03.12.2025
Қосарлы оқыту жүйесін қайта ретке келтіру

Кадрлық әлеуетті қалыптастыру – стратегиялық даму векторы

Мемлекет басшысы қосарлы оқыту моделін жетілдіру қажеттілігіне бірнеше рет назар аударды. Бұл – нақты нәтиже бере бастаған және жаңа мүмкіндіктер ашатын тиімді құрал. Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде Президент: «Жастарға мүмкіндік кеңейту, кәсіби бағдарды күшейту, сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын алуға жағдай жасау қажет», – деп атап өтті.

Өткен жылы Қазақстан халқына арналған Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев кадрларды дайындау қарқыны экономика дамуының ауқымы мен жылдамдығына сәйкес болуы керек екенін айтты. «Білікті кадрлар тек жоғары оқу орындарында ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дайындалуы тиіс», – деді Президент.

Осы ұстаным ТжКБ реформасының негізгі бағытын айқындайды: колледждер экономиканы мамандармен қамтамасыз ететін толыққанды кәсіби дайындық орталықтарына айналуы тиіс. Бұл ретте мемлекет, бизнес және білім беру ұйымдарының серіктестік тетіктерінің рөлі арта түседі.

Қосарлы жүйе Қазақстанда он жылға жуық уақыт бұрын енгізілді және бүгінде жаңа мазмұн мен басқару тетіктерімен толықтырылып жатыр. Оның артықшылығы айқын: студент теорияны колледжде, ал практиканы нақты өндірісте меңгереді.

Қазақстан машина жасаушыларыының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбековтің айтуынша, бұл модельге сұраныс айтарлықтай өсіп келеді.

– Дуалды жүйе студентке өндірісті сырттай көру ғана емес, оның нақты бөлігіне айналу мүмкіндігін береді. Жастардың практикалық оқытуға қызығушылығы артып келеді, ал кәсіпорындар студенттерді қабылдауға және олардың даярлығына инвестиция салуға дайын, – дейді ол.

Бүгінде қосарлы оқыту жүйесі елдегі 552 колледжде енгізілген, оған 18 мыңнан астам кәсіпорын қатысады. Олардың қатарында машина жасау, құрылыс, энергетика, IT және сервис саласындағы жетекші компаниялар бар. Бұл бағыт одан әрі кеңейеді. Мұндай тәсіл Президенттің стратегиялық міндетімен үндес: жұмыс орындарын құру және өнеркәсіптің кадрлық әлеуетін арттыру.

Оқу-ағарту министрлігі, Өндіріс және құрылыс министрлігі, салалық қауымдастықтар мен бизнес арасындағы бірлескен жұмыстың нәтижесі – машина жасау саласы үшін кадр даярлауға арналған жол картасы.

– Құжат Қазақстан машина жасаушыларының одағымен, кәсіпорындармен және салалық министрліктермен бірлесіп әзірленді. Жол картасында Қостанай, Көкшетау және Петропавл қалаларындағы пилоттық жобаларға ерекше көңіл бөлінген. Олар қосарлы оқытудың жаңа тәсілдерін енгізуге бағытталған. Пилоттық жобалар бізге ең тиімді шешімдерді табуға және саланың сұранысын нақты анықтауға мүмкіндік береді, – деді Талғат Базарбеков.

Оның айтуынша, студенттер оқу уақытының 60%-ын кәсіпорында, 40%-ын оқу орнында өткізеді. Практика күшейтіліп, колледждер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуда, ал оқытуға өндіріс мамандары тартылады. Бұл түлектерге жұмысқа тұрғаннан кейін қосымша дайындықсыз-ақ кәсіби маман болуға мүмкіндік береді.

– Жол картасында түлектердің біліктілігін растайтын сертификаттау орталықтарын құру да қарастырылған. Бұл жұмыс берушілердің сенімін арттырып, мамандардың еңбек нарығындағы мобильділігін күшейтеді, – дейді сарапшы.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамдау және зерттеу басқармасының жетекшісі Қайырбек Аяшевтің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын еңбек нарығына 220–230 мың жас келеді, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 300 мыңға жетеді. Бұл қазіргі деңгейден бір жарым есе көп. Мұндай динамика жаңа жұмыс орындарын кеңейтуді, әсіресе өнеркәсіпте, талап етеді және мемлекет пен қоғамның маңызды міндеттерін айқындайды.

Кадрларға сұранысты талдау үшін мамандықтарды он топқа бөлетін қызмет түрлері классификаторы қолданылады. Мұнда негізгі назар алтыншы, жетінші және сегізінші топтағы жұмысшы мамандықтарына аударылады. Оларға фермерлер, ауыл және орман шаруашылығы, балық өсіру мен балық аулау мамандары; өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да салалардағы жұмысшылар; өндірістік жабдық операторлары, жинақтаушылар және жүргізушілер жатады.

Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім алған мамандардың ең көп үлесі сауда, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және қойма саласында шоғырланған – шамамен 2,5 млн адам. 2030 жылға қарай кадрларға сұраныс 1,8 млн адамды құрайды, оның шамамен 1 млн-ы – техникалық білім алған мамандар.

Айта кету керек, қазіргі машина жасау саласы тек дәстүрлі дағдыларды ғана емес, цифрландыру және роботтандыру ісін де талап етеді. Осыған байланысты Талғат Базарбеков білім беру бағдарламаларын жаңарту қажеттілігіне назар аударады.

– Біз білім беру бағдарламаларын өзектендіруді қолдаймыз: өндірістік практиканың уақытын көбейту және өнеркәсіптік автоматтандыру бойынша курстар енгізу қажет. Болашаққа көз салуымыз керек, технологиялар өте жылдам келуде, ал бізге оларды игеруге дайын мамандар керек, – деді ол.

Бұл жұмысшылар мемлекеттік индустриялық саясат аясында іске асырылып жатқан жаңа кәсіпорындардың кадрлық негізін қалыптастырады.

ЖТжКБ қаржыландыру тәсілдері де өзгеруде. Мемлекеттік тапсырысты жұмыс берушілердің мақсатты тапсырыстары және колледждердің жеке табыстары толықтырады. Соңғылары шағын өндірістер – тігін цехтары, жиһаз учаскелері, наубайханалар есебінен қалыптасады. Олардың өнімдері сұранысқа ие, ал студенттер тәжірибе алып, коммуникациядан бастап қаржылық сауаттылыққа дейінгі маңызды дағдыларды меңгереді. Бұл кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, білім беру ұйымдарының дамуына серпін береді.

Қосарлы білім беру жүйесін жаңғырту – өнеркәсіпті нығайту және тұрақты экономиканы қалыптастыру жолындағы басты қадам. Талғат Базарбеков атап өткендей, қазір бізге кәсіпорындар даярланған мамандарды алатын, ал түлектер кәсіби болашағына сенімді болатын модельді енгізу маңызды.

Бұл ұстаным Мемлекет басшысының стратегиялық бағытымен толық үйлеседі. Президент бірнеше рет атап өткендей, адами капиталға салынған инвестиция – бұл өнеркәсіпке, экономикаға және азаматтардың әл-ауқатына салынған инвестиция.


Дереккөз:  kazpravda.kz