10.04.2026
Қазақстанды вагонмен қамтитын алпауыт

Қазір еліміздің алдында тұрған ең маңызды міндет – экономиканы әртараптандыру. Бұл мәселені Президент те талай мәрте көтеріп келеді. Яғни, мемлекет мүмкіндігі тек «қара алтын» өндірісімен ғана шектеліп қалмауға тиіс. Ал, еліміздің мұнайлы астанасы атанған Атырау – тек еңбек етіп, табыс табатын «вахталық қалашыққа» айналып кетпеуі тиіс, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Осыны ойлаған жергілікті «Тэксол» («ТЕХОL») компаниясы өңірде бұрын-соңды болмаған Атырау вагон жасау зауытын іске қосқан болатын. Ендеше, біз де аталған кәсіпорынның еліміздегі машина жасау саласына қаншалықты үлкен үлес қосып жатқанын көзбен көру үшін мекеменің маңызды нысандарына саяхат жасап қайтқан едік...

Алдымен, машина жасау саласының ел экономикасына қалай әсер ететінін түсіндіріп өтейік. Егер әлемнің дамыған елдерін алып қарайтын болсақ, ол жақта бұл – өңдеу өнеркәсібінің маңызды саласы болып табылады. Біздің елімізде де сондай дәрежеге жетуге мүмкіндік мол. Мұны «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков те мойындайды. Оның айтуынша, елімізде соңғы он жыл ішінде машина жасау саласы дамудың даңғыл жолына түсіп, өндіріс көлемі сегіз жарым есеге артқан. Демек, бұл – болашағынан зор үміт күттіретін сала.

«Бүгінде Қазақстанда 5 мыңнан астам кәсіпорын машина жасаумен айналысады. Осылайша, бұл саланың еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 20 пайызды құрап отыр. Осыдан тура он жыл бұрын өндіріс көлемі шамамен жарты триллион теңгеден сәл асып жығылса, қазір бұл көрсеткіш 6 триллион теңгеге жуықтап келеді. Бізден шығатын өнімдер көптеген елдерге экспортталып жатыр. Соның жартысынан астамы Ресейге жөнелтіледі. Оның ішінде электроника, электротехника, тұрмыстық, ауылшаруашылық және теміржол техникалары, сорғылар, компрессорлар, арматура, құбыржолдарға арналған жабдықтар мен басқалары бар. Сайып келгенде, осының бәрі экспорттан бөлек, импортты алмастыруға да мол мүмкіндіктер туғызуда» дейді Т.Қайырбайұлы.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның машина жасаушылар одағы 700-ге жуық машина жасау кәсіпорындарын біріктіреді. Оны еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аккредиттеген. Одақтың ел бойынша 17 аймақтық өкілі бар. Негізгі мақсат – отандық машина жасау саласын қолдау және дамыту, отандық машина жасау кәсіпорындарын біріктіру. Басты миссия – отандық машина жасаудың бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған деңгейіне жетуі.


Жүз жүк вагоны

Енді негізгі тақырыбымызға қарай ойыссақ... «TEXOL» компаниялар тобына кіретін «Атырау вагон құрастыру зауыты» ЖШС былтыр ғана өндірістік дамудың маңызды кезеңіне қадам басқан болатын. Атап айтқанда, зауыт іске қосылған сәттен бастап жүзінші жүк вагоны конвейерден шыққан еді. Зауыттың толық қуаттылыққа шығуы 2027 жылға жоспарланған. Ол уақытта кәсіпорын жылына 7-8 мың вагон өндіруді және өндірістік аумағын 62 мың шаршы метрге дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

«Бұл – тек облыс көлемінде емес, бүкіл республика үшін маңызды тарихи сәт деп санаймын. Өйткені, бұл зауыт – инвестиция тарту мен өндірістік аймақты дамытуға серпін беретін стратегиялық нысан. Оның іске қосылуы облысымыздың экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. «Атырау вагон құрастыру зауыты» – Орталық Азиядағы ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі. Алдағы уақытта тағы бірнеше зауыт ашу жоспарда бар. Бұл – тек бастамасы. Келесі мыңыншы вагон шығарылған кезеңде өзіңізбен тағы кездесеміз деген сенімдемін» дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров бізбен әңгімесінде.

Қазіргі таңда зауытта шамамен 300 адам жұмыс істейді. Жыл соңына дейін олардың қатарына түрлі саланың 600-ден астам маманы қосылмақ. Басқарма өкілдерінің сөзінше, 2027 жылға қарай көрсеткіш 2700 адамға жетеді.


Аймақ басшысы не дейді?

Біз «әдетте тек «қара алтын» өндірісімен ғана көзге түсіп жүрген өңірде машина жасау саласы қалай дамымақ?» деген сауалды облыс әкімі Серік Шәпкеновке қойып көрдік.

– Біз қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, экономиканың басқа да бағыттарын дамытуымыз қажет. Әсіресе, машина жасау өнеркәсібін өркендету – өте маңызды. Бұл – экономиканы әртараптандырудың ең тиімді тәсілі болмақ. Жалпы, Атырау – ел экономикасының локомотиві екені бәріне де белгілі жайт қой. Ол мемлекетіміз үшін басты индустриялық аймақ болып саналады. Негізі, елімізге тартылып жатқан инвестицияның көп бөлігі осы өңірге тиесілі. Біз машина жасау саласында көршілес Ресей, одан қалды Қытаймен берік байланыс орнатқан өңірміз. Олардан инвесторлар шақырып, жергілікті кәсіпорындардан арнайы индустриялық аймақ құрдық. Сөйтіп, тәжірибесі бай елдермен бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы орайда, әкімдік өз тарапынан тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Ең алдымен, қарапайым еңбек адамына лайықты жағдай жасау – басты міндетіміз. Қай кезде де жұмысшылардың құқығын қорғап, еңбегіне сай жалақы төлеу мәселесін бақылауда ұстап отырмыз. Есесіне, бүгінде біздің өңір орташа жалақы көлемі бойынша елімізде алдыңғы қатарда тұр.

Ал, аймақтағы «ТЕХОL» компаниясына келсек, бұл кәсіпорын республикамызды тек вагонмен ғана қамтып қоймай, қосалқы қызмет атқаратын маңызды нысандарды да өз бақылауына алып отыр. Болашақта аталған мекеменің елімізді вагонмен қамту үлесі 96 пайызға жетеді деп күтілуде. Әрине, компания тек өндірістік жоспармен ғана шектеліп жатқан жоқ. Ол жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік-экологиялық жауапкершілік бағытында да өзін танытып үлгерді, - дейді өңір басшысы.


Адамды робот ауыстырып...

Расымен де, Атырау облысы ел экономикасының жүрегі екені даусыз. Ол жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі бойынша республикада көш бастап тұр. Мұнай мен газдың күретамыры да осы жерден басталады. Республикадағы «қара алтын» өндірісінің 60 пайызы да «мұнайлы астанаға» тиесілі. Осылайша, сонау ХХ ғасырдан бері стратегиялық маңызын жоғалтпаған өңір бүгін де өзінің көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдаланып, оны одан әрі дамытып жатыр. Географиялық орналасуы да бұл өңірді Каспий маңы аймағының транзиттік хабына айналдырды. Сол мүмкіндікті мүлт жібермеген «ТЕХОL» компаниясы да осыдан отыз жыл бұрын логистика мәселесін қолға алған болатын. Ал, бүгінгі таңдай қақтырған технология дәуірінде аталған мекемеге қарасты кәсіпорындарда жұмыстың кей бөлігін роботтар атқарып жүр. Міне, ғажап!

«Мемлекет басшысы инновацияларды дамыту мен адам капиталының деңгейін арттыру туралы үнемі айтып келеді. Неге деп ойлайсыз? Өйткені, бұл өз кезегінде шетелден инвестор тартып, тиімді серіктестік орнатуға сеп болмақ. Ал, «ТЕХОL» компаниясының инженерлері жасап шығарған мұнай резервуарларын тазалайтын робот 100 пайыз Қазақстанның иннвоациялық өнімі болып табылады! Тіпті, бұл роботқа бүкіл әлем елдерінің назары ауған. Жалпы, мұндай робот не үшін керек десеңіз, ол ең алдымен жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Ағымдық жөндеу кезінде резервуар ішін мұнай мен газ қалдығынан тазалауға тура келеді. Ал, бұл – өте қауіпті үрдістердің бірі. Енді бұл жұмысты робот көмегімен атқаруға болады. Қалай болғанда да, машина жасау саласында жұмысшылардың денсаулығы мен өмірі – ең бірінші орында тұрады» дейді осындағы мұнай резервуарларын тазалау шебері Асхат Дөрбиев.


Алғашқы білім ордасы ашылмақ

Компания басшылығы вагон құрастыруды қолға алған кезде білікті маман тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келіп қалғанын жасырмайды. Сондықтан енді көп кешікпей өндіріске қажет мамандарды даярлайтын жеке білім мекемесін ашуды ойластырып отыр. Бұл өз кезегінде сырттан кадр сұрап, басқаға тәуелді болмай жұмыс жасауға жол ашпақ.

«Қандай кәсіпорынның да қарыштап дамуы сапалы кадрға байланысты екені сөзсіз. Осы орайда, біз де жергілікті оқу орындарымен өзара келісіп, бірқатар колледждермен келісімшарт жасасып жатырмыз. Егер ойлағанымыз жүзеге асса, онда, тиісті оқу орындарында машина жасау саласына қажетті мамандықтар бойынша арнайы факультеттер мен бөлімдер ашылады. Ал, әзірге ондай мамандықтар жергілікті оқу бағдарламаларында жоқ. Қазір тек дәнекерлеуші мамандығы бар. Бірақ, бізге станоктар мен жабдықтарды баптайтын күрделі техниканы игере алатын мамандар керек. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін де болашақта өз оқу орнымызды ашу жоспарда бар» дейді «Тэксол Транс» ЖШС бас директоры Борис Зиганшин.

Бұл ретте, біз кадр тапшылығына қатысты атыраулық ғалым, техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұловтың да пікірін сұрадық. Оның ойынша, машина жасау саласының болашақ мамандарын жергілікті жерде дайындап шығуға мүмкіндік бар, тек...

– Жастардың жұмысшы және инженерлік мамандықтарға қызығушылығының төмендігі – машина жасау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі, - дейді ол. – Бұл түйткілді шешу үшін білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұраныстарына бейімдеу аса маңызды. Қазіргі таңда бұл бағытта бірқатар жүйелі қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті базасында студенттерді өндіріс талаптарына сай даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Мұнда теориялық білім мен практикалық дағдыларды ұштастыру арқылы болашақ инженерлердің кәсіби деңгейін ерте кезеңнен қалыптастыру көзделген. Бүгінде оқу бағдарламалары тәжірибеге барынша бағытталған. Студенттер зертханалық жұмыстар, жобалық тапсырмалар және ғылыми-зерттеу қызметі арқылы нақты инженерлік міндеттерді шешуге машықтанады. Бұл олардың еңбек нарығына дайын маман болып шығуына мүмкіндік береді.

Университетте заманауи ғылыми зертханалар мен оқу-өндірістік орталықтарды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, робототехника, мехатроника және цифрлық технологиялар бағытында арнайы зертханалар жұмыс істейді. Бұл студенттердің жаңа буын технологияларымен жұмыс істеуіне жол ашып отыр. Қазіргі таңда біз инженерлік бағыттағы білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға басымдық беріп отырмыз. Зертханалық база студенттерге роботтандырылған жүйелерді меңгеруге, цифрлық өндіріс элементтерімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде 3D-принтинг, өнеркәсіптік роботтарды басқару секілді жаңа бағыттарға мамандар даярлауға негіз болады. Өндірістік тәжірибе студенттердің кәсіби қалыптасуында шешуші рөл атқарады. Сондықтан университет пен өндіріс арасындағы байланысты нығайту – басты міндеттердің бірі. Практика кезінде студенттер нақты өндірістік процестерге қатысып, өз білімдерін іс жүзінде сынайды. Бұл олардың кәсіби бағдарын айқындап, жұмыс берушілер талаптарына бейімделуіне ықпал етеді.

Ал, саладағы кадр тапшылығын шешу үшін жүйелі шаралар қажет. Ең алдымен, дуалды білім беру жүйесін кеңінен енгізу, жаңа технологияларға арналған инженерлік орталықтарды ашу және кәсіпорындардың білім беру процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Машина жасау саласында білікті кадр тапшылығын жою үшін білім мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту керек. Университеттер мен кәсіпорындар бірлесе отырып, сұранысқа ие мамандарды даярлауға күш салуы тиіс. Бұл тек кадр мәселесін шешіп қана қоймай, саланың жалпы дамуына серпін береді. Саланың дамуы, ең алдымен, кәсіби тәжірибесі бар мамандарға байланысты. Осы тұрғыда өндірісте шыңдалып, нақты тәжірибе жинақтаған кадрлардың рөлі ерекше. Қазіргі таңда Қазақстан машина жасау саласы біртіндеп қарапайым құрастырудан толық циклді өндіріске көшу кезеңін бастан өткеріп жатыр. Алдағы жылдары, шамамен 2030–2035 жылдары, отандық кәсіпорындар азаматтық және арнайы техника өндірісі бойынша халықаралық жеткізу тізбектерінің бір бөлігіне айналу әлеуетіне ие. Бұл үшін бізге жоғары білікті инженерлік кадрлар мен заманауи технологиялар қажет.


Елімізде екі әйел-дәнекерлеуші ғана бар

Әдетте көпшілік машина жасау саласында тек ер азаматтар ғана жұмыс жасайды деп ойлауы мүмкін. Бірақ, бұл – жансақ пікір. Себебі, ауыр техниканы аялы алақанымен тізгіндеген аруларымыз да жетерлік. Ал, осы салада дәнекерлеуші болып еңбек ететін елімізде екі ғана нәзікжанды бар. Олардың бірі Қызылордада, екіншісі Атырауда тұрады. Соңғысы – Атырау вагон жасау зауытының бірінші дәрежелі дәнекерлеушісі Мейрамгүл Айдаралиева.

«Менің машина жасау саласында еңбек етіп келе жатқаныма жеті жылдан асты. Бұл жұмыс өзіме қатты ұнайды. Әкем де өмір бойы дәнекерлеуші болды. Өсе келе мен де әке жолын қуамын деп шештім. Біздің кәсіпорын түрлі жүктерді тасымалдауға арналған вагон өндірісімен айналысады. Алдағы жоспар – жылына жеті мың вагон шығару. Жалпы, қазір байқайтыным – жастар бұрынғыдай «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргісі келмейді. Көбі қара жұмыстан қашып, басшылық лауазымдағы қызметке орналасқысы келеді. Мамандық таңдағанда да соны негізге алады. Ал, ондай орын табылмаса, «жұмыс жоқ» деген желеумен ата-анасының мойнына отырып алады. Ондайларға сіздің сайт арқылы өз ақыл-кеңесімді бергім келеді: егер болашақ мамандығыңды сүйіп таңдасаң, сол жұмысты бар жан-тәніңмен беріліп жасайсың. Ал, тек мол табыс табуды ғана ойлап, жүрегің қаламайтын іспен айналыссаң, бар уақытың текке кетеді. Табыс бүгін аз, ертең көп немесе керісінше. Бірақ, еңбек ешақашан үзілмеуі тиіс. Жер бетінде жыбырлаған жанға жұмыс та, басқасы да табылады. Ендеше, мен де өзімнің соңымнан еріп келе жатқан жас мамандарды осы бағытта тәрбиелеп келемін» дейді бір қолымен станокты, екіншісімен бөбегінің бесігін тербетіп жүрген кейіпкеріміз.


Стратегиялық нысандар 

«ТЕХОL» компаниясына қарасты «АтырауВДШ» ЖШС – пойыз вагондарының барлық түріне арналған дөңгелектерді құрастырып шығаратын нысан. Осындағы шеберхананың бас инженері Ерсұлтан Жамалаш жұмыстың біраз бөлігі толықтай автоматтандырылғанын айтады. Бір қызығы, бір жасалған дөңгелек жарты ғасырдан астам уақыт қызмет ете береді екен.

«Мен өз еңбек жолымды осы жерден бастадым. Қарапайым слесарь мен шеберден – бөлім және цех бастығына дейін көтерілдім. Соның бәрі –маңдайдан күні-түні төгілген ащы тердің тәтті жемісі десем, артық емес. Байқасаңыз, мұнда сонау тоқсаныншы жылдары жасалған дөңгелекті де, 2010 жылғы дөңгелекті де кездестіруге болады. Бәрі де сапаға байланысты. Барлық жұмыс конвейер жүйесімен жасалады. Әр операцияның белгіленген өз уақыты бар. Жұмыс цикл бойынша жүреді: әр цикл 5 сағатқа созылады. Сол уақыттың ішінде 15 дөңгелек жұп жасалып шығады. Өндіріс қуаты – күніне 28 дөңгелектер жұбы дайындалады. Бұл – жеті вагонды жөндеп, қайтадан магистралдық желіге қосуға болады деген сөз. Өзіме бұл жұмыс қатты ұнайды. Әсіресе, Президент былтырғы 2025 жылды Жұмысшылар жылы етіп жариялаған кезде кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, бойымды қуаныш биледі» дейді ол ағынан жарылып.

Сол сияқты, Жылыой ауданында вагондарды жөндеп, сынақтан өткізетін «РипГАЗ» ЖШС жұмыс жасайды. Ол да «ТЕХОL» компаниясына тиесілі. Бұл – теміржол цистерна вагондарының қазандықтарына техникалық қызмет көрсетуге және жөндеу жұмыстарын жүргізуге маманданған кәсіпорын.

«Бұл жерге 2009 жылы жұмысқа ораналастым. Сондықтан сұйытылған газ құятын цистерна вагондарын бақылап, қысымын реттеп, межелі жерге жеткізіп отырудың қаншалықты үлкен жауапкершілік жүктейтінін жақсы білемін. Әйтсе де, соңғы уақытта пайда болып жатқан цифрлық технологиялар жұмысымды айтарлықтай жеңілдетті деуге болады. Қазір біз планшетпен жұмыс жасаймыз. Вагондар туралы мәліметтің бәрі сонда сайрап тұрады. Баяғыдай қағаз арқалап жүрмейміз. Бұл вагондардың баспайтын жері, бармайтын тауы жоқ. Көрші Ресей, Әзербайжан, Украина, Польша, Финляндия – осылай ретпен кете береді» дейді осындағы слесарь-жөндеуші Тұрлан Қаржауов.

Жасыратын несі бар, бүгінде көлік-логистика саласын экономиканың басты қозғаушы күшіне айналдрыуға мемлекет барын салуда. Былтыр кәсіби мереке аясында сала мамандарын марапаттаған Президенттің өзі де осыған айрықша тоқталған болатын.

«Қазір Қазақстандағы машина жасау саласының үлесі 13-тен 19 процентке дейін жетіп отыр, жалпы көлемі 4,1 миллионға жетті және экспорт көлемі де артып келеді. Қазір елімізге ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ететін жаңа компаниялар келіп жатыр. Биыл машина жасау саласын дамыту бойынша ауқымды жоспарларымыз бар. Бұл біздің жемісті еңбегіміздің нәтижесі. Машина жасау көлемін арттыру, озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану — біздің басты міндетіміз. Сондай-ақ жұмысшылар үшін қажетті еңбек жағдайларын жасау да аса маңызды. Қазіргі жаһандық өзгерістер мен дағдарыс жағдайларында жаңа мүмкіндіктер ашылып келеді. Машина жасау саласы Қазақстанның қарқынды дамуына өз үлесін қосуға дайын» деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы.


Сәті түскен сұхбат

Сөз соңында «ТЕХОL» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазавамен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынғымыз келеді...

– Машина жасау – оңай сала емес. Ал, одан табыс табу қаншалықты қиын?

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Бірақ, жұмыстың жеңілі жоқ қой. Мен өзім жастарды еңбек адамы екеніне мақтанатындай етіп тәрбиелегім келеді. Біз басшылық ретінде жұмысшылардың жоғары жалақы алғанын, лайықты еңбек жағдайы болғанын қалаймыз. Сол үшін бар күшімізді салып келеміз. Бірақ, бәрінен бұрын әрбір жұмысшы өз еңбегімен мақтанатындай дәрежеде болу керек. Былай ойлап қарасаңыз, далада жатқан жансыз темірді алып, одан түрлі өнім тасымалдайтын вагон жасап шығару – еліміз үшін не деген пайдалы кәсіп десеңізші?!

Біз бір кездері сұйытылған газ тасымалын негізгі бағдар ретінде таңдаған болатынбыз. Қазір шынымен де сұйытылған газды тасымалдау бағытында ең қарқынды дамып келе жатқан компаниялардың біріне айналдық! Ал, шындығына келгенде, бұл – тасымалдың ең күрделі түрі. Сондықтан бар күш-жігерімізді осы салаға бағыттадық. Өз кезегінде бұл жоғары техникалық білімді, қатаң техникалық тәртіпті, түрлі технологиялық шешімдерді талап етеді. Бүгінде біз үрдістерді үнемі жетілдіріп, жаңа жылжымалы құрамдармен сұйытылған газды тасуға арналған жаңа үлгідегі вагондармен жұмыс жасап, көп қиындықты оңтайландырып отырмыз. Қазірдің өзінде осы салада көш бастап, әрі сұйытылған газ тасымалындағы салалық стандартқа ие болдық.

– Бизнес қалай басталды?

– Біздің жұмыс әрдайым көлік пен логистиканың айналасында болды, бұл – теміржол тасымалы және мұнай өнімдерін жеткізу. Алғаш рет 1995 жылы ТШО-мен келісім жасауға мүмкіндік туды. Бұл кен орны жаңа ғана дами бастаған кезде жасалған шикі мұнайды тасымалдауға арналған ірі келісімшарт болатын. Негізі, бұл біздің компанияның енді ғана қалыптасып келе жатқан кезеңі еді. Кейін жеке цистерна вагондарымызды сатып ала бастадық. Жартылай ашық вагондармен тасымал іске қосылды.

2000 жылдан бастап біз өңірдегі елеулі көлік компаниясына айналдық. Шамамен 2019 жылдары жағдайы мүшкіл үлкен инфрақұрылым нысандарын сатып алдық. Соның бірі – еліміздегі ең ірі вагон жөндеу депосы. Жұмысын сонау 1939 жылы бастаған «Ақжайық-7» вагон жөндеу депосы тек өңірде ғана емес, жалпы еліміздегі ең көне әрі ең ауқымды нысандардың бірі болып табылады. Жылына 9 мың пойыз вагонын жөндеудің барлық түрінен өткізуге қауқарлы мекеме көбіне мұнай-газ тасымалдайтын вагондарды жөндеумен айналысады.

Әлеуметтік-экологиялық жауапкершілікті қалай сезінесіз?

– Жергілікті тұрғын ретінде мені Атыраудың ауасы алаңдатпай қоймайды. Экологиялық салдар – бәрімізге ортақ мәселе. Мәселен, облыста белгілі бір ерекшеліктермен дүниеге келген балалар да аз емес. Біз оларға кемшілік емес, ерекшелік ретінде қараймыз. Оларды қоғамға қайта бейімдеп, толыққанды өмір сүруіне жағдай жасауға тырысамыз. Иә, олар солай ерекше болып қала береді. Бірақ, басқалар сияқты бақытты да алаңсыз өмір сүре алады. Міне, әрбір кәсіпкер осындай мәселелердің шешімін өз мойнына алуы керек деп ойлаймын. Өйткені, бұл – салық органдары мен лауазымды басшылардың алдындағы емес, ең бірінші, ар-ождан алдындағы жауапкершілік.

Атырау жұрты таза ауамен тыныстап, сапалы өмір сүруге әбден лайықты. Сондықтан неліктен осы жерге көп адам келіп, қалып қоятындай, өзге аймақтардан қоныс аударатындай жағдай жасамасқа? Мұнайлы шаһар неге тек вахталық қалашық болып қалуы керек? Жоқ, мен мұнымен келіспеймін. Бұл – өз алдына бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүрі, әдебеті мен мәдениеті, өшпес өнегесі мен терең тарихы бар өлке. Мен де оны қатты жақсы көремін. Сондықтан егер ел басшылығы тарапынан қолдау ұлғайса, жергілікті жағдайды әлдеқайда жақсартып, үлкен өзгерістер жасай аламыз деп сенемін!

Айтпақшы, Атыраулықтарға жақсы таныс Балықшы шағынауданында біздің демеушілігімізбен бой көтерген баскетбол алаңы бар. Мақсат – бұқаралық спортты дамытып, әлеуметітк бірлікті нығайту. Бүгінде қала жастары сол жерге келіп, спортпен белсенді түрде шұғылданады. Бұл да болса, өңірдегі бизнес-қауымдастықтың қоғам алдындағы өз жауапкершілігін терең сезінгенінің айқын көрінісі деп біліңіз. Мұндай мысалдар бізде жетіп артылады.


Дереккөз: atpress.kz