09.03.2026
Металмен тең еңбек: теміржол дөңгелектерін өндірудегі әйел инженердің тарихы

Өнеркәсіп саласында романтика жайлы жиі айтыла бермейді. Мұнда көбіне сандар, есептеулер, металл және үлкен жауапкершілік туралы сөз қозғалады. Алайда кейде күрделі сызбалар мен көп тонналы механизмдердің ар жағында жеке тағдыр жатады – бір күні өз өмірін өндіріспен байланыстыруға шешім қабылдаған адамның оқиғасы.

Railways Systems KZ холдингінің «Проммашкомплект» компаниясының жетекші инженер-технологы Влада Оразалинаның да оқиғасы кездейсоқ басталған.


Өзін өзі таңдаған мамандық

32 жастағы Влада Оразалина ауыр өнеркәсіп саласында 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Металлургия» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оның айтуынша, мамандық таңдауы алдын ала жоспарланбаған.

«Мен физика пәнін тапсырдым және бірнеше мамандыққа құжат өткіздім. Ұпайым бойынша металлургияға түсуге мүмкіндік болды – бәрі осылай басталды», - деп еске алады ол.

«Проммашкомплект» кәсіпорны туралы студент кезінде, нақтырақ айтқанда төртінші курста оқып жүргенде біледі. Сол кезде компания өкілдері университетке теміржол дөңгелектерін шығаратын жаңа өндіріс жобасын таныстыру үшін келген болатын. Бұл уақытта Екібастұзда заманауи зауыттың құрылысы енді ғана басталып жатқан еді.

Диплом алғаннан кейін Влада компаниямен өзі байланысқа шығып, көп ұзамай жұмысқа орналасады.

Осылайша оның кәсіби жолы басталды.


«Сен бұл істің басынан бастап қатысқаныңды түсінесің»

2016 жылы жас маман іс жүзінде әлі салынып жатқан кәсіпорынға жұмысқа келеді.

«Мені цехқа алып келді – ол жерде тек бағандар, шатыр және үйілген топырақ қана болды. Іргетасқа бетон құюға дайындалып жатқан еді. Мен соған қарап тұрып: осының бәріне мен де өз үлесімді қосамын деп ойладым», - дейді ол.

Бүгінде заманауи жоғары технологиялық өндіріс орнының орнында бір кездері құрылыс алаңы болғанын елестету қиын. Алайда дәл осы жаңа кәсіпорынның қалыптасуына қатыстылық сезімі Влада үшін кәсіби өміріндегі ең әсерлі сәттердің біріне айналды.

2018 жылдың желтоқсанында дөңгелек шығаратын цех іске қосылған кезде, Оразалина жабдықтарды іске қосу мен алғашқы технологиялық үдерістерге қатысқан инженерлер тобының құрамында болды.

«Алғашқы өнім іске қосылған сәт – ерекше сезім. Сен бұл істің басынан бастап қатысқаныңды түсінесің».


Инженерлік жұмыс: сызбадан нақты өнімге дейін

Влада еңбек жолын инженерлік тізбектегі бастапқы лауазым – техник-технолог қызметінен бастады. Жобалар мен технологиялық әзірлемелерге қатыса жүріп, ол біртіндеп жетекші инженер-технолог деңгейіне дейін өсті.

Бүгінде оның жұмысы беріктік есептерін жүргізуді, дөңгелек конструкцияларын әзірлеуді және тапсырыс берушілермен өзара іс-қимылды қамтиды.

Біздің кейіпкеріміздің жобаларының бірі – S-тәрізді теміржол дөңгелегін әзірлеу болды. Стандартты жазық-конустық конструкциялармен салыстырғанда, мұндай дөңгелек дискке түсетін жүктемені тиімдірек бөліп, пайдалану барысындағы салмақты жақсырақ қабылдай алады.

«Әрбір конструкция модельдеуден және беріктік есептерінен өтеді. Біз жүктемелерді, температуралық режимдерді белгілейміз, циклдік төзімділікті тексереміз. Осыдан кейін ғана оны пайдалануға беру мүмкіндігі туралы айтуға болады», - деп түсіндіреді инженер.


Жаһандық индустрияның бір бөлігі

Бүгінде «Проммашкомплект» кәсіпорнының өнімі Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен қолданылуда. Кәсіпорында өндірілген дөңгелектер Ресейде, Беларусьте, Өзбекстанда және тіпті Еуропа елдерінде пайдаланылып келеді.

Өнімнің бір бөлігі Чехияға жеткізілген болса, қазіргі таңда кәсіпорын Германияға арналған жобалармен жұмыс істеп, Америка нарығына шығу мүмкіндігін қарастыруда.

Компанияда жүк және жолаушылар вагондарына, локомотивтер мен электровоздарға арналған тұтас илемделген теміржол дөңгелектері өндіріледі. Кейіннен олар холдингтің басқа кәсіпорындарында толыққанды дөңгелектер жұптарына жинақталады.

Осылайша қазақстандық өндіріс жаһандық теміржол индустриясының бір бөлігіне айналуда.

Бұл – отандық машина жасау саласының қалай дамып жатқанының бір ғана мысалы. Бүгінде аталған сала Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы негізгі бағыттардың біріне айналды. Елімізде 37 кіші салаға біріктірілген бес мыңнан астам машина жасау кәсіпорны жұмыс істейді.

Соңғы онжылдықта сала тұрақты өсім көрсетіп келеді: егер 2015 жылы өндіріс көлемі шамамен 670 млрд теңгені құраса, 2025 жылға қарай тарихи ең жоғары көрсеткішке – 5,7 трлн теңгеге жетті. Осылайша өндіріс көлемі сегіз еседен астам өсіп, машина жасаудың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 20%-ға жуықтады.

Өнім номенклатурасы кеңейіп, өндірісті оқшаулау деңгейі артып, өндірістік кооперациялар қалыптасуда. Қазақстандық кәсіпорындар халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін дәлелдей отырып, экспорттық нарықтарға белсенді түрде шығуда.


Қателіктің құны — адам қауіпсіздігі

Инженер-технологтың жұмысы – тек есептеулер мен сызбалар ғана емес. Бұл – үлкен жауапкершілік. Теміржол дөңгелегі – пойыз қозғалысының қауіпсіздігі тікелей тәуелді болатын маңызды элемент.

«Егер қандай да бір жерде қателік жіберілсе, ол пайдалану барысында көрініс беруі мүмкін. Сондықтан әрбір дөңгелек көпсатылы бақылаудан өтеді», - дейді Оразалина.

Тексеру үдерісі металдың механикалық сынақтарын, ішкі ақауларды ультрадыбыстық бақылауды, бетті магнитті-ұнтақты бақылауды, сондай-ақ визуалды тексеруді қамтиды. Тек осыдан кейін ғана өнім пайдалануға жіберіледі.

 

«Әйел затына тән емес» мамандық

Ауыр өнеркәсіп дәстүрлі түрде ерлер саласы ретінде қабылданады. Алайда іс жүзінде жағдай өзгеріп келеді. Влада жұмысқа алғаш келген кезде бөлімдегі жалғыз әйел технолог болған. Бүгінде жағдай мүлде басқаша.

«Қазір бөлімде әйелдер мен ерлер саны шамалас – бес әйел және бес ер адам жұмыс істейді. Бұдан ешқандай мәселе туындамайды. Барлығы тең дәрежеде еңбек етеді», - дейді ол.

Біздің кейіпкеріміз өз жұмысында гендерлік стереотиптерге ешқашан тап болмағанын атап өтті.

«Маған ұжым жағынан өте сәтті болды. Барлығы бір-бірін тең көретін байыпты адамдар еді. Алғашында технологтар арасында жалғыз қыз болғаныма қарамастан, мені ешқашан менсінбей қараған жоқ. Керісінше, жас маман ретінде көмектесіп, бағыт-бағдар беріп отырды», - дейді Влада.

Оның пікірінше, инженерлік жұмыста әйелдердің өзіндік артықшылықтары бар.

«Меніңше, бұл – жүйелілік пен ұсақ-түйекке мұқият қарау. Біз көбірек сұрақ қоямыз: қалай, неге, не үшін? Бұл міндеттің мәніне тереңірек үңілуге көмектеседі».


Инженер — тәлімгер де

Он жылға жуық еңбек жолында Влада жас маманнан тәжірибелі инженерге дейінгі жолдан өтті. Бүгінде ол өзі де жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөліседі.

Ол еңбек жолының басында кейде ең қарапайым сұрақтардың өзін көп қойғанын еске алады.

«Ең бастысы – сұрақ қоюдан қорықпау. Сен сұрақ қойған кезде емес, сұрақ қоймаған кезде ақымақ болып көрінесің».

Бүгінде ол кезінде өзіне көмектескен әріптестері сияқты, жас мамандарға қолдау көрсетуге дайын.


Өндірістің болашағы

Заманауи өнеркәсіптік кәсіпорын – бұл тек металл мен жабдық қана емес. Бұл – цифрландыру да. Жуырда «Проммашкомплект» кәсіпорнында өнімнің электрондық паспорты енгізілді. Ол әрбір дөңгелектің өндіріс жолын – дайындамадан бастап дайын өнімге дейін толық бақылауға мүмкіндік береді. Бұл адами фактордың ықпалын барынша азайтып, өндіріс үдерісін ашық әрі қауіпсіз етеді.

Саланың дамуы жүйелі деңгейде де қолдау табуда. Қазақстанда бұл жұмысты кәсіпорындардың мүддесін қорғайтын және өнеркәсіптік саясатты қалыптастыруға қатысатын салалық бірлестік – Қазақстан машина жасаушыларының одағы үйлестіреді.

Ұйым 2024–2028 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға қатысып, сала бастамаларын Үкімет деңгейінде ілгерілетуде, өндірісті жергіліктендіруді дамытуға, оффтейк-келісімшарттарды енгізуге, кәсіпорындардың шикізат пен қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге жәрдемдесуде. Сонымен қатар, дуальды білім беру жүйесі мен колледждер және жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық арқылы кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Мемлекет пен бизнес арасындағы диалогтың маңызды алаңына айналған Қазақстан машина жасаушыларының форумы жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл форум он үшінші рет ұйымдастырылады. Форум аясында саланы дамытудың негізгі мәселелері – өндірістік кооперация мен жергіліктендіру, роботтандыру мен цифрлық технологияларды енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, экспорттық әлеуетті кеңейту және машина жасау саласы үшін мамандар даярлау мәселелері талқыланады.


Міндет шешімсіз көрінген кезде

Владаның айтуынша, жұмыстағы ең қызықты сәттердің бірі – инженерлер алдында күрделі міндет туындайтын кез.

«Кейде шешім табу мүмкін емес сияқты көрінеді. Біз тақта алдына жиналып, талқылаймыз, түрлі нұсқаларды қарастырамыз – кенеттен шешім пайда болады», - дейді ол.

Дәл осындай сәттерде инженер мамандығының шынайы мәні айқын ашылады.


Елді әлемдік рельске шығарып жүрген әйел

Бүгінде Влада Оразалина қатысқан теміржол дөңгелектері мыңдаған шақырым теміржол бойында пайдаланылып келеді.

Қайда да бір жүк құрамында немесе жолаушылар пойызында кезінде инженерлік бағдарламадағы жай ғана есеп болған дқңгелек айналып жүр.

Влада үшін бұл жай ғана жұмыс емес. Бұл – елдерді, қалалар мен адамдарды байланыстыратын үлкен қозғалыстың бір бөлігі.


Дереккөз: nazarnews.kz