Соңғы он жылда Қазақстанның машина жасау саласы өнім өндіру көлемін 8,5 есеге арттырды. Алайда бұл әсерлі көрсеткіштердің астарында бір парадокс бар: ТМД елдері үшін локомотивтер мен бүкіл өңірге арналған автомобильдер құрастыратын ел әлі күнге дейін машина жасау өнімдерінің жартысына жуығын шетелден импорттайды. Бұл мәселенің мән-жайын Kazinform тілшісі зерттеп көрді.
Өсімнің арифметикасы
Бүгінде Қазақстанның машина жасау саласына бес мыңнан астам кәсіпорын мен 37 кіші сала кіреді. Саланың елдің өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі 20%-ға жуықтады. Егер он жыл бұрын бұл қарапайым өнеркәсіп секторы саналса, бүгінде ол шикізаттық емес экономиканың басты қозғаушы күштерінің біріне айналды.
— Егер 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңгені құраса, 2025 жылы ол тарихи ең жоғары көрсеткіш — 5,7 трлн теңгеге жетті. Бұл — 8,5 есе өсім, — деп мәлімдеді Қазақстан машина жасаушыларының одағында.
Бұл көрсеткіштердің артында нақты өндірістер тұр. Бүгінде Қазақстанда Hyundai, KIA, Chevrolet, Lada жеңіл автомобильдері құрастырылады. Жүк вагондары мен локомотивтер шығарылады. Қуаты 500 кВ болатын күштік трансформаторлар мен қорғасын-қышқылды аккумуляторлар өндіріледі. Кабельдер, конденсаторлар, автобустар жасалады. Мұның барлығы — отандық зауыттарда, көп жағдайда жоғары деңгейдегі локализациямен жүзеге асырылуда.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, өсім бірқатар факторлардың есебінен қамтамасыз етілді: автомобиль өндірісінің кеңеюі, вагон жасау қуаттарының іске қосылуы, электротехника саласының дамуы. Негізгі ойыншылар қатарында — «СарыарқаАвтоПром» ЖШС (жылына 120 мыңға дейін автомобиль), «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС (90–120 мың), «KIA Qazaqstan» ЖШС (70 мың). Тек үш ірі автокөлік құрастырушының өндірістік қуатын қоссақ, жыл сайын шамамен 300 мыңға жуық автокөлік шығаруға мүмкіндік бар.
Өсім парадоксы: импорт үлесі әлі де жоғары
Өндіріс көлемі осындай қарқынмен өсіп жатқанда, импорт көлемі азаюы тиіс сияқты көрінеді. Алайда статистика бұл қисынға күмән келтіреді. Қазақстан машина жасаушыларынң одағы мәліметінше, машина жасау өнімдерінің үлесіне елдің жалпы импортының шамамен 44%-ы немесе 25,5 млрд АҚШ доллары тиесілі. Бұл – жай ғана үлкен көрсеткіш емес. Бұл әрі мәселенің айқын көрінісі, әрі нақты әрекет ету бағдарламасы.
— Ел импортының қорытындысы бойынша машина жасау өнімдерінің үлесі шамамен 44%-ды (25,5 млрд АҚШ долларына жуық) құрайды. Бұл салада отандық өндірісті ұлғайту мен импортқа тәуелділікті төмендету әлеуетінің әлі де жоғары екенін көрсетеді, - деп мәлімдеді Қазақстан машина жасаушыларының одағында.
Басқаша айтқанда, Қазақстан импортқа жұмсайтын әрбір бес доллардың екеуі отандық кәсіпорындар әзірге толық қамтамасыз ете алмай отырған қажеттіліктерге кетеді. Бұл түңілуге себеп емес – бұл мүмкіндіктер картасы. Қазақстан машина жасаушыларының одағында жағдайға дәл осылай қарайды: «Егер қазіргі кезеңде басты назар импортты алмастыруға аударылса, келесі кезең – экспорттық экспансия мен жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциялану болуы тиіс».
Бұл айырмашылық неден туындайды? Жауап – саланың құрылымында. Өндіріс өсіп келеді, бірақ әрдайым қажетті бағытта емес. Автокөліктер құрастырылады, алайда құрамдас бөлшектер сатып алынады. Вагондар жасалады, бірақ дөңгелектер мен металл илеміне қатысты импортқа тәуелділік сақталады. Кабельдер шығарылады, дегенмен шикізаттың бір бөлігі шетелден жеткізіледі. Нарық қатысушыларының жалпы бағалауынша, локализация деңгейі жеткізу тізбегі шынайы түрде тәуелсіз болатындай тереңдікке әлі жеткен жоқ.
Созылмалы сипатқа ие болған алты сын-қатер
Қазақстан машина жасаушыларының одағы бұл мәселелерді ашық айту жағынан Өнеркәсіп және көлік министрлігінен кем түспейді. Өз талдауында салалық бірлестік алты жүйелі сын-қатерді атап көрсетеді және олардың әрқайсысы жекелеген емес, кешенді шешімді талап етеді.
1. Шикізат тапшылығы
Бірінші мәселе – металлургиялық импортқа тәуелділік.
«Мәселелердің бірі – металлургия өнімдерінің импортына тәуелділік», - деп атап өтеді Одақ.
Қазақстан темір кенін өндіріп, өз металлургиялық қуаттарына ие болғанына қарамастан, машина жасау саласының жоғары сапалы прокатқа, табақ және аспаптық болатқа деген қажеттілігі көбіне импорт есебінен жабылады.
Дегенмен мұнда үміт күттіретін мысалдар да бар. Мәселен, QazTehna зауыты қазірдің өзінде «Qarmet» комбинатында өндірілетін 08КП маркалы мырышталған болатты қолдануда. Министрлік мәліметінше, бұл импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, жаңа нарықтық сегменттерге, атап айтқанда автокомпоненттер өндірісіне шығуға мүмкіндік береді.
2. Ұзақ мерзімді тапсырыстар тапшылығы
Өндіруші өнім өткізуге сенімді болмайынша, өндірісті жаңғыртуға инвестиция салмайды. Дәл осы жерде жүйелі мәселе туындайды: ірі тұтынушылар (мемлекеттік компаниялар, инфрақұрылымдық холдингтер) көп жағдайда ұзақ мерзімді өндірістік тапсырыстар қалыптастырмай, қысқа мерзімді тендерлік кезеңдермен жұмыс істейді.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы бұл мәселені шешуді басым бағыттардың бірі ретінде қарастырып, кепілдендірілген өткізу тетігі ретінде оффтейк-келісімшарттарды енгізуді ұсынуда.
3. Роботтандырудағы айырмашылық: Қазақстанда – 9 робот, әлемде – 162
Өнеркәсіптегі артта қалушылықтың ең айқын көрсеткіштерінің бірі – роботтандыру деңгейі. Одақ келтірген көрсеткіш жағдайдың қаншалықты күрделі екенін аңғартады.
— Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіндегі 10 мың жұмыскерге шаққанда шамамен 9 өнеркәсіптік роботтан келеді. Ал әлемдік орташа көрсеткіш шамамен 162 роботты құрайды, - деп мәлімдеді Қазақстан машина жасаушыларының одағында.
Автоматтандыру деңгейіндегі мұндай айырмашылық кезінде өзіндік құн бойынша шетелдік өндірушілермен бәсекелесу өте қиын. Бұл тек еңбек өнімділігі мәселесі ғана емес – бұл ашық нарық жағдайында саланың өміршеңдігіне қатысты мәселе.
4. Жабдықтардың физикалық және моральдық тозуы
Өнеркәсіп министрлігі жабдықтардың тозуын негізгі шектеуші факторлардың бірі ретінде тікелей атайды.
«Өндірістік желілердің ескіруі ақаулар үлесінің жоғары болуына, өндірістің энергия сыйымдылығының артуына және өзіндік құнның жоғарылығы салдарынан импортпен баға жағынан да бәсекеге түсе алмауға алып келеді».
Басқаша айтқанда, ескі зауыт технологиялық тұрғыдан ғана емес, қаржылық жағынан да тиімсіз.
5. Кадр тапшылығы
Салада токарьлар, фрезерлеушілер, сандық бағдарламалық басқару (СББ) станоктарының операторлары, инженер-конструкторлар мен технологтар жетіспейді. Мәселе тек мамандар санында ғана емес, олардың даярлық сапасында да.
Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында өңдеу өнеркәсібіндегі 15–34 жас аралығындағы жастардың жұмыспен қамтылуы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға төмендеген.
Жалпы бағалауға сәйкес, білім беру бағдарламалары көбіне саланың нақты қажеттіліктерінен алшақ.
6. Экспорттық нарықтардағы кедергілер
Тіпті бәсекеге қабілетті өнімнің өзі сыртқы нарықтарға автоматты түрде шыға алмайды. Ол үшін халықаралық сертификаттау, сервистік инфрақұрылым және маркетингтік құзыреттер қажет.
Мұның барлығы – қосымша инвестициялар. Ал шағын және орта кәсіпорындардың мұндай шығындарды өз күшімен көтеруі көп жағдайда қиынға соғады.
Мемлекет қазірдің өзінде не істеп жатыр
Аталған сын-қатерлер жауапсыз қалып отырған жоқ. Мемлекеттік қолдау жүйесі бірнеше бағыт бойынша қалыптастырылуда – қаржылық, салықтық және институционалдық.
Арнайы экономикалық аймақтардағы кәсіпорындарға жеңілдіктердің толық пакеті ұсынылады: 10 жылға дейін және одан да ұзақ мерзімге корпоративтік табыс салығынан босату, жер салығы, мүлік салығы, импортталатын шикізатқа ҚҚС пен кедендік баждардан босату. Бұдан бөлек, жер учаскелері өтеусіз беріледі, инфрақұрылым қамтамасыз етіліп, шетелдік мамандарды жұмысқа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі қарастырылған.
— Белгіленген нормативтерге сәйкес машина жасау кәсіпорындарына шығындардың бір бөлігін өтеу арқылы мемлекеттік ынталандыру шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, отандық тауарлардың сәйкестігін растау, қызметкерлердің құзыреттерін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу және технологиялық үдерістерді жетілдіру бойынша қолдау беріледі, - деп мәлімдеді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде.
«Бәйтерек» холдингінің құрылымдары арқылы жеңілдетілген қаржыландыру және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетіктері («Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ), инвестициялық жобалар мен экспорттық операцияларды несиелеу (Қазақстанның даму банкі), лизинг және өнеркәсіптік несиелеу (Өнеркәсіпті дамыту қоры) жүзеге асырылуда. Экспорттық-кредиттік агенттік сыртқы сауда қарыздарын сақтандыруды қамтамасыз етеді.
Соңғы уақытта өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін ел ішінде теміржол арқылы тасымалдауға кеткен шығындардың бір бөлігі де өтелуде. Бір қарағанда, бұл шағын ғана қолдау шарасы болып көрінуі мүмкін. Алайда шалғай өңірлерде орналасқан және логистикалық шығындары жоғары кәсіпорындар үшін мұндай қолдау аса маңызды.
2026–2030 жылдарға арналған көкжиекте машина жасауды дамытудың кешенді жоспары тұр. Онда цифрландыру, роботтандыру және «еңбек өнімділігін бірнеше есеге арттыру» міндеттері қарастырылған. Негізгі құралдар – кәсіби стандарттарды енгізу, инвесторларға арналған салықтық жеңілдіктер және кадр даярлаудың ауқымды бағдарламасы.
Теміржол кластері: табыс тарихы
Егер машина жасау саласының ішінде қарапайым құрастыру өндірісінен толыққанды кластерге дейінгі жолдан өткен бағытты іздесек, ол – теміржол машина жасау саласы.
Бұл бағытта Қазақстан тек нарықтағы өз орнын иеленіп қана қоймай, 1520 теміржол табаны кеңістігі үшін өндірістік ұсыныс қалыптастыруда.
Қазақстан машина жасаушыларының одағының бағалауынша, теміржол машина жасау саласында «толыққанды кластер қалыптасты». Оның құрамына Railways Systems KZ тобының кәсіпорындары, Stadler Kazakhstan, Alstom және Wabtec компаниялары кіреді.
Өнім номенклатурасы кең ауқымды қамтиды. Жүк және жолаушылар вагондарын «Қазақстандық вагон жасау компаниясы» және RWS Wagon («ЗИКСТО») шығарады. Локомотивтерді – «Локомотив құрастыру зауыты» (Wabtec-пен серіктестікте) және «Электровоз құрастыру зауыты» (Alstom компаниясымен бірлесіп) өндіреді. Дөңгелектер мен жолдың жоғарғы құрылымының элементтерін «Проммашкомплект» ЖШС (RWS құрылымына кіреді) шығарады. Ал рельстерді Ақтөбе рельс-арқалық зауыты өндіреді.
Өнімдер қазірдің өзінде Әзірбайжанға, Вьетнамға және Орталық Азия елдеріне экспортталуда. Францияның Alstom компаниясы Қазақстанның төрт қаласында сервистік орталықтар салуға инвестиция құйып, қазақстандық кәсіпорындармен бірлесіп жаңа буындағы локомотив әзірлеуде.
Одақ мәліметінше, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС-мен 50-ден астам қазақстандық жеткізуші кәсіпорын жұмыс істейді.
Электротехника саласы да осыған ұқсас жолмен дамуда. «Alageum Electric» компаниялар тобы қуаты 500 МВА-ға дейін және кернеуі 500 кВ-қа дейін жететін күштік трансформаторлар шығарады. Орталық Азиядағы ең ірі «Asia Trafo» зауытының өндірістік қуаты жылына 10–15 мың трансформаторды құрайды. Өнім өткізу нарығы – бүкіл өңір.
Жаңа инвесторлар: Samsung, John Deere, Hyundai
Соңғы жылдардағы қазақстандық машина жасаудың басты жаңалықтарының бірі – елге ірі шетелдік брендтердің келуі. Олар тек капитал ғана емес, сонымен қатар технологиялар, сапа стандарттары және экспорттық байланыстар алып келеді.
2025 жылы Samsung Electronics компаниясының қатысуымен Саран қаласындағы «Silk Road Electronics» ЖШС өндірістік алаңында тұрмыстық техника – кір жуғыш машиналар мен теледидарларды бірлесіп шығару іске қосылды. Сонымен қатар Алматы облысында жылына 750 мың бірлікке дейін тұрмыстық техника өндіруге қауқарлы және 1 200-ден астам жұмыс орнын құруды көздейтін «ALMATY TURMYSTYQ TEHNIKA ZAVODY» зауытының құрылысы жүргізілуде.
Автомобиль жасау сегментінде 2025 жылы оңтүстіккореялық Motrex Co Ltd компаниясымен серіктестікте мультимедиялық жүйелердің сериялық өндірісі (Kazakhstan Mobility Engineering) іске қосылды. Ал YOUNGSHAN компаниясы Hyundai автомобильдеріне арналған орындықтар өндірісін ұйымдастырды.
Ауыл шаруашылығы машина жасау саласында әлемдік көшбасшы – John Deere толыққанды түрде келді. Компания өндірісті «Агромашхолдинг KZ» АҚ зауытының Локализация орталығы базасында орналастырды. Мұнда дәнекерлеу, кесу, ию, бояу және құрастыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар CLAAS, DEUTZ-FAHR, AMAZONE, ZOOMLION, LOVOL брендтері бойынша өндіріс те жолға қойылған.
— Егер қазіргі кезеңде басты назар импортты алмастыруға аударылса, келесі кезең – экспорттық экспансия мен жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциялану болуы тиіс. Дәл осы бағыт машина жасауды Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді әрі тұрақты драйверіне айналдыра алады, - деп атап өтті Қазақстан машина жасаушылар одағында.
Кадрлар: көзге көрінбейтін негізгі тапшылық
Зауытты жылдам салуға, жабдықты сатып алуға болады. Бірақ заманауи СББ жүйелерін меңгерген білікті токарьды қысқа мерзімде даярлау мүмкін емес. Дәл осы кадр тапшылығы қазақстандық машина жасаудың жүйелі мәселесі болып қалып отыр. Мұны министрлік те, салалық одақ та ашық мойындайды.
Көрсеткіштерге сәйкес, 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде жұмыспен қамтылған 15–34 жас аралығындағы халық саны 218,5 мың адамды құрады. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға аз.
Өндіріс көлемі өсіп жатқан кезеңдегі жастар жұмыспен қамтылуының төмендеуі – алаңдатарлық белгі.
Тапшылық әсіресе екі санатта қатты сезіледі. Біріншісі – жұмысшы мамандықтары: токарьлар, фрезерлеушілер, СББ станоктарының операторлары. Екіншісі – инженерлік корпус: конструкторлар, технологтар және автоматтандыру жөніндегі мамандар.
Жалпы бағалауға сәйкес, кәсіби оқу орындарының бағдарламалары өндірістің нақты қажеттіліктерінен алшақ болғандықтан, бұл міндетті толық шеше алмай отыр.
Осыған жауап ретінде дуальды білім беру жүйесі кеңейтілуде. Бүгінде дуальды оқыту 284 колледжде жүргізіледі, оның ішінде 164-і өңдеу өнеркәсібі саласына бағытталған. Жүйеге 700-ден астам кәсіпорын тартылған. Бағдарлама жыл сайын 13 мыңнан астам жас маманды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Үздік мысалдардың қатарында – Allur компаниясының Қостанай корпоративтік университеті және студенттері Allur Group пен «Алагеум Электрик» өндірістік алаңдарында тәжірибеден өтетін Кентау политехникалық колледжі бар.
Петропавл машина жасау және көлік колледжінде жұмысшы мамандықтары бойынша 400 студент білім алады, оқу үдерісінің 60%-ы жергілікті зауыттарда практика түрінде өтеді, ал оқыту жұмыс берушілердің тікелей сұраныстары негізінде ұйымдастырылады.
Халықаралық деңгейде Erasmus+ (Еуропаның өнеркәсіптік орталықтарындағы тағылымдамалар), DAAD (өнеркәсіптік инжиниринг және «Өнеркәсіптік жасанды интеллект» бағытындағы шәкіртақылар), JICA (жоғары дәлдіктегі өндіріс пен жапондық «Кайдзен» жүйесінің тәжірибесі), KOICA (автомобиль жасау мен роботтандырудағы кореялық тәжірибе) бағдарламалары қолжетімді.
Экспорт: қазақстандық машина жасау өнімдері қайда жеткізіледі
Қазақстан машина жасау саласының экспорттық картасы әзірге негізінен жақын шетелдерге бағытталған: көрші елдер негізгі өткізу нарығы болып қалып отыр. Қазақстан машина жасаушыларының одағының алдын ала 2025 жылғы қорытынды деректеріне сәйкес, салалық экспорттың 53%-дан астамы Ресейге тиесілі. Одан кейін Өзбекстан (8,1%), Қырғызстан (5,3%), Түрікменстан (4,7%) және Тәжікстан (3%) орналасқан.
Мұндай географиялық басымдық түсінікті: ТМД елдері 1520 мм теміржол табанын пайдаланады. Бұл – қазақстандық жылжымалы құрам өндірушілері бағдарланған техникалық стандарт. Алайда нарықтарды әртараптандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Вьетнам мен Әзірбайжанға жеткізілімдер – осы бағыттағы алғашқы қадамдар.
Электротехника, ауыл шаруашылығы техникасы және тұрмыстық техника өндірісінің экспорттық әлеуеті қазіргі жеткізілім географиясынан әлдеқайда кең. Негізгі мәселе – халықаралық сертификаттау, сервистік қолдау және қазақстандық өндірушілер әлі де игеріп жатқан нарықтардағы маркетингтік қатысуды қамтамасыз ету.
2026 жыл: алда не күтіп тұр
2026 жылдың сәуір айында Қазақстанда машина жасаушыларының XIII форумы өтеді. Бұл – мемлекет пен бизнес арасындағы басты келіссөз алаңы. Күн тәртібінде өндірістік кооперация, роботтандыру, экспорттық әлеует, инвестициялық ахуал және кадр саясаты мәселелері талқыланады.
Алайда мәні жағынан форум жыл сайын бір негізгі сұраққа жауап іздейді: өндіріс өсімін бәсекеге қабілеттіліктің артуына қалай айналдыруға болады?
Мемлекеттік деңгейдегі негізгі құжат ретінде 2024–2028 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспары қала береді. Оның басым бағыттары – өндірістерді цифрландыру, өнеркәсіптік жасанды интеллект пен IoT технологияларын енгізу, аддитивті технологияларды (3D-басып шығару) дамыту, жаңа материалдарды пайдалану және энергия тиімділігін арттыру.
Қазақстанның машина жасау саласы бағалауға қиын үлкен жолдан өтті. Соңғы он жылдағы 8,5 есе өсім – бұл жай статистикалық ауытқу емес, құрылымдық өзгеріс.
Алайда салалық импорт құрылымындағы 44% үлес және әлемдік орташа көрсеткіш 162 болғанда Қазақстандағы 9 робот деңгейі – әлі де ауқымды жұмыс қажет екенін білдіретін айқын белгі.
Бұл саланың парадоксы – оның әсерлі өткен жолы болғанымен, қазіргі кезеңі әлі де қалыптасу үстінде. Жаңа зауыттар салынып жатыр, инвесторлар келуде, дуальды білім беру жүйесі кеңеюде, экспорт көлемі өсіп келеді. Мұның барлығы әзірге толыққанды әрі тұрақты өнеркәсіптік экожүйеге айналып үлгермегенімен, қарқынды дамып келе жатқан үдерістің көрінісін қалыптастыруда.
Дереккөз: inform.kz