Кешенді жоспардың орындалу барысы Машина жасаушылар одағының үйлестіру кеңесінде талқыланды

2023 жылғы 12 желтоқсанда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Қазақстан машина жасаушылар одағының Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының міндеттері айқындалып, отандық машина жасауды жетілдіру перспективалары мен саланың бірқатар жүйелі мәселелері талқыланды.

Отырысқа Үйлестіру кеңесінің мүшелері: ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, ұлттық компаниялардың және жетекші отандық кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Отырысты бастау кезінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Үйлестіру кеңесінің төрағасы Роман Скляр ағымдағы жыл машина жасау саласы үшін өте жемісті болғанын атап өтті. Президенттің тапсырмасымен Үкімет алдағы 5 жылда машина жасау саласын жаңғыртуға бағытталған Кешенді жоспар әзірлеп, бекітті. Кешенді жоспардың негізгі іс-шараларының қатарында: шикізатпен қамтамасыз етуге басымдық беру, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, салық заңнамасын жетілдіру, машина жасау өнімдерін өткізуді ынталандыру.

Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев Үйлестіру кеңесінің соңғы отырысында берілген хаттамалық тапсырмаларды орындау бойынша жұмыс қорытындылары туралы баяндады, Одақтың ағымдағы қызметі, Кешенді жоспарды әзірлеу және бекіту шаралары, сонымен қатар алдағы жұмыс жоспарлары туралы хабардар етті.

«Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2019 жылғы алғашқы Жолдауында отандық өңдеуші өнеркәсіпті қолдау бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Машина жасау саласының мәселелерін жеке бақылауға алды. 2022 жылдың 29 желтоқсанында Мемлекет басшысы Үкіметке машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Жоспар қазақстандық тауар өндірушілерді нақты қолдауды және бүкіл саланың бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттыруды көздейді. Мұндай стратегиялық құжат елімізде алғаш рет қабылданып отыр», – деді М.Пішембаев.

Кешенді жоспар 7 бағыт бойынша 79 іс-шарадан тұрады. Жоспардың орындалуы 2028 жылға қарай өндірістің 4,5 есе, ақшалай түрде 11-12 трлн теңгеге, 2028 жылға қарай жалпы қосылған құн 1,3-тен 5,9 трлн теңгеге дейін, НКИ-дің (нақты көлем индексі) жылына кемінде 10%-ға, экспорт көлемін 3 есеге, еңбек өнімділігінің 1,9 есе, инвестицияның 1,5 есеге өсімін қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде Үйлестіру кеңесінің мүшесі, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қабылданған Кешенді жоспардың маңыздылығын атап өтіп, оны жүзеге асыру еліміздің бүкіл өңдеуші өнеркәсібін дамытуға септігін тигізетінін баса айтты. Оның айтуынша, 2023 жылы салада Үкіметпен бірлесе отырып, отандық кәсіпорындарды қолдау және ішкі құнды арттыру бағытында біршама жұмыстар атқарылған.

«Кешенді жоспарды жүзеге асыру – еліміздің машина жасау саласы үшін жаңа кезең. Бүгінде біз өндірістің қарқынды өсуін көріп отырмыз. Үкімет үлкен қолдау көрсетуде. Сондай-ақ заңнамалық деңгейде барлық мүмкін көмек көрсетілетін болады. Қабылданған шаралар мен бірлескен жұмыстар Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді М.Әшімбаев.

Машина жасау кәсіпорындарының басшылары Мақсат Қанатбаев пен Еркебұлан Ілиясов елдегі бизнес жағдайын одан әрі жақсартуға бағытталған бастамаларды көтерді.

Талқылау барысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов пен Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Ерлан Сейітов салықтық жеңілдіктерге және ұлттық режимнен босату тетігін жетілдіруге қатысты мәселелерге түсініктеме берді.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бүгінде машина жасау саласы еліміздің өңдеуші секторын жаңғыртудың драйвері ғана емес, инвестициялық тартымдылығы бойынша үздік үштіктің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде саланың дамуына кедергі келтіретін мәселелер жүйелі түрде шешілуде.

Кездесуді қорытындылай келе, Роман Скляр 2023 жылы машина жасау саласының сенімді өсу динамикасын атап өтті. Осылайша, 10 айда өндіріс көлемі 3,3 трлн теңгені құрады. НКИ-дің (нақты көлем индексі)  өсімі – 27%. Инвестиция көлемі 155 млрд теңгені құрайды. Биылғы жылдың 9 айында экспорт көлемі 2,8 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 43%-ды құрады.

Үйлестіру кеңесінің төрағасы сондай-ақ Кешенді жоспарды жүзеге асыру бойынша алдағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, барлық мүдделі мемлекеттік органдарды жүктелген міндеттерді орындауға жауапкершілікпен қарауға шақырды. «Кешенді жоспар бекітілді, оны жүзеге асыру үшін әлі талай бірлескен жұмыстарды атқару керек. Біз Мемлекет басшысының үмітін ақтап, орындалған міндеттердің нақты нәтижесін көрсетуіміз керек. Бұл стратегиялық маңызды құжатты жүзеге асыру машина жасау саласын ғана емес, сонымен қатар еліміздің өңдеуші өнеркәсібін де дамудың жаңа деңгейіне шығаруы тиіс. Үкімет бұған қол жеткізу үшін бар күш-жігерін салады», – деп түйіндеді Роман Скляр.

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.