04.03.2026
«Самұрық-Қазына» қорының отандық өндірушілерден сатып алу көлемі бір жылда 98%-ға өсті

2025 жылы «Самұрық-Қазына» қорының отандық өндірушілерден сатып алу көлемі 98%-ға артып, 2,2 трлн теңгеге жетті.

Өткен жылы топ компаниялары қазақстандық тауар өндірушілермен 2,177 трлн теңге сомасына тауар жеткізу бойынша 9 мыңға жуық келісімшарт жасасты. Бұл сомаға жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсету аясында отандық өндірушілерден сатып алынған 242,4 млрд теңге көлеміндегі тауарлар да кіреді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы мұндай сатып алулар көлемі 1,1 трлн теңгені, ал 2023 жылы – 625 млрд теңгені құраған.

Жыл қорытындысы бойынша ел ішіндегі құндылық үлесі 83%-ға жетті. Сонымен қатар 257,5 млрд теңге сомасына 363 офтейк-келісімшарт жасалды. Бұл шамамен 500 жаңа жұмыс орнын құруға және 150 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Қор өкілдерінің айтуынша, мұндай нәтижелерге отандық өндірушілерді қолдаудың кешенді жүйесі арқасында қол жеткізілді.

Бүгінде «Самұрық-Қазына» сатып алу жүйесінде қазақстандық компанияларды қолдаудың 16 тетігі қолданылады. Негізгі шаралардың қатарында – отандық тауар өндірушілерден сатып алуға басымдық беру, кемінде 30% аванс төлеу, төлем мерзімін 5 күнге дейін қысқарту, жеткізудің ең төменгі мерзімін кемінде 60 күн белгілеу, сондай-ақ қамтамасыз етудің барлық түрлерінен босату бар.

Сатып алу операторы – «Самұрық-Қазына Контракт» импортты алмастыру және жаңа өндірістерді іске қосу тетіктерін қатар дамытуда.

Компанияның бас директоры Элдар Доскеновтің айтуынша, негізгі құралдардың бірі – жаңа кәсіпорындарға ұзақ мерзімді тапсырыс алуға және сабақтас салалардың дамуын ынталандыруға мүмкіндік беретін офтейк-келісімшарттар. Оның сөзінше, бүгінде таза импорт пулы 414 млрд теңге сомасына 4 мыңнан астам позицияны қамтиды.

Өз кезегінде «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов Қордың сатып алу жүйесі өндірісті жергіліктендіру мен жаңғыртуды қолдаудың тиімді тетігі ретінде өзін дәлелдегенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша машина жасау өнімдерін сатып алудағы ел ішіндегі құндылық үлесі 46%-ды, ал отандық өндірушілерден сатып алу үлесі 76%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер өзге реттелетін секторлардың деңгейінен жоғары.

Сондай-ақ ол саладағы офтейк-келісімшарттар көлемінің өскенін атап өтті: 2024 жылы – 115,4 млрд теңге, ал өткен жылы – 242 млрд теңге, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Қордың сатып алу процестері толықтай электрондық форматқа көшіріліп, zakup.sk.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Жүйеде жоспарлау мен рәсімдерді жариялаудан бастап онлайн-сауда, келісімшарттар жасасу және олардың орындалуын бақылауға дейінгі барлық цикл автоматтандырылған. Форматтық-логикалық бақылау қатысушылар тарапынан болатын қателіктер мен бұзушылықтарды барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Жеткізушілердің өтініштері тапсырыс берушілер мен Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет тарапынан қаралады. Ашықтықты арттыру мақсатында жүйе қадағалау органдарымен, «Атамекен» ҰКП Бірыңғай сатып алу терезесімен және Бірыңғай сатып алу порталымен интеграцияланған. Сонымен қатар портал Мемлекеттік кірістер комитетінің ЭШФ ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылған, бұл заңсыз құжаттарды тіркеу мүмкіндігін болдырмайды.

Ашық деректерге қол жеткізу үшін екі тетік қолданылады: бірыңғайланған сервис (оған банктер мен жеке компанияларды қоса алғанда 67 ұйым қосылған) және интеграциялық шина, ол арқылы 99 ұйым, оның ішінде Қордың еншілес құрылымдары мен мемлекеттік органдар өзара іс-қимыл жасайды.

Қор сондай-ақ жасанды интеллект элементтерін қолданатын шешімдерді жүйелі түрде енгізіп келеді. Өнеркәсіптік пайдалануға қолданушыларға кеңес беретін чат-бот және техникалық ерекшеліктерді қоса алғанда мәтіндік ақпаратты талдау негізінде Тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығы кодтарын іріктеу сервисі енгізілді. Бұл сатып алу нысандарын дұрыс жіктеуді арттырып, қателіктер санын азайтуға мүмкіндік береді.

Қордың сатып алу жүйесінің жоғары ашықтығы ЭЫДҰ-ның (OECD) сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларды мониторингтеу жөніндегі базалық есебінде атап өтілді. Сонымен қатар жүйе ЕҚДБ, АДБ және ЭЫДҰ-ның озық стандарттарына сәйкес деп танылды.

Қазіргі уақытта Қордың сатып алу жүйесі арқылы топ құрамындағы 165 ұйым жұмыс істейді, ал веб-порталда 148 мыңнан астам әлеуетті жеткізуші тіркелген.

Дереккөз: zakon.kz