Машина жасау саласының шеберлері BIEMH 2018 көрмесінде кездесті

28-29 мамыр аралығында  Қазақстан машина жасаушылар одағының делегациясы және Басқарма Төрағасы М.Пшембаев бастаған бір топ отандық машина жасау кәсіпорындарының өкілдері  Испанияның Бильбао қаласындағы BIEMH 2018 машина құрастыру көрмесіне қатысты. Іс-сапар барысында шетелдік әріптестермен өзара ынтымақтастық туралы бірнеше меморандум қабылданды.

BIEMH 2018 көрмесіне АҚШ, Аргентина, Бразилия, Қазақстан, Қытай, Ресей және т.б. елдерден келген 25 делегация қатысты. Көрме станоктар мен металл жабдықтары саласындағы маңызды кездесу болып табылады. Аталмыш көрмеде Қазақстан машина жасаушылар Одағы делегациясы көрме орталығының павильондарын аралап, ондағы машина жасау саласының жаңа технологиялары мен шешімдерімен танысты. Сапар барысында машина жасаушылар Одағы  өнеркәсіптік жабдықтарды өндірушілердің ұлттық қауымдастығы SERCOBE және Испания машина жасау өндірушілері қауымдастығымен (AFM) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып,  алдағы жобалар жайлы талқылады. Сондай-ақ, Одақ делегациясы DANOBAT зауытында болды. Өндірістегі кездесуде  4.0 индустрияны енгізу саласындағы компанияның жетістіктерімен таныстырды.

Содан кейін, Одақ делегациясы IMH машина құрастыру институтына ат басын бұрды.  IMH компаниясы –  алдыңғы қатарлы өндіріс пен инновациялық қызметтерге арналған мамандандырылған оқыту орталығы. Бұл кездесу барысында қазақстандық студенттерді орталықта оқытуға тарту механизмі талқыланды.

Көрменің соңғы күні IDOM компаниясының штаб-пәтеріндегі жұмыс кездесуімен аяқталды. Кездесуде IDOM компаниясы автомобиль өнеркәсібі үшін  инжинирингтік қызметтер саласындағы өзінің тәжірибесімен бөлісті.

Отандық автоөндірушілердің өндірістік желілерін жаңғырту мақсатымен екі жақ өзара ынтымақтастыққа қол қойды.

Міне, Төртінші өнеркәсіптік революция шеңберінде машина жасаушылар Одағы осындай жұмыстар атқаруда.

Анықтама үшін:

BIEMH – қазіргі уақытта Еуропаның машина жасау секторындағы үшінші маңызды көрмесі болып саналады.

AFM ассоциациясы, Advanced Manufacturing Technologies – станок, қосалқы жабдықтар мен құралдарды өндірушілердің испан бірлестігі. Өндірістегі барлық өнімнің 95% өндіріп, осы саланың  экспортын 98%  қамтамасыз етеді. Станок жасау  компанияларының 86% -ын біріктіреді және экспорттаушылардың 87% -ын құрайды. AFM жаңа технологияларды зерттеу мен дамытуда өз үлесін қосып, ұлттық, аймақтық және еуропалық деңгейлердегі өндірістік жобаларға қатысушы компаниялардың қатысуын үйлестіреді және қолдайды.

SERCOBE құрамына 180-ден астам өнеркәсіптік топтар мен 14 шағын өнеркәсіптік бірлестіктер кіреді. Ассоциация мүшелерінің жыл сайынғы өндірісі 37 миллиард еуро, экспорт көлемі 24 миллиард еуроны құрайды. SERCOBE шетелдік өндірушілердің мүддесі үшін лоббист ретінде әрекет етіп, перспективалық жобалар мен қаржыландыруды іздейді.

DANOBAT –   бұрғылау, кесу, штамптау, және автоматтандырылған өндіріс жүйелерінде жоғары сапалы әзірлемелерді ұсынатын тәжірибелі өндіруші компаниясы. DANOBAT аэроғарыштық, теміржол, автомобиль, энергетика, мұнай-газ және металл өңдеу салаларында дайын шешімдер ұсынады.