Машина жасау қарқынды дамып келе жатқан салалардың біріне айналды
Салалық кәсіпорындардың әртүрлі ерекшеліктері бар – автоөнеркәсіптен теміржолға дейін. Бұл ретте шығарылатын өнім Қазақстанда да, шетелде де сұранысқа ие. «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев «Казахстанская Правда» газетіне берген сұхбатында машина жасаудың келешегі мен стратегиялық рөлі туралы айтып берді.
— Мейрам Құдайбергенұлы, Қазақстанның машина жасау саласының қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз және соңғы жылдары қандай негізгі жетістіктерді атап өтуге болады?
— Мемлекеттік саясаттың жүйелі жүргізілуі мен Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жеке қолдауының арқасында машина жасау еліміздің индустриялық дамуының негізгі салаларының бірі болып қала береді. Бүгінде ол өңдеу өнеркәсібі көлемінің шамамен 20%-ын құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Машина жасау саласын дамыту жөніндегі 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітіп, іске асыруда. Оның негізгі нысаналы көрсеткіштері – өнімнің нақты көлем индексін 2,2 есеге және жалпы қосылған құнды 4,5 есеге арттыру.
2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша сала 11,1% өсімді көрсетті. Негізгі драйверлер – электротехникалық (+21,5%), теміржол (+7,1%), ауыл шаруашылығы (+1,3%) машина жасау және автомобиль жасау (+12,1%).
Өсу көрсеткіштерімен қатар, сала бірқатар сын-қатерлерге де тап болуда. Кәсіпорындардың басым бөлігі импорттық тораптар мен бөлшектермен жұмыс істейді, ал кейбір сегменттердегі жергіліктендіру деңгейі 20–30%-дан аспайды. Кадрлық қамтамасыз ету мәселесі өткір күйінде қалып отыр: токарьлар, фрезершілер, сандық бағдарламамен басқарылатын станок операторлары, инженерлік-техникалық мамандар жетіспейді. Бірқатар зауыттардағы жабдықтар жаңғыртуды қажет етеді, ал роботтандыру мен автоматтандыру үдерістері жекелеген бағыттарда ғана енгізілуде.
Мұнай-газ, тау-кен металлургия және энергетикалық машина жасауды дамытуға ерекше назар аудару қажет.
Қазақстан бай шикізат базасына ие болғанымен, машина жасау өнімдерінің басым бөлігі әлі күнге дейін импортталуда.
Машина жасаудың осы секторларын тиісті мемлекеттік ынталандыру жаңа өндірістердің өсуіне, дамуына және сапалы басқа деңгейге шығуға мүмкіндік береді.
— Бүгінгі таңда сала кәсіпорындары үшін мемлекетті қолдаудың қандай шаралары барынша сұранысқа ие?
— Қазіргі таңда кәсіпорындар үшін ең қажетті қолдау шараларының қатарында оффтейк-келісімшарттар бар, олар өнімнің өткізілуін қамтамасыз етіп, кәсіпорындарға өндірісті жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ел ішіндегі қосылған құнды дамыту бағдарламалары, отандық шикізат пен материалдарға қол жеткізу маңызды, бұл импортқа тәуелділікті азайтып, өнімді бәсекеге қабілетті етеді. Бұдан бөлек, өндірісті жаңғыртуға арналған қаржыландыру және инженерлік кадрларды даярлау бойынша жүйелі жұмыс қажет.
Осы мәселелердің барлығы бойынша Мемлекет басшысы тапсырмалар берді, олар Қазақстан халқына Жолдауларында көрініс тауып, бүгінде Үкімет тарапынан кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
— Машина жасаушылар заманауи технологияларды қаншалықты белсенді енгізуде?
— Ірі кәсіпорындар автоматтандырылған желілер мен робототехникалық кешендерді енгізіп келеді, ал орта бизнес бұл бағытта баяу қозғалуда.
Сәтті мысалдардың қатарында – Петропавлдағы «ЗИКСТО» зауыты, мұнда IGM роботтарының көмегімен жылына 3 мыңға дейін вагон шығарылады. «Проммашкомплект» зауытында теміржол дөңгелектерін өндіру цикліне онлайн-мониторинг енгізілген. Алматы желдеткіш зауытында роботтандыру еңбек өнімділігін 60%-ға арттырды. «КЕЛЕТ» АҚ-да дәнекерлеудің роботтандырылған кешені және бояу желісі іске қосылды. Astana Motors және KIA автозауыттарында роботтар дәнекерлеу, сырлау және шанақ жинау жұмыстарын атқарады.
Алайда Қазақстандағы роботтандырудың тығыздығы төмен – әр 10 мың жұмысшыға 9 робот қана келеді, ал әлемдік орташа көрсеткіш – 162 робот. Өнімділікті арттыру үшін өнеркәсіптік робототехникалық кешендерді енгізуді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қажет. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, кадр тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді.
— Сіздің ойыңызша, еліміздегі ірі инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды жүзеге асыруда отандық машина жасаудың рөлі қандай болмақ?
— Президент Жолдауында айтылған тапсырмалар машина жасаушылар өнімдеріне ұзақ мерзімді сұраныс қалыптастырады: коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жол салу, АӨК-ті және «ақылды қалаларды» дамыту.
Еліміздегі инфрақұрылымның тозуы сындарлы деңгейге жетті және ауқымды жаңғыртуды талап етеді, ал бұл бағытта басты серіктес отандық машина жасау болуы тиіс.
Қазақстандық кәсіпорындар қазірдің өзінде трансформаторлар, сорғылар, жапқыш арматура, кабель-өткізгіш өнімдері, локомотивтер, вагондар, ауыл шаруашылығы техникасын шығарып отыр және энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына арналған өнімдер номенклатурасын кеңейтуге дайын.
Біз ұзақ мерзімді жоспарлауды, өндірушілерді қажеттіліктер туралы алдын ала хабардар етуді, сондай-ақ жобаларға қатысатын шетелдік компаниялар үшін міндетті жергіліктендіруді қамтамасыз етуді ұсынамыз.
— Қазақстан машина жасаушылары күні қарсаңында әріптестеріңізге және сала қызметкерлеріне қандай тілек айтқыңыз келеді?
— Елдегі барлық машина жасаушыларға алғысымды білдіремін. Еңбектеріңіз – Қазақстанның индустриялық дамуының негізі. Әрқайсыңызға зор денсаулық, амандық және болашаққа сенімділік тілеймін. Кәсіпорындарыңыз өркендеп, жобаларыңыз табысты жүзеге ассын, ал әрбір жаңа өнім кәсіби шеберліктің және отандық машина жасауға деген мақтаныштың символына айналсын.