2–3 сәуірде Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы өтті. Бұл алаң дәстүрлі түрде өнеркәсіптің қазіргі жағдайы мен даму келешегін талқылау үшін бизнес пен мемлекет өкілдерін біріктіреді.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстан машина жасаушыларының форумына қатысып, Kazakhstan Machinery Fair 2026 VII халықаралық мамандандырылған машина жасау және металл өңдеу көрмесін аралады.
Форумның пленарлық отырысында Премьер-министр Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес Қазақстанда машина жасау саласын дамыту үшін болжамды әрі тұрақты орта қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет пен бизнестің ортақ міндеті – әділ әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 5,7 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексінің өсімі шамамен 13%-ды құрады. Отандық өндірушілер сыртқы нарықтарға сенімді түрде шығуда, бұл соңғы 5 жылда экспорттың екі есеге артуымен дәлелденеді: 1,3 млрд доллардан 3,1 млрд долларға дейін.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар үштен біріне өсіп, шамамен 376 млрд теңгені құрады. Бұл бизнестің жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа деген сенімін көрсетіп, оны одан әрі жаңғыртуға негіз қалайды.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев саланың одан әрі дамуы озық технологияларды енгізу және өнеркәсіпті цифрлық трансформациялаумен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Роботтандыру мен цифрлық технологиялар өнімділікті арттырудың, машина жасау саласының және жалпы өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің негізгі факторы болып табылады. Өндірісте заманауи технологияларды енгізу, ішкі нарықты дамыту және қазақстандық машина жасаушылардың экономиканың негізгі секторларына қатысуын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылуда», – деді Мейрам Пішембаев.
Форум жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, салалық министрліктердің өкілдері, ұлттық компаниялар, бизнес қауымдастықтар, ірі тұтынушылар мен машина жасау өнімдерін өндіруші жетекші кәсіпорындар қатысты.
Форумның екі күні бойы панельдік сессиялар мен секциялық отырыстарда машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіру, роботтандыру мен цифрландыруды енгізу, саланы дамытуға ынталандыру, кадр даярлау, сондай-ақ теміржол, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, электротехникалық машина жасау, автокөлік жасау және тау-кен металлургия кешені үшін машина жасау сияқты перспективалы бағыттарды дамыту мәселелері талқыланды.
Форум аясында бірқатар маңызды келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Олардың қатарында Чехияның инженерлік технологиялар қауымдастығымен ынтымақтастық туралы меморандум, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «ERG» коммерциялық орталығы» ЖШС үшін отандық өндірушілердің өнімдерін жеткізуге оффтейк-келісімшарттар мен ниет туралы келісімдер бар.
Форум машина жасау саласының ел экономикасындағы стратегиялық рөлін тағы бір мәрте айқындап, саланы дамыту және оның экспорттық әрі технологиялық әлеуетін арттыру бойынша нақты шешімдер әзірлеуге мүмкіндік берді.
Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы ұйымдастырушылары – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қазақстан машина жасаушыларының одағы.
Бас серіктестер – «Теңізшевройл» ЖШС, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Атамекен» ҚР ҰКП.
Ресми серіктестер – «Астана-Экспо КС» көрме компаниясы, Eurasian Resources Group, «Railways System KZ» ЖШС, «Allur» компаниялар тобы, Astana Motors.
Серіктестер – «Каспий құбыр консорциумы» АҚ, Қазақстан өнеркәсіптік инвесторлар одағы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ, «Самрұқ-Энерго», «Қайнар – АКБ» ЖШС.
Форумды қолдағандар – «Тыныс» АҚ, «Бёмер Арматура Қазақстан» ЖШС, «KARLSKRONA LC AB» ЖШС, «QSM Resources» ЖШС, «Жаңа құбыр технологиялары» ЖШС, «СЕМАЗ» ЖШС, «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС, «Сталь Трейд» компаниялар тобы, «Алматы ауыр машина жасау зауыты» ЖШС, «Астық» элеваторлық жабдықтар зауыты» ЖШС, «Павлодар құбыр арматурасы зауыты» ЖШС, «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС, «ДАФА» фирмасы» ЖШС, «Ақтау мұнай сервистік компаниясы» ЖШС, «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС, «Renaissance SHIK» ЖШС, «SKB GROUP» ЖШС, «ТПБ Агромир» ЖШС, «Сайман корпорациясы» ЖШС, «KMG Automation» ЖШС, «Format MachCompany» ЖШС, «Atyrau Oil Service» ЖШС, «LED Solutions» ЖШС, «Еуразиялық механикалық зауыт» ЖШС, «АҚӨЗ – Ақтау құбыр өнімдері зауыты» ЖШС, «Орал құю-механикалық зауыты» ӨК, «Оралагрореммаш» АҚ, «Элтекс Алатау» ЖШС, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ, «Азиякотломаш» ЖШС.