13.08.2025
Экономиканың стратегиялық ресурсы

Статистикалық деректерге сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанда машина жасаудың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі шамамен 15–18%, ал ЖІӨ құрылымындағы үлесі 5–7% шамасында. Жаһандық сын-қатерлер жағдайында дәл осы сала ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алатын стратегиялық ресурсқа айналуда. Алайда оның болашағы қандай? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін біз Автомобиль нарығын мониторингтеу агенттігінің директоры Артур Мискарянмен сұхбаттастық.

– Артур Эдуардұлы, бүгінгі таңда Қазақстанда машина жасауды дамытудың қай бағыттары басымдыққа ие?

– Қазақстандағы машина жасау бірнеше бағытты қамтиды. Олардың қатарында жеңіл автомобильдер, жүк көліктері, автобустар, тіркемелер, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бар. Бұдан бөлек, тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ және теміржол салаларына арналған техникаларды шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.

Қазіргі кезеңде басым бағыттардың бірі ретінде автокөлік компоненттерін өндіруді атап өту қажет. Олардың қатарында шиналар мен дискілер, мультимедиялық жүйелер, орындықтар, аккумуляторлар және тұтынушылық техниканы шығаруға қажетті басқа да өнімдер бар.

Сонымен қатар, Алматы, Қостанай, Семей және өзге де қалалардағы оқу орындары базасында кадр даярлау мәселесі де басымдыққа ие. Бұл бағытта мемлекет тиісті жұмыстар жүргізуде, ал бизнес өкілдері оқу орындарының материалдық-техникалық базасын дамыту, шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыру және гранттар бөлумен қатар, соңғы уақытта жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесімен де айналыса бастады.

Соған қарамастан, саланың дамуына қарай кадр даярлау мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр. Қазіргі таңда салада мамандар тапшылығы байқалады, сондықтан жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытындағы жұмысты күшейту қажет.

– Бүгінде Қазақстандағы машина жасау кешенінің жағдайына әсер ететін қандай факторларды атап өтер едіңіз? Алдағы жылдарға қандай болжам бар?

– Негізгі фактор – Қазақстанда шығарылатын техникаға сұраныстың артуы. Бұл сұраныс ішкі нарықта да, шетелде де байқалады. Бір жағынан, бұл төлем қабілетті сұраныстың сақталуымен, екінші жағынан, экономиканың түрлі секторларында пайдаланылатын техника паркін жаңарту және ұлғайту қажеттілігімен байланысты.

Сонымен қатар, Үкімет пен салалық реттеушінің машина жасау саласын дамыту қажеттілігіне қатысты нақты ұстанымы бар екенін атап өткен жөн. Бұл бизнес үшін инвестициялар ағынын қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды шарт болып табылады.

– Машина жасауда жергілікті өндірістік тізбектерді дамыту және цифрлық технологияларды енгізу үшін қандай шаралар қабылдануда?

– Әртүрлі өңірлерде бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Абай, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңа технологиялық процестерді белсенді енгізу және шығарылатын техника түрлерін кеңейту бар. Қостанай мен Алматыда автомобиль кластерлерінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, үш қытайлық брендтің автомобильдерін шығаратын мультибрендті зауыт пен кореялық концерн инвестиция салып жатқан Kia автозауытын іске қосу жоспарлануда.

Әрине, қолданылатын жабдықтардың технологиялық деңгейі, роботтандыру және жұмыс процестерін цифрландыру тұрғысынан бұл маңызды әрі күрделі жобалар.

– Сіз машина жасау кешеніне көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қалай бағалайсыз және оның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін не істеу қажет?

– Бағалауды негізгі көрсеткіштерге сүйене отырып беруге болады. Олар – өндіріс көлемінің тұрақты өсуі, кәсіпорындар мен жұмыс орындарының көбеюі, сондай-ақ шанақтарды дәнекерлеу және бояу технологияларын қолдана отырып шығарылатын техника модельдерінің кеңеюі. Жақын арада Саран қаласында штамптау өндірісі де іске қосылады.

Сыртқы нарықтарға шығу үшін экспортты қолдау құралдарын енгізіп, дамыту қажет. Бұл – машина жасау саласын дамытып отырған басқа мемлекеттердің тәжірибесіне ұқсас тәсіл.

Дереккөз: kazpravda.kz