Көлік өндірісінің көлемі 1 трлн теңгеден асады – М.Пішембаев
Биыл елімізде автомобиль өндірісі былтырмен салыстырғанда 17,2%-ға артты.
Бұл туралы бүгін Үкіметте Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев хабарлады. Оның айтуынша, жақында көлік өндірісі көлемі 1 триллион теңгеден асады. Ал жалпы өндеу өнеркәсібіндегі бұл сектордың үлесі 14,5%ға жетіп отыр. Инвестициялар және даму министрлігі саланы дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын құрып, Қазақстан халқын отандық көлікпен қамтамасыз етудің жолдарын қарастырып жатыр. Ол үшін елде металл мен құрал-жабдық өндірісін жолға қою қажеттілігі бар.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы:
– Біздің машина жасау саласында жасайтын жұмыс жеткілікті. саланың өнімдері өз мемлекетімізге керекті құрал-жабдықтардың 25%-ын ғана қамтамасыз етеді. 75%-ы импорттан келеді. Ресей, Қытай, ар жақта жатқан мемлекеттер бар. Алдымызға қойып отырған мақсатымыз – 2019- 2030 жылдарға арналған машина жасау саласын дамыту жоспары, осының бағыты өзіміздің ішкі өндірісті бірнеше рет көтеріп, ұлғайту.
Жұртты отандық автокөлікке отырғызу мақсатында елде автонесиелендіру бағдарламасы іске қосылғаны мәлім. Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда халыққа сомасы 61 миллиард теңгені құрайтын несие берілді. Бюджеттен бөлінетін бүкіл қаража еселеп қайтарылады.
Айта кеткен жөн, бұл саланы дамытуға 110 миллиард теңге құйылды.
Источник: Khabar 24