Оқу аудиториясынан бірден өндіріс алаңына: Қазақстанда түлектер зауыттарға жұмыс тәжірибесімен келуі үшін дуалды оқыту жүйесі дамытылуда. Оның іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы Kazinform агенттігінің тілшісі материалында баяндайды.
Тек оқу емес, нақты өндіріс
Машина жасау саласы үшін дуалды оқытудың маңыздылығы туралы корпоративтік университеттің директоры Людмила Олкинян айтып берді. Оның сөзінше, кәсіпорын үшін бұл баяғыда қосымша даярлау форматы ғана емес, адами ресурстарды дамытуға бағытталған ауқымды стратегияның бір бөлігіне айналған.
Спикердің айтуынша, белгілі бір кезеңде Қазақстандағы автокөлік өндірісіне өз мамандары жетіспейтіні, ал еңбек нарығы саланың сұранысын қамтамасыз етуге үлгермейтіні айқын болды.
– Біз тек автокөлік өндірмейміз. Бүгінде бұл адами капиталды дамыту екенін де сенімді түрде айтуға болады. Ал дуалды оқыту – адами капиталды дамытудың үлкен стратегиясының маңызды бөлігі, – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, кадр тапшылығы мәселесі отандық автокөлік өнеркәсібінің қалыптасу кезеңінің басында ерекше сезілді.
– 2013 жылы зауытқа жұмысқа келген кезде біз еңбек нарығында автомобиль жасау саласы бойынша мамандардың мүлдем жоқтығымен бетпе-бет келдік. Біз қызметкерлерді шетелде оқыта бастадық, шетелдік мамандарды шақырдық. Бұл үздіксіз әрі өте қымбат үдеріс болды, бірақ бізге үйрену қажет еді, – деді сұхбат беруші.
Дуалды оқытуға сұраныс
Осы себепті, оның айтуынша, дуалды даярлау бағыты дер кезінде қолға алынып, бизнес сұранысымен үйлесім тапты.
– Шамамен 2016 жылдан бастап мемлекет тарапынан кадрларды дуалды даярлау бағыты жарияланды. Бұл бизнес қажеттілігімен толық үндесті. Біз Беларусь, Ресей, Корея, Жапонияның тәжірибесін зерделедік. Ал бүгінде өзіміздің қазақстандық дуалды оқыту моделіміз қалыптасты деп сенімді түрде айта аламыз, – деді ол.
Жүйе қалай жұмыс істейді
Спикердің сөзінше, жүйе жай ғана өндірістік тәжірибеден басталмайды, ең алдымен білім беру бағдарламасын өндіріс қажеттіліктеріне бейімдеуден бастау алады.
– Бірінші кезекте оқу орнымен келісімшарт жасалады. Кейін білім беру бағдарламасын қарап, зауытқа қандай құзыреттер қажет екенін анықтаймыз. Яғни, бағдарламаның өзін өзгертеміз. Бірақ оны өзгерту жеткіліксіз – мазмұнмен толықтыру қажет. Ал практикалық машықтарды студенттер біздің кәсіпорында, нақты өндірісте меңгереді, – деп түсіндірді Allur корпоративтік университетінің директоры.
Ол болашақ инженер тек теорияны меңгеріп қана қоймай, нақты өндірістік үдерістерден өтуі қажет екенін ерекше атап өтті.
– Жақсы инженер слесарьдың, дәнекерлеушінің, технологтың мектебінен өтуі керек. Дуалды оқыту жүйесінде дәл осыны өзгерту қажет, – деді ол.
Оның айтуынша, дәл осы тұста формалды даярлық пен мамандыққа шынайы бейімделудің ара-жігі айқындалады. Өндірісті тек суреттен көрген студент пен нақты өндірістік желіде жұмыс істеген студенттің дайындық деңгейі мүлде бөлек.
– Олар өндірістің қалай жұмыс істейтінін ғана емес, біздің осал тұстарымызды да біледі. Мінсіз өндіріс болмайды, әрдайым жетілдіруді қажет ететін процестер бар. Біздің кәсіпорында тәжірибеден өткен жастар өздері қандай үдерістерді өзгертуге, автоматтандыруға болатынын, қай жерде артық қол еңбегін азайту қажеттігін ұсынды, – деп түсіндірді ол.
Теориядан тәжірибеге
Зауыт базасында тәжірибеден өтіп жүрген болашақ өндіріс мамандары дуалды оқыту теориялық білімді бекітіп қана қоймай, нақты кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретінін айтады.
Қостанай политехникалық жоғары колледжінің студенті Александр Масловский құрастыру желісінде механикалық-құрастыру жұмыстарының слесарі болып еңбек етеді, заманауи жабдықтарды меңгеріп, кәсіби өсу үшін бейімделу мен ұжым қолдауының маңызын атап өтеді.
Ал Еуразия ұлттық университетінің студенті Тимур Антонов кузовты бояу цехында тәжірибеден өтіп, техникалық тексерулер мен жабдықтарды оңтайландыру жұмыстарына қатысады. Оның айтуынша, дәл тәжірибе мамандықты тереңірек түсінуге, жауапкершілік пен коммуникациялық қабілеттерді дамытуға және машина жасау саласында мансапты жалғастыруға ынталандырады.
Мектептен инженерлік мансапқа дейін
Людмила Олкинянның айтуынша, дуалды модель тек жоғары оқу орындарын ғана емес, колледждер мен мектептерді де қамтуы тиіс. Горький атындағы гимназияның оқушысы Ясмин Аубакирова инженерияға қызығушылығы корпоративтік университет жанындағы мектепте үшөлшемді модельдеу сабақтарының арқасында пайда болғанын айтты.
– Мен төртінші сыныптан бастап үшөлшемді модельдеумен айналысамын. Бұл маған жаңа әрі қызықты дүние болып көрінді, сондықтан болашақ мамандығымды осы саламен байланыстыра аламын деп ойладым, – деді ол.
Оның айтуынша, осындай бағдарламаларға қатысу алғашқы нәтижелерін де беріп жатыр.
– Мен WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатының жүлдегерімін, облыстық кезеңдердің бірнеше дүркін жүлдегері атандым. Биыл халықаралық чемпионатқа қатысуды жоспарлап отырмын, – деп қосты оқушы.
Дуалды оқыту орталығының бас маманы Серік Сақановтың түсіндіруінше, мұндай жүйе кадр даярлаудың үздіксіз траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Бұл мектептен колледжге немесе жоғары оқу орнына, одан әрі кәсіпорынға дейінгі жүйелі жұмыс. Осылайша білім беру мен өндіріс арасындағы алшақтық азаяды, – деді ол.
Келесі кезең – колледждермен жұмыс
Келесі кезең – колледждермен өзара іс-қимыл. Қостанай тәжірибесі негізінде бұл – өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатқан Жоғары автомобиль көлігі колледжі. Оқу орнының директоры Дмитрий Павленконың айтуынша, бастапқыда мұнда автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу саласына мамандар даярланған, алайда уақыт өте келе жаңа мамандандыруға сұраныс туындаған.
– Бұрын біз негізінен сервис орталықтары мен дилерлік желілер үшін кадрлар даярлайтынбыз. Алайда өндіріс үшін жеке мамандық – автомобиль жасау қажет болды. Біз лицензия алып, осы міндеттерге сай кадр даярлау жүйесін қалыптастыра бастадық, – деді ол.
Оның айтуынша, негізгі шарттардың бірі нақты өндіріске барынша жақын материалдық-техникалық база құру болды.
– Колледжде шағын зауыт қағидаты бойынша оқу алаңы жасақталған: мұнда дәнекерлеу, құрастыру, қаңылтыр түзету учаскелері бар, нақты жабдықтар мен автокөліктер пайдаланылады. Бұл оқу барысында теория мен тәжірибені қатар ұштастыруға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Дмитрий Павленко.
Сондай-ақ ол студенттердің мамандықпен танысуы алғашқы курстан басталатынын атап өтті.
– Бастапқы кезеңнің өзінде олар шеберханаларда таныстыру тәжірибесінен өтіп, кәсіпорындарға барады. Бұл жұмыс ерекшелігін ертерек түсінуге және кәсіби таңдауға көмектеседі, – деді колледж басшысы.
Бизнес те үйренуі керек
Людмила Олкинянның пікірінше, негізгі кедергі тек білім беру жүйесінде ғана емес, жұмыс берушілердің өзінде де жатыр. Оның айтуынша, көптеген компаниялар кадр даярлаудың толыққанды жүйесін құруға және білім беру жауапкершілігінің бір бөлігін өз мойнына алуға дайын емес.
– Адами ресурстарды дамытумен айналысатын құрылымдық бөлімшелер құрылуы қажет. Бұл жай ғана HR емес, нақты даярлау орталықтары болуы тиіс. Педагогтер, білім беру процесін ұйымдастыруды, колледждермен, жоғары оқу орындарымен және білім беру бағдарламаларымен жұмыс істеуді түсінетін мамандар қажет, – деді корпоративтік университет директоры.
Ол бұдан былай барлық жауапкершілікті тек мемлекет пен оқу орындарына арта салу мүмкін емес екенін атап өтті.
– Бизнес серіктестік қолын созып, кадр даярлауға тең дәрежеде жауапкершілік алмайынша, ештеңе өзгермейді. «Сіздер дұрыс маман дайындамайсыздар» деп айту жеткіліксіз. Керісінше, келіп: «Бағдарлама осындай болуы керек, бізде осындай технологиялар мен талаптар бар» деу қажет, – деп есептейді ол.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде машина жасау саласы мамандықтары бойынша кадр даярлау еліміздің 305 колледжінде жүргізіледі.
Мамандар машина жасау технологиясы, токарь ісі, дәнекерлеу ісі, слесарь ісі, машиналар мен жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету, автомобиль жасау бағыттары бойынша даярланады.
2025–2026 оқу жылында колледждерде машина жасау саласы мамандықтары бойынша 29 802 студент білім алуда, оның ішінде 26 878 адам мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды.
– Салада дуалды оқыту жүйесі кеңінен қолданылуда: 13 мыңнан астам студент кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Олардың қатарында «СарыарқаАвтоПром», «Қазмырыш», «Қазхром» (Дөң ТКБК), KamLitKZ, «ПетроМашЗавод» және басқа да кәсіпорындар бар, – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі ресми сауалға берген жауабында.
Қандай тәуекелдер мен әлсіз тұстар сақталып отыр
Оң нәтижелерге қарамастан, үдеріске қатысушылар дуалды оқыту барлық мәселелерді автоматты түрде шешпейтінін мойындайды. Тәуекелдердің бірі – жастардың белгілі бір бөлігінің өңірде және мамандықта тұрақтап қалуға деген ынтасының төмендігі.
Тағы бір фактор – еңбек қызметін бастаудың бастапқы шарттары. Олардың қатарында сандық бағдарламалық басқаруы (СББ) бар станоктардың бағдарламалық қамтамасыз етуіндегі айырмашылықтар, өндіріс қарқынына, сапа стандарттарына және ішкі бақылау жүйесіне бейімделу, сондай-ақ бастапқы лауазымдардағы еңбекақы деңгейінің салыстырмалы түрде төмен болуы бар. Бұл өз кезегінде жастардың мамандықта тұрақтау ынтасын төмендетуі мүмкін.
Сонымен қатар, Людмила Олкинян атап өткендей, бүгінде сөз тек слесарьлар, дәнекерлеушілер мен құрастырушыларды даярлау туралы ғана емес.
– Бұрын бізге дәнекерлеушілер, бояушылар, автокөліктерді құрастыру жөніндегі слесарьлар қажет болса, бүгінде робот техникасы мен жасанды интеллекттің дамуын ескере отырып, бізге жабдықтармен жұмыс істейтін операторлар қажет. Бұл – жаңа сын-қатер, – деді ол.
Оның айтуынша, дуалды оқыту тек өндірістің бүгінгі қажеттіліктеріне ғана емес, болашаққа да бағытталуы тиіс – яғни өз шешімдерін жасай алатын инженерлік ортаны қалыптастыруы қажет.
– Өндірістегі педагог ретіндегі менің міндетім – тек бүгінгі қажеттілік аясында үйрету емес, ауқымды міндеттерге қабілетті инженерлер мен технологтарды даярлау. Олар өздерінің, қазақстандық өнімдері мен шешімдерін жасауы керек, – деді ол.
Нәтижесінде бүгінде дуалды оқыту қосымша құрал ретінде емес, Қазақстанның машина жасау саласы үшін кадр даярлаудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырыла бастады – колледж студенттерінен бастап жаңа буын инженерлеріне дейін. Алайда бұл жүйенің ел көлемінде тиімді жұмыс істеуі үшін оқу орындарының дайындығы ғана жеткіліксіз. Бизнес тарапынан да толыққанды қатысу – инвестиция, тәлімгерлік, инфрақұрылым және кадрларға ұзақ мерзімді көзқарас қажет.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі елде дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алатын студенттер санының артқанын хабарлаған болатын.
Дереккөз: inform.kz