10.08.2026
Отандық өндірісті дамыту және импортты алмастыру: Президенттің отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын күшейту жөніндегі тапсырмалары қалай жүзеге асырылуда

Отандық тауар өндірушілерді қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет ішкі өндірісті дамытуға, жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар құруға, қазақстандық қамту үлесін арттыруға және ел ішінде орнықты өндірістік тізбектер қалыптастыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырды.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау жеңілдетілген қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алудан бастап, ірі кәсіпорындарды отандық жеткізушілермен жұмыс істеуге ынталандыруға, өнеркәсіп кооперациясын дамытуға және қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін кеңейтуге дейінгі бизнесті дамытудың барлық кезеңін қамтиды.

Кепілдендірілген сұраныс: мемлекеттік сатып алулар отандық бизнесті қолдау құралына айналады

Отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар. Үкімет қабылдаған шаралар қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беру, ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттарды кеңейту, сондай-ақ жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділікті көздейді. Бұл тұрақты сұраныс қалыптастырып, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және кеңейтуге жағдай жасайды.

Отандық кәсіпорындар өз өнімдерін кепілді өткізуді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы алады. Тек 2025 жылдың өзінде қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі екі есеге артып, шамамен 2,2 трлн теңгені құрады. Қор инфрақұрылым мен энергетикада 62 басым жобаны жүзеге асырып, қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге тұрақты сұранысты қамтамасыз етуде.

Қазіргі таңда Қордың сатып алу жүйесінде отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдаудың 16-дан астам тетігі қолданылады. Олардың қатарында:

  • отандық өндірушілерден міндетті сатып алу, 
  • қамтамасыз етудің барлық түрінен босату, 
  • егер жеткізуші отандық тауар өндіруші болса, 30%-ға дейін алдын ала төлем жасау және жеткізілген өнім үшін төлем мерзімін қысқарту шаралары бар. 

Бұл отандық бизнеске айналым капиталын тиімді сақтауға және ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қабылданған шаралардың тиімділігі отандық өндірушілермен ынтымақтастық көлемінің тұрақты өсуімен расталады. 2024 жылы Қор компаниялары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тізіліміне енгізілген 2 070 кәсіпорынмен жалпы құны 1,1 трлн теңге болатын 11,1 мыңнан астам шарт жасасты. 2025 жылы жасалған келісімшарттардың көлемі екі есеге жуық артып, 2,17 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде 2 283 отандық өндірушімен 8,9 мыңнан астам шарт жасалды.

Оң үрдіс биыл да сақталып отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы құны 594 млрд теңгені құрайтын 3,8 мыңнан астам шартқа қол қойылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға жоғары болды. Оның ішінде жалпы құны 343 млрд теңгені құрайтын 171 ұзақмерзімді келісімшарт бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп.

Жаңа өндірістерді іске қосуға және импортты алмастыруға ынталандыратын офтейк-келісімшарттар тетігі де кезең-кезеңімен дамып келеді. 2024 жылы жалпы құны 190 млрд теңге болатын 367 офтейк-келісімшарт, 2025 жылы құны 257,5 млрд теңгені құрайтын 363 офтейк-келісімшарт жасалды. Бұл құндық көрсеткіш бойынша 35%-ға артық. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы сомасы шамамен 47 млрд теңгеге тағы осындай 115 келісімшарт жасалды. Осы кезеңде жалпы құны 53 млрд теңгені құрайтын импортты алмастыру бойынша 9 жоба мақұлданды. Жалпы құны 74 млрд теңгені құрайтын тағы 13 жоба қаралу сатысында.

Жалпы алғанда, кейінгі жеті жылда «Самұрық-Қазына» тобының қолдау тетіктері аясында жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын жаңа өндірістерді іске қосу жөніндегі 108 жоба мақұлданды. Оларды жүзеге асыру 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етті.

Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен оларға тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді

Мемлекеттік сатып алу нарығының ашықтығы мен қолжетімділігі ұлттық кәсіпкерлікті дамытудың негізгі шарттарының бірі болып қала береді.

Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысу көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы қазақстандық өндірушілермен жалпы құны 370 млрд теңгеден асатын 145 мыңнан астам шарт рәсімделсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 16,5%-ға артып, 169 мың шартқа жетті. Ал олардың жалпы құны 23,3%-ға өсіп, 456 млрд теңгені құрады. 2026 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша жалпы құны 97 млрд теңге болатын 68 мың шарт жасалды.

Осы саладағы цифрландырудың маңызды тетіктерінің бірі – 2025 жылғы қарашадан бастап штаттық режимде жұмыс істеп тұрған «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі» ақпараттық жүйесі. Бүгінде жүйеге бизнестен 41 мыңнан астам өтінім түсіп, өңделді. Верификация нәтижесінде Тізілімге 10 мыңнан астам отандық тауар өндіруші енгізілді.

Тізілім негізгі мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және ірі сатып алу алаңдарымен біріктірілген. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 52 мыңнан астам сатып алу, ал «Самұрық-Қазына» АҚ ақпараттық жүйесі арқылы 6,7 мыңнан астам сатып алу жүргізілді.

2026 жылдың соңына дейін ақпараттық жүйені Бірыңғай жеке кабинетпен интеграциялай отырып, оны өнеркәсіптік пайдалануға енгізуді аяқтау жоспарланып отыр.

Толық өндірістік цикл – өнеркәсіптік тәуелсіздіктің негізі 

Қаржылық ынталандыру нақты сектордың дамуымен тығыз байланысты. Үкіметтің басты назарында Президент қойған міндетті жүзеге асыру мақсаты тұр, ол – ел ішінде шикізатты терең өңдеуден бастап, қосылған құны жоғары дайын өнімді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды құру. Локализацияны дамыту импортқа тәуелділікті азайтуға, отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға және жаңа жоғары өнімді жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Қазақстандық автомобиль жасау саласы сапалы динамика көрсетіп отыр, мұнда кәсіпорындардың құзыреті бұрынғы ірі тораптық құрастырудан бүгінгідей шағын тораптық құрастыру операцияларын орындауға ауысқан. Соның арқасында кейбір автомобиль маркалары бойынша локализациялаудың орташа деңгейі 40%-ға жетті. 2024-2025 жылдар аралығында қуаттылығы жылына 70 мың авто болатын Kia Qazaqstan және мультибрендтік Astana Motors Manufacturing Kazakhstan автозауыттары пайдалануға берілді. Соңғысы жылына Changan, Great Wall Motor және Chery үшін 120 мың авто шығарады.

Сонымен қатар құрамдас база да кеңейтілуде: Саран қаласында Tengri Tyres шина зауыты іске қосылды, Алматыда Hyundai мультимедиялық жүйелерін, HVAC модульдерін және еден жабындарын шығаратын Kazakhstan Mobility Engineering және автоорындықтар шығаратын Almaty Autoparts Production кәсіпорындары, ал Қостанайда автокомпоненттердің мамандандырылған Локализациялық орталығы жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығы және теміржол машиналарын жасауда «АгромашХолдингKZ» базасында John Deere техникасын өндіруді бастау, Valmont Industries компаниясының Valley жаңбырлатып су шашу машиналарын локализациялау, Астанада швейцариялық Stadler жолаушылар вагондарын құрастыру және Wabtec локомотив зауытында локализация деңгейін 45%-ға жеткізу маңызды қадам болды.

Сонымен қатар, XCMG Group-пен («Barys Truck Manufactory» ЖШС) арнайы техникалар, Саранда Samsung компаниясының теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығару және Алматыдағы Xiaomi теледидарларын құрастыру жолға қойылған.

Сондай-ақ, Петропавл қаласында «ҚАЗТЕХМАШ» машина жасау зауыты» ЖШС-нің өндірістік алаңында LiuGong әлемдік брендінің жол-құрылыс техникалары өндірісі ұйымдастырылды.

Дереккөз: primeminister.kz