеді. Машина жасау ісі қарқынды дамып, жүргізушісі жоқ автокөліктер, роботтандырылған зауыттар және сутегі отынымен жүретін машиналар бүгінде озық елдер үшін үйреншікті құбылысқа айналды», делінген. Сондай-ақ Мемлекет басшысы аталған саланың сандық формат үдерісінен тыс қалмау керектігіне маңыз береді. «Машина жасау саласын дамытудың 2019-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары форумда талқыланатын маңызды тақырыптардың бірі болмақ. Жаһандық технологиялық үдерістерге сай өндірісте жаңғыртуды көздейтін аталған бағдарламалық құжат саланы дамытудың стратегиялық бағдарын айқындайды. Іс-шара аясында нәтижелі пікірталас болып, осы салада өзекті мәселелерге қатысты нақты ұсыныстар әзірленеді деп сенемін», деді Н.Назарбаев.
Алқалы жиынды Қазақстан машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев жүргізді. «Біздің машина жасау саласында атқаратын жұмыстар ауқымды деуге болады. Саланың өнімдері өз мемлекетімізге керекті құрал-жаб- дықтардың 25%-ін ғана қамтамасыз етеді, ал қалған 75-%-і импорттан келеді. Алдымызға қойып отырған мақсатымыз 2019-2030 жылдарға арналған машина жасау саласын дамыту жоспары, өзіміздің ішкі өндірісті бірнеше есе ұлғайту. Биыл министрлік мемлекеттік қолдаудың тиісті қосымша шараларын жасау үшін жекелеген кәсіпорындарға Индустрия 4.0 элементтерін енгізу жобасын іске асыруда. 7 модельді цифрлық фабрика, соның ішінде 3 машина жасау кәсіпорынымен жұмыс жасалды. Бұл «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Алматы желдеткіш зауыты» АҚ және «Карлскрона» ЖШС. Бұл кәсіпорындарға технологиялық аудит жүргізілді, оның нәтижесінде цифрландыру бойынша жол карталары бекітіліп, іске асыру жұмыстары басталды», деді ол.
Форумда сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәліметіне сүйенсек, елімізде 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жалпы құны 117,7 млрд теңге болатын 19 мыңнан аса автомобиль шығарылған. «Машина жасау саласы – индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының басым бағыты. 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша машина жасау өндірісінің көлемі 638,1 млрд теңгеден асып, өндірістің өсімі 13,8%-ті құрады. Автомобиль құрау машина жасау салалары арасында ең үлкен өсім қарқынын байқатты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге көп», деді министр.
Жиында ведомство басшысы атап өткендей, өндірістің қарқынды өсуіне нарықтағы сұраныстың артуы, экспорттық нарықтардың ашылуы, сондай-ақ мемлекет тарапынан жеңілдетілген автонесие мен лизингтік қаржыландыру бағдарламалары сеп болды. Бұл бағдарламалар автомобиль жасау секторының дамуына оң серпін берді. Егер 2017 жылы сатылған әрбір үшінші автомобиль отандық кәсіпорындарда шығарылған болса, 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша сатылған әрбір екінші автомобиль отандық өндіріске тиесілі.
Айта кетуіміз керек, биылғы форумға 20-дан астам елден 1000-ға жуық делегат келген. Атап айтқанда, жетекші отандық және шетелдік машина жасау кәсіпорындарының басшылары, квазимемлекеттік сектордың, даму институттарының, бизнес қауымдастықтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері алқалы жиында өз ойларын ортаға салды.
Форум алдында Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, жұртты отандық автокөлікке отырғызу мақсатында елде автонесиелендіру бағдарламасы іске қосылғанын мәлімдеген болатын. Р.Скляр атап өткендей, бүгінгі таңда халыққа жалпы сомасы 61 миллиард теңгені құрайтын несие берілді. Бюджеттен бөлінетін бүкіл қаражат еселеп қайтарылады. Жалпы, машина жасау саласын дамытуға 110 миллиард теңге бөлінгенін айта кеткеніміз жөн.
Министр Ж.Қасымбек келтірген деректерге сүйенсек, автомобиль құрау машина жасау салалары арасында ең үлкен өсім қарқынын көрсетсе, темір жол машинасын жасауда да биылғы жылдың 8 айында 1000-нан аса жүк вагоны өндіріліп, көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,2%-ке артқан. Сондай-ақ 2018 жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы техникасы секторының өндіріс көлемі 12 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,8%-ке ұлғайған. Өндіріс көлемдерінің өсуі «Агромашхолдинг» АҚ, «Комбайновый завод «Вектор» ЖШС, «Казахстанская агроинновационная корпорация» ЖШС-нда да байқалады.
Мемлекет машина жасау саласын қолдаудың бірқатар шараларын қабылдап келе жатыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасын өткізуде қосымша құн салығынан босату, биыл бюджеттен комбайндар мен тракторлардың жеңілдетілген лизингіне қаражат бөлу қолға алынған. Одан бөлек, министрлік келесі жылы қосымша 3 млрд теңге бөлуді пысықтауда.
Форум аясында аталған салада нәтижелі еңбек етіп, өз ісімен көп үлгі болып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Бас шаһардағы Ботаникалық бақта машина жасаушылардың аллеясы ашылды.
Қайнар көз: https://egemen.kz/article/174875-mashina-zhasaudynh-manhyzdy-maseleleri-talqylandy