Қазақстанда жыл басынан бері 18 мыңға жуық авто шығарылған

Соңғы жылдары елімізде сатылған әр екінші көлік – отандық техника.

Осылайша, жыл басынан 18 мыңға жуық темір тұлпар шығарылған. Оның жалпы құны 103 млрд 800 млн теңгеге тең. «Жергілікті және шетелдік тұтынушылардың отандық өнімге сұранысын одан әрі арттыру үшін зауыттардағы техникалық мамандықтарға жастарды тарту керек», – дейді сала мамандары. Аталған өнеркәсіп тамырына қан жүгірту туралы бүгін Қазақстан машина жасаушыларының VI форумында талқыға түседі.

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері». Отандық машина жасаушылардың VI форумының ресми тақырыбы осындай. Сала еліміздің индустриалды дамуының қозғаушы күшіне айналуы керектігі талай мәрте айтылып келді, келеді де. Осы жолғы форум жергілікті өндіріске қандай серпін бермек?

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы:

– Біздің кәсіпкерлермен дамыған мемлекеттер біздің форумға бүгін АҚШ бизнес өкілдері, Еуропадан, Германия, Франция, Италия, Қытай Халық Республикасы, Жапония сияқты машина жасау саласы дамыған мемлекеттердің кәсіпкерлері келіп жатыр. Біздің кәсіпкерлерге ол бір жақсы мүмкіншілік, өздерінің былай айтқанда, құзыреттілігін көтеруге, жаңа технологиялар игеруге бұл форум жақсы мүмкіндік береді.

Мейрам Пішембаевтың айтуынша, мектеп оқушылары арасында машина құрастыру саласына деген қызығушылық артып келеді. «Мәселен форумға қатысушы мың делегаттың жартысынан астамы жастар», – дейді депутат.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушыларының одағының басқарма төрағасы:

– Біздің еліміздің техникалық университеттер, институттарына көптеген жастар оқуға өз ынталарын білдіріп, конструктор, инженер, технолог деген мамандарға көп оқуға түсіп жатыр. Сондай-ақ сіздер білесіздер, Президенттің жолдауымен осы техникалық мамандықтарға 20 мыңнан астам грант бөлініп жатыр. Айта кеткен жөн, біздің офиске жас балалар, мектеп оқушылары звондап, кеңес сұрайды: «қай институтқа барсақ, инженер болғымыз келеді» деп.

Қазақстан электромобиль өндірісін де назардан тыс қалдырмайды. Бүгінде 12-ден астам көлік тестілеу сынағынан өтіп, оларға техникалық регламентке сай сертификация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал форумда бірқатар еуропалық автоөндірушілермен өзара серіктестік жөнінде 4 меморандумға қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Аят Дүйсембаев

Источник: Khabar 24