«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер, машина жасау кәсіпорындары мен салалық серіктестер қатысуымен 2026 жылғы жетінші онлайн-отырыс өтті. Отырыстың негізгі тақырыбы Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) енгізу және оны отандық өндірушілердің практикалық қолдану мәселелері болды.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов ҰТК енгізу мәселесі машина жасау саласы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ағымдағы аптада Ерқанат Мақанов Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің басшылығымен кездесіп, каталогты іске асыру барысын және кәсіпорындарда туындап отырған өзекті мәселелерді талқылады.
ҰТК шеңберінде кодтар беру бойынша өтпелі кезеңнің аяқталуына ерекше назар аударылды. Бұған дейін өндірушілерге тиісті рәсімдерді аяқтау үшін 1 наурызға дейін мерзім берілген болатын.
«Бұл – машина жасаушылар үшін өте маңызды мәселе. 1 наурыздан бастап дұрыс кодтар болмаған жағдайда электрондық шот-фактураларды рәсімдеуге шектеулер енгізілуі мүмкін. Экономиканы, оның ішінде өнеркәсіпті цифрландыру жөніндегі міндетті Мемлекет басшысы мен Үкімет қойған», – деп атап өтті Ерқанат Мақанов.
Отырысқа қатысушылар өнім номенклатурасы кең әрі стандартты емес кәсіпорындар үшін каталогтау мәселесі қосымша әдістемелік және техникалық пысықтауды қажет ететінін жеткізді.
Түсіндіру жұмыстарымен ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тауарларды цифрлық трансформациялау және таңбалау департаментінің директоры Серік Байғанин сөз сөйледі. Оның айтуынша, Ұлттық тауарлар каталогын енгізуді көздейтін сауда қызметі туралы заңнамаға өзгерістер 2025 жылғы 18 шілдеде қабылданып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген. ҰТК – бұл мемлекеттік цифрлық сауда инфрақұрылымы және Қазақстанда өндірілетін әрі елге импортталатын тауарлардың бірыңғай цифрлық мемлекеттік тізілімін қалыптастыруға бағытталған.
Каталогтың негізгі міндеттері – тауар номенклатурасын біріздендіру, деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету, тауар қозғалысын қадағалау, нарық қатысушылары арасында цифрлық алмасуды жолға қою және сапалы талдамалық деректер қалыптастыру. Қазіргі уақытта жүйеде 18 миллионнан астам тауар позициясы тіркелген. Деректер күн сайын тексеріліп, қайталанатын жазбалар алынып тасталуда, фискалдық деректер операторларының жүйелерімен және тауар есебі бағдарламаларымен интеграциялау сынақтан өтуде.
Ақпарат енгізудің үш тәсілі қарастырылған: әрбір тауар бірлігіне жеке карточка толтыру, деректердің толық пакетін жүктеу және номенклатурасы тұрақты түрде жаңартылып отыратын кәсіпорындар үшін API арқылы тіркеу. Техникалық шектеулерді болдырмау үшін кәсіпорындар өз өнім номенклатурасын ҰТК-да толық көрсетуі және уақытша XTIN кодтарын тұрақты NTIN кодтарына ауыстыруды аяқтауы қажет. ҰТК сауданың міндетті цифрлық инфрақұрылымына айналып отыр, сондықтан талаптарды уақтылы орындау кәсіпкерлік қызметте туындауы мүмкін қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Отырыс аясында «Profland-RT» ЖШС-нің презентациясы да өтті. Компанияның коммерциялық директоры Екатерина Шепиева кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштерін таныстырды. 2007 жылы құрылған компания металл өңдеу және машина жасау саласында жұмыс істейді, 80 қызметкері бар, жыл сайын 6 000 тоннаға дейін болат өңдейді және 13 000-нан астам өнім атауын шығарады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның жалпы табысы 3,7 млрд теңгені құрады.
Іске асырылған жобалардың қатарында Теңіз кен орнындағы нысандар, «Қазмырыш» АҚ үшін қазандық құрылысы, «Қазфосфат» АҚ зауытын реконструкциялау, сондай-ақ Сарань қаласындағы Kama Tyres өнеркәсіптік жобасына қатысу бар. Презентация отырыс қатысушыларының қызығушылығын тудырып, отандық машина жасау кәсіпорындарының табысты дамуының мысалы болды.
Онлайн-отырыс өнеркәсіпті цифрлық трансформациялау жағдайында мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы жүйелі диалогтың маңыздылығын тағы бір мәрте растады.