Қазақстанда көлік өндірісін 1 трлн теңгеден асыру жоспарланып отыр

Астанада Машина жасаушылар форумы бүгін де жалғасты.

Сала мамандары көлікті құрастыру мен оны әрі қарай жетілдіру мәселелерін талқылау үстінде.

Дариға Ташенова, Twitter @Dariga24kz:

– Машина жасаушылар форумы бірер минут бұрын басталып кетті. Бүгін жиналғандар 2019-2030 жылдарға арналған Қазақстанның машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарының жобасын талқылайды. Айта кеткен жөн, бұл құжат машина жасау секторын одан әрі дамытып, ел халқын толықтай отандық көлікпен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұған дейінгі нәтижелер де жаман емес. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасында басымдық берілген салада жетістіктер мол. Қазақстандағы машина жасау өнеркәсібі соңғы 5 жылда кең өріс алды. Мәселен, автомобиль өндірісі былтырмен салыстырғанда 17,2%ға артып, 870 миллиард теңгені құрады. Болашақта көлік өндірісі көлемі 1 триллион теңгеден асады деген жоспар бар. Жалпы өндеу өнеркәсібіндегі бұл сектордың үлесі шамамен 15%-ға жуықтап қалды.

Айнұр Омарова, Машина жасау басқармасының бас сарапшысы:

– Қазір елімізде металл мен құрал-жабдық өндірісін жолға қою қажеттілігі бар. Жоба әзірлеушілері өз алдына осындай мақсат қойып отыр. Яғни болашақта отандық көлік өзімізде шығарылған материалдардан құрастырылатын болады. Айта кеткен жөн, қазір бұл көрсеткіш 25-ақ пайызды құрап отыр. Яғни барлық қажетті құрал жабдықтар мен металдың 75%-ын біз шетелден тасып отырмыз. Импорт негізінен Қытай мен Ресей елдерінен әкелініп жатыр. Сондай-ақ бизнес қауымдастығымен бірлескен жобаларды айқындауды көзделуде. Ең алдымен жиналған мамандар ішкі нарықты қамту үшін қандай тауар түрлерін шығару керектігін анықтап алу қажет, ал кейін экспортқа да бет бұру жоспарда бар.

Қайнар көз: 24.kz