13.08.2025
Шикізатқа тәуелділіктен индустриялық серпіліске

Қазақстан Үкіметі экономиканың тұрақтылығы мен елдің технологиялық дамуының негізі ретінде өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Басым бағыттар ретінде машина жасау, фармацевтика, жеңіл және химия өнеркәсібі айқындалған. Негізгі міндеттер қатарында өндірісті жергіліктендіруді кеңейту, импортқа тәуелділікті төмендету және отандық өнімді сыртқы нарықтарға шығару бар. Осы орайда аталған салалар кәсіпорындарына ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылады.

2025 жылдың бірінші тоқсанында өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 13,9%-ға жетіп, жақында ғана тау-кен өндіру өнеркәсібінен асып түсті. Осыдан тура он жыл бұрын бұл сектордың экономикаға қосқан үлесі көп жылдардағы ең төменгі деңгейге түсіп, небәрі 10,1% болған еді. Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі орта есеппен 13,3% деңгейінде сақталуда. Сонымен қатар сауда саласының үлесі де 2015 жылдан бері 2,2 пайыздық тармаққа өсіп, 19,2%-ға жетті.

– Дәл осы екі сектор соңғы тоғыз жылда ең жоғары өсімді көрсетті, бұл қолданылып жатқан шаралардың тиімділігін дәлелдейді. Дегенмен, бұл нәтижелерге жету үшін қанша бюджет қаражаты жұмсалғаны және мұнайға қатысы жоқ секторлардың табыстылығы қандай екені – нақты бағалау қиын мәселе, – дейді Freedom Finance Global сарапшысы Данияр Оразбаев.


Машина жасау: өсім нүктелері және мемлекеттік қолдау

Машина жасау Қазақстанның индустриялық дамуы үшін негізгі салалардың бірі болып қала береді. Елде ұлттық кәсіпорындар базасында локомотивтер, жолаушылар вагондары, ауыл шаруашылығы техникасы және жүк көліктерін шығару бойынша ірі жобалар жүзеге асырылды. Олардың қатарында Астанадағы «Тұлпар-Тальго» зауыты, Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром», сондай-ақ Қарағандыдағы «КАМАЗ-Инжиниринг» сияқты флагман кәсіпорындар бар.

Машина жасауды қолдау мақсатында Қазақстан Үкіметі жеңілдетілген несиелеу, лизингтік бағдарламалар, субсидиялар және экспорттық гранттарды қамтитын кешенді құралдарды пайдаланады. Тиімді тетіктердің бірі – даму институттары, соның ішінде «БРК-Лизинг» арқылы жүзеге асырылатын өнеркәсіптік лизинг. Бұл кәсіпорындарға айналым капиталына айтарлықтай салмақ түсірмей өндірістік жабдықтарды жаңартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірілген өнімнің өткізілуіне кепілдік беретін ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар тетігі де маңызды рөл атқарады.

Дамудың қосымша серпіні ретінде өндірісті жергіліктендіру шаралары қызмет етуде. Қазақстанның машина жасау саласы қосалқы бөлшектер өндірісін құру, трансұлттық компанияларды тарту және инженерлік орталықтарды дамыту есебінен жергілікті қамту үлесін арттыруда. Бұған қазақстандық құрамдас бөліктер үлесін ұлғайта отырып, Chevrolet және JAC автокөліктерін құрастыру мысал бола алады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы машина жасау саласындағы жобалар белсенді дамып келеді – аграрлық секторды жаңғырту үшін қажетті сепкіштер, тракторлар мен комбайндар өндірісі артуда.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар саласында шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерін кеңейтілген қолдауға бағытталған жаңа нормалар күшіне енді. Атап айтқанда, отандық өндірушілер тізіліміне енгізілген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді 50 000 АЕК-ке дейінгі сомаға сатып алу кезінде ШОБ субъектілеріне басымдық беру тәртібі белгіленді. Бұл норма ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен бекітіліп, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң аясында жүзеге асырылуда. Өзгерістердің мақсаты – шағын бизнесті қолдап қана қоймай, мемлекеттік деңгейде отандық өндірушілер үшін бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру.

– Жүргізіліп жатқан ынталандыру саясаты аясында 2024 жылдан бастап мемлекет отандық тауар өндірушілерді (ОТӨ) қолдаудың қосымша құралдарын енгізуде. Негізгі жаңашылдықтардың қатарында жеткізу мерзімін 15 күннен 60 күнге дейін ұзарту, төлем мерзімдерін 30 күннен 10 жұмыс күніне дейін қысқарту, сондай-ақ аванстық төлемдерді 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайту бар. Бұл шаралар қаржылық тәуекелдерді төмендетуге, өтімділікті арттыруға және қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған, – деп хабарлады «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметініңөкілдері.


Отандық өндірушілер тізіліміне енгізілген компанияларға берілетін преференцияларға ерекше назар аударылған. Олар үшін 3% мөлшерінде шартты жеңілдік қарастырылған, бұл тендерлерге қатысу кезінде олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

– Бұдан бөлек, ұлттық режимнен 4000-нан астам тауар, жұмыс және қызмет атауы шығарылды, яғни оларды сатып алу тек қазақстандық өндірушілерден ғана жүзеге асырылады. Олардың қатарында қағаз өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, жиһаз, машина жасау, химия, металлургия өнімдері және бағдарламалық қамтамасыз ету бар, – деп нақтылады Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.


Қаржы министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың мамыр айына дейін жаңа тетіктер аясында отандық өндірушілермен жалпы сомасы 190 млрд теңгеден асатын 80 мыңнан астам келісімшарт жасалған. Ұсынылған барлық шаралар «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп әзірленіп, ұлттық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және стратегиялық салалардағы импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған.