Қазақстанның заманауи броньды машиналарына шетелден сұраныс түсіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 20-21 қыркүйекте Астанадағы EXPO-қалашығы аумағында дәстүрлі Қазақстан машина жасаушыларының VI Форумы өтеді. Бұл ауқымды форумды ҚР Үкіметі және бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, сондай-ақ Қазақстан машина жасаушылар Одағы ұйымдастыруда.
Белгілі болғандай, форум қорытындысы бойынша 2019-2030 жылдарға арналған Қазақстан машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарының жобасы ұсынылады. Жалпы, бұл құжат орта мерзімді кезеңде саланы дамытудың стратегиялық көрінісіне айналады деп күтілуде. Атап айтқанда, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта өтетін форум саладағы ауқымды мақсат-міндеттерді талқылауды жоспарлап отыр.
Естеріңізде болса, 2017 жылы Қазақстан машина жасаушыларының V форумында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Қазақстан ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақтың, одан кейін Қытайдың, ЕАЭО-ға кірмейтін көрші елдердің нарықтарын игеруге ниетті екенін атап өткен еді. Бұл бағытта Қазақстан 2020 жылға дейін 17 елге, оның ішінде Еуропалық одақтың нарығына машина жасау саласының өнімдерін шығара бастамақ. Осыретте А. Мамин Еуропалық одақ нарығына кіру үшін көп жұмыс атқару керектігін айтып отыр. Дегенмен, қазірдің өзінде жекелеген өнімдерге Еуропалық одақ органдарынан рұқсат қағазын алып үлгерген.
Негізінен, көбісі еліміздегі машина жасау саласы туралы әңгіме бола қалса, бірден автокөліктер өндірісі, ауыл шаруашылығы техникасы туралы айта бастайды. Әрине, бұл салаларда Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан тиісті жетістіктерге қол жеткізіп те үлгерді. Бірақ та бүгінде Қазақстанда қорғаныс саласының да техникалары қарқынды түрде өндіріліп жатқанын көбі біле бермейді. Осы орайда «ҚазАқпарат агенттігі бүгінде қорғаныс саласын әскери техникамен және құралдармен қамтамасыз етіп отырған Астанадағы үш кәсіпорынның жұмысы жайында мәліметтерді назарға ұсынуды жөн көрді.
Қазақстанның броньды техникасы сынақтан өтті
«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС – Орталық Азиядағы заманауи броньды дөңгелекті машина шығаратын ең ірі кәсіпорын. Кәсіпорын броньды техниканың төмендегі түрлерін шығарады:
– 4х4 дөңгелекті формуласындағы «Арлан» БДМ;
– 4х4 дөңгелекті формуласындағы «Алан» БДМ;
– 6х6, сондай-ақ 8х8 дөңгелекті формуласындағы «Барыс» БТР-лер.
Кәсіпорын күшейтілген минаға қарсы MRAP үлгісіндегі броньды машиналар шығаруға мүмкіндік беретін инновациялық технологияға ие. Зауыт аумағы 13 500 шаршы метрді құрайды. Кәсіпорынның жоғары технологиялы қондырғылары жұмыстың толық циклін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Зауыттың өндіру күші – жылына 120 машина. Бүгінде кәсіпорында жұмыс істейтін 160 адамның тек үшеуі ғана шетелдіктер.
«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» басшысы Ербол Сәлімовтың сөзіне қарағанда, бүгінде зауытта өндірілген техниканы Қазақстан армиясы, күш құрылымдар алып жатыр.
«Қазіргі кезде шетелдік әскерилер де біздің өнімдерге қызығушылық танытып жатыр. Әсіресе, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен сұраныстар болып жатыр. Алайда біздің зауыттың іске қосылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Ал әлемдегі ірі өндірістердің 80-100 жылдық тарихы бар. Біздегі секілді техниканы өндіретін шамамен 5-6 ел ғана бар. Машиналарымызды алуға ниетті шетелдіктер бірінші кезекте: «Өздеріңнің армияларыңа қанша машина жасадыңыздар?» деп сұрайды. Бұл ретте еліміздің Қорғаныс министрлігінің де қолдауы керек, себебі біздің техниканы жарнамалауға көмек жасаса деген өтініш бар. Біздің зауыттың іске қосылғанына небәрі 2,5 жыл ғана өткенін айтқанымызда, осы сапалы техниканы Қазақстанда өндіріп жатқанымызға ешкім сенбейді. Сондықтан соңғы жылдары біз қоғамға бұл техниканы өзіміз шығарып жатқанымызды дәлелдеумен келеміз. Зауытта әрбір жабдықты өзіміз жасаймыз және осыны өте маңызды деп санаймын», – деді Ербол Сәлімов.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қорғаныс министрлігі өндіріліп жатқан машиналарға көңілі толып отыр. 7 мамырдағы парад кезінде зауыттың барша техникасының мүмкіндіктері көпшілік назарына ұсынылды.
«Алдағы 2 жылда ауқымды экспортқа шығуды жоспарлаудамыз. Бүгінде бірқатар Таяу Шығыс елдерімен уағдаластықтар бар. Экспортқа бағытталатын негізгі машина – «Барыс» 6х6. Бұл техника аталған өңірде сұранысқа ие», – деді өндіріс басшысы.
Айта кетейік, 8х8 дөңгелекті формуласындағы «Барыс» БТР-лері 2016 жылғы KADEX-тен кейін ауқымды сынақпен қамтылды. Қорғаныс министрлігінің ескертпелерінен кейін машина жетілдіріліп, биыл әскери техника қыс мезгіліндегі экстремалды табиғи-климаттық сынақтардан сәтті өтті.
«Алдағы жылы 8х8 дөңгелекті формуласындағы машиналардың бірінші партиясын Қорғаныс министрлігіне жауынгерлік сынықтар үшін тапсыруды жоспарға енгіздік», – деп нақтылады Ербол Сәлімов.
Зауыттың алдағы мақсаты конструкторлық бюроны дамытуға арналып отыр. Бастапқыда технология оңтүстікафрикалық «Paramount Group» компаниясынан алынды. Ендігі кезекте кәсіпорын басшылығы жеке конструкторлық мектебін дамытпақ.
«Қазіргі кезде құрылған бюрода «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған жас мамандар қызмет етуде. Осы конструторлық бюроны жетілдіру арқылы бізде жаңа машиналар мен технологиялар болады деп айта аламыз», – деді ол.
Отандық оптикалық құрылғылар тиімдіоігін дәлелдеді
2013 жылы Астанада ТМД аумағында теңдесi жоқ «Қазақстан АСЕЛСАН инжиниринг» қазақ-түрiк бiрлескен зауыты ашылды. Электронды-оптикалық құрылғылар шығаратын бұл өндірістің өнімдері бүгінде жоғары сұранысқа ие. Онда қазіргі кезде көздеуіштер, монокулярлар, түнде көру бинокулярлары; жылубейне көздеуіштері; барлау және радиобайланыс құралдары; жер бетіндегі нысаналарға жарық түсіруге арналған ықшам лазерлі кешендері; қашықтықтан басқарылатын әскери модульдері; инфрақызыл линзалар және электронды платалар өндіріледі.
Белгілі болғандай, бұл құрылғыларды бүгінде Қазақстан әскерилері пайдаланып жүр. Түнде көру құралдары сарбаздар үшін өте қажет. Қазіргі кезде зауыттағы жүйелік өнімдер жауынгерлік парад аясындағы көрмеге жіберілген. Бес жылдың ішінде өндіріс өнімдерінің сапалық қасиеттерін жоғары деңгейде дәлелдей алды. Мәселен, 2017 жылы Түркияға жылубейнелік дүрбілер экспортталған, сонымен қатар Өзбекстанға түнде көру құрылғылары сатылды.
«Бізде қызмет етіп жүрген мамандардың көбісі «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған білікті мамандар. Өзім осы зауыт жұмысына қажетті мамандық бойынша Ұлыбританиядан оқып келдім. Жалпы, осында 100-ге жуық маман қызмет етуде. Дегенмен біздегі процестердің көбісі автоматтандырылған. Бұл құрылғыларды шетелден сатып алу қымбатқа түсетіні белгілі. Ал біздің зауытта өндірілген құрылғыларды біздің әскерилер үшін өзіміз жөндеп береміз. Сәйкесінше, бұл қызметтеріміз Қазақстанның қорғаныс саласына тиімді»,- деді зауыттағы өндіріс инженері Әйгерім Сәрсембаева.
Зауытта өндірілген құрылғылар күнделікті тестілеуден өткізіледі. Осы орайда оларды тербеліске, ыстық пен суыққа төзімділігі, су астында ылғал өткізбеу қасиеттеріне егжей-тегжейлі тексеріледі. Ыстыққа төзімділік сынағы кезінде құрылғы 9 сағат бойы тестілеумен қамтылады.
Зауыттағы оптика бөлімінің аға инженері Осман Атабекұлы өндірілетін бірегей құрылғыларды таныстырды. «Бұл оптиканың шикізатын сатып алып, өзіміз линза өндіріп, оны екі жағынан қаптаймыз. Мәселен, бір линзаның бағасы шамамен 250 АҚШ доллар сомасында болса, кейіннен оны толықтай өңдеп шығарғаннан соң, оның бағасы 1300 долларға дейін жетеді. Ең маңыздысы, бүгінде толықтай өңдеуден өткен дайын өнімді емін-керкін сатып алу мүмкіндігі жоқ. Бұл өте құпия ақпарат. Бір линзаны жасауға шамамен 12-13 сағат уақыт керек. Қазіргі кезде біздегі дайын өнімдерге Ресейден, Қытайдан және Түркиядан сұраныс бар», – деді О. Атабекұлы.
«Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» зауытын «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Еурокоптер» француз кәсіпорны бірлесіп құрған. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен 2010 жылдың 27 қазанында Францияда бірлескен компания құру туралы екіжақты келісімге қол қойылды.
«4 жылда біз 26 тікұшақты (ЕС145) құрастырып шығардық. Соның ішінде 18-і төтенше жағдайлар ведомствосына, ал 8-і Қорғаныс министрлігіне пайдалануға берілді. Негізі, біздің зауыт үш модельге арналған, яғни ЕС145, ЕС130, AS 350 тікұшақтары бар. Болашақта қару-жарақпен жарақталатын (Н 145M) тікұшақтарға тапсырыс болады деген ойдамыз», – деді зауыттың техникалық бөлімінің жетекшісі Русланбек Исетов.
Атап айтқанда, осы зауыттан шыққан тікұшақтар қорғаныс саласында әскерилерді тасымалдау жұмыстарына жұмылдырылады. Ал төтенше жағдайлар саласындағы тікұшақтар медицина, апаттық-құтқару, өрт сөндіру шараларына арналған.
«Қазіргі кезде осы ангарда тікұшақтарды құрастыру мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде 2011-2014 жылдар аралығында жинақталған техникалардың барлығын күрделі жөндеумен қамтудамыз. Штаттағы 40-жуық адам болса, оның ішінде 10 маман осы өндірістік бөлімде», – деді Р. Исетов.
Төтенше жағдайлар мен қорғаныс салаларында кеңінен пайдаланылып жүрген EC145 тікұшағының техникалық сипаттамасы:
Жолаушылар саны – 1+9;
Тікұшақ көтеретін жоғары масса – 3 585 келі;
Сыртқы ілмеке тағылатын жүк салмағы – 1 500 келі;
Отын багының сыйымдылығы – 694 келі;
Қозғалтқышы – 2 турбовалды Turbomeca Arreil 1E2;
Жылдамдығы – 278 км/сағ;
Стандартты отын багымен ұшу қашықтығы – 651 шақырым;
Бағындыра алатын ең жоғары биіктігі – 5 485 метр.