09.04.2026
Маңғыстау машина жасаушылары: басты тренд – алмастыру емес, технологиялар арқылы адамның рөлін күшейту

Маңғыстау облысының машина жасау саласы дәстүрлі түрде мұнай-газ секторына бағытталған. Бұл заңдылық, өйткені түбекте Қазақстандағы мұнай өндіру көлемінің төрттен бірін қамтамасыз ететін 59 мұнай және газ кен орны барланған. Бүгінде өңірдегі негізгі машина жасау кәсіпорындарына бұрандалы сорғы жүйелерін шығаратын зауыт, трансформаторлар мен кабельдер өндіретін зауыт, сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын шығаратын кәсіпорын, технологиялық жабдықтар мен құбырларға арналған қосалқы бөлшектер өндіретін зауыт, сондай-ақ мұнай-газ саласына арналған Жаңаөзен зауыты жатады. Олардың үшеуі биыл және келесі жылы іске қосылады, деп хабарлайды otpannews.kz.

Бүгінде отандық машина жасау — өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларының бірі әрі елдің индустриялық дамуының базалық элементі. Сала 37 кіші саланы және 5 мыңнан астам кәсіпорынды қамтиды. Соңғы бірнеше жылда сарапшылар саланың тұрақты өсімін тіркеп отыр: өнім номенклатурасы кеңейіп, жергіліктендіру мен өндірістік кооперация дамуда.

Егер 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңгені құраса, 2025 жылы ол тарихи максимум — 5,7 трлн теңгеге жетті, ал саланың өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі 20%-ға жуықтады.

Өсім көрсеткіштеріне қарамастан, машина жасау саласының алдында бірқатар жүйелі сын-қатерлер сақталуда. Олардың қатарында қолжетімді отандық шикізат пен материалдардың тапшылығы, металлургия өнімдерінің импортына тәуелділік, сондай-ақ ірі тұтынушылар тарапынан тұрақты әрі ұзақ мерзімді тапсырыстардың жетіспеушілігі бар. Отандық кәсіпорындардың әлеуеті жоғары болғанымен, техникалық тапсырмалардың толық болмауы, құжаттама мен сызбалардың жетіспеуі, сатып алу көлемінің шектеулілігі өндірушілердің дамуын тежеп отыр.

Сондай-ақ цифрлық алшақтық мәселесі өзекті. Жекелеген кәсіпорындар роботтандыруды белсенді енгізіп жатқанымен, жалпы ел бойынша роботтандыру деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Қолда бар бағалауларға сәйкес, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіндегі әрбір 10 мың қызметкерге шамамен 9 өнеркәсіптік роботтан келеді, ал әлемдік орташа көрсеткіш 162 роботты құрайды. Бұл еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілікке тікелей әсер етеді.

Тағы бір мәселе — импортқа тәуелділік. Өндіріс көлемінің өсуіне қарамастан, машина жасау өнімдерінің едәуір бөлігі әлі де импортталады. Ел импорты құрылымында машина жасау өнімдерінің үлесі шамамен 44%-ды немесе 25,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл салада отандық өндірісті ұлғайту және импортқа тәуелділікті төмендету үшін үлкен әлеует бар екенін көрсетеді.

Сонымен қатар кадр тапшылығы мәселесі де өткір тұр. Салаға токарьлар, фрезерлеушілер, СББ (сандық бағдарламалық басқару) станоктарының операторлары, инженер-конструкторлар, технологтар және автоматтандыру мамандары жетіспейді. Кадрларды жүйелі даярлаусыз жергіліктендірудің терең деңгейіне көшу қиын.

Экспорттық бәсекеге қабілеттілік мәселесі де өзекті. Сыртқы нарықтарға шығу халықаралық стандарттарға сәйкестікті, сертификаттауды және сервистік инфрақұрылымды талап етеді. Ал бұл қосымша инвестициялар мен институционалдық қолдауды қажет етеді.

Маңғыстаудағы машина жасау

Жаңаөзен қаласындағы мұнай-газ саласына арналған зауыт өткен жылы өз жұмысын бастады. Кәсіпорын Қазақстанда мұнай-газ машина жасау саласында толыққанды өндірістік база қалыптастыру және саланың импортқа тәуелділігін төмендету мақсатында құрылған. Зауыт жергіліктендіру бағдарламасы аясында ашылып, мұнайшылар қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтуға және жергілікті кадрлық әлеуетті дамытуға мүмкіндік берді.

Бүгінде кәсіпорында сорғы штангалары, жол жылытқыштары, ұңғыма сағалық жылытқыштары, сыйымдылық жабдықтары, сондай-ақ құбыр өнімдері шығарылады. Мұндағы қазақстандық қамту деңгейі 50–65%-ға жетеді, оған жергілікті материалдарды, құрамдас бөлшектерді және еңбек ресурстарын пайдалану кіреді. Ал отандық кадрлардың үлесі 100%-ды құрайды.

«Біздің негізгі клиенттеріміз қатарында «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ және мұнай-газ саласындағы басқа да ірі операторлар мен сервистік компаниялар бар. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 540 мыңға дейін сорғы штангаларын, 16 мың тоннаға дейін СКҚ (сорғы-компрессорлық құбырлар) және 200-ден астам мұнай кәсіпшілік жабдықтарын шығаруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда кәсіпорынның жүктемесі 40–50%-ды құрайды, ал кейбір бағыттар бойынша біз жобалық қуаттың 80% шықтық. Бұл негізгі тапсырыс берушілердің сұранысын толық орындауға мүмкіндік береді.

Кәсіпорындағы қызметкерлердің жалпы саны шамамен 307 адамды құрайды. Оның ішінде өндірістік персоналдың үлесі 70%-дан асады, бұл кәсіпорынның жоғары индустриялық бағыттылығын көрсетеді», — дейді KazPetroDrilling компаниялар тобының Маңғыстау облысы бойынша вице-президенті Ербол Айтуов.

Кәсіпорын негізгі өнім түрлері бойынша сұраныстың 70–80%-ын қамтамасыз етуге қауқарлы, ал бірқатар бағыттар бойынша өңірдің мұнай-газ саласын тұрақты әрі сапалы өніммен қамтып отырған негізгі отандық жеткізушілердің біріне айналды.

«Біз металл өңдеу мен дәнекерлеудің заманауи технологияларын енгізіп, автоматтандырылған өндірістік желілерді, коррозияға қарсы және қорғаныш жабын технологияларын, сондай-ақ өндірістің әр кезеңінде сапаны бақылау жүйелерін қолданамыз. Бұл өнімнің қызмет ету мерзімін стандартты шешімдермен салыстырғанда 20–30%-ға дейін ұзартуға мүмкіндік береді.

Негізгі операциялар бойынша өндірісті автоматтандыру деңгейі шамамен 70–80%-ды құрайды. Бұл өндірістік шығындарды 15%-ға дейін азайтуға, өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және адами фактордың әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жабдықтарды мониторингтеу және өндірістік көрсеткіштерді талдау жүйелері секілді цифрландыру элементтерін енгізудеміз. Алдағы бірнеше жылда болжамды техникалық қызмет көрсету, сапаны автоматты бақылау және өндірістік процестерді оңтайландыру үшін жасанды интеллект шешімдерін енгізуді жоспарлап отырмыз», — деп қосты Ербол Айтуов.

Сонымен қатар кәсіпорында қол еңбегін толықтай алмастыру мүмкін еместігі атап өтіледі. Автоматтандыру деңгейі жоғары болғанның өзінде сапаны бақылау, жабдықтарды баптау және инженерлік шешімдер қабылдау кезінде адамның қатысуы қажет болады. Мұнда басты тренд — адамды алмастыру емес, технологиялар арқылы оның рөлін күшейту екені ерекше айтылды.

Алдағы бес жыл ішінде кәсіпорын өндірістік қуатты кемінде 30–50%-ға арттыруды, қазақстандық қамту деңгейін 90%-ға жеткізуді, өнім желісін кеңейтуді, экспортқа шығуды (жалпы өндіріс көлемінің 20–25%-ына дейін) және цифрлық әрі жасанды интеллект шешімдерін енгізуді жоспарлап отыр.


Қазақстан машина жасаушыларының одағының отандық кәсіпорындарды қолдаудағы рөлі

Бүгінде Одақтың басты міндеті — саланың мүддесін қорғау және кәсіпорындарға инвестициялар тарту, өндірісті жаңғырту мен жаңа нарықтарға шығу үшін болжамды әрі тұрақты орта қалыптастыруға жәрдемдесу.

«Жұмыс бірнеше негізгі бағыт бойынша жүргізілуде. Олар: сала бастамаларын Үкімет пен бейінді мемлекеттік органдар деңгейінде ілгерілету, 2024–2028 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға қатысу, жүйелі жергіліктендіру мен компоненттік базаны дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу, өнім өткізуге кепілдік беріп, өндірісті жоспарлауға мүмкіндік беретін оффтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді сатып алу тетіктерін енгізуге жәрдемдесу, отандық шикізат пен материалдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету, импортқа тәуелділікті азайту және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндірісті жаңғырту үшін жеңілдетілген қаржыландыру мен лизингті дамыту, кадрлық әлеуетті күшейту, оның ішінде дуалды білім беруді кеңейту, колледждер мен жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату, сала үшін инженерлер мен жұмысшы мамандарды даярлау, терең жергіліктендіру мен өнеркәсіптік роботтандыру бағдарламаларын қолдау, сондай-ақ кооперацияны дамыту және бірлескен шешімдер әзірлеуге арналған салалық алаң ретінде жыл сайынғы машина жасаушылар форумын ұйымдастыру», — деп атап өтті «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ.

Одақтың мәліметінше, саланың экспорттық әлеуеті айтарлықтай жоғары. Себебі Қазақстан теміржол және электротехникалық машина жасау, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру және мұнай-газ жабдықтарының жекелеген түрлері бойынша құзыреттер қалыптастырып үлгерді.

Ал мұнай-газ машина жасау саласында сорғылар, компрессорлар, арматуралар және құбырларға арналған жабдықтар өндірісі дамып келеді. Бұл импортты алмастыруға және технологиялық тәуелсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.


Қазақстан машина жасаушыларының форумы туралы

Осы және өзге де өзекті мәселелер жуырда өтетін Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында талқыланады. Форум 2–3 сәуірде Астанада өтеді.

Форум дәстүрлі түрде мемлекет пен бизнес арасындағы басты диалог алаңы саналады және тек машина жасау саласының ғана емес, жалпы елдің өңдеу өнеркәсібінің даму бағытын айқындауға мүмкіндік береді.

Форумның басты мақсаты — саланы одан әрі дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу.

Қатысушылар өндірістік кооперация мен жергіліктендіруді дамыту, еңбек өнімділігін арттыру үшін роботтандыру мен цифрлық технологияларды енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, экспорттық әлеуетті кеңейту, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті және машина жасау саласын дамытудағы шетелдік серіктестердің рөлі, кадр саясаты мен мамандар даярлау мәселелерін талқылайды.

Пленарлық отырыстан бөлек, панельдік және секциялық пікірталастар ұйымдастырылып, онда ұлттық өндірістік базаны нығайтуға бағытталған нақты бастамалар қарастырылады.

Дереккөз: otpannews.kz