«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала серіктестерінің қатысуымен 49-шы онлайн-отырыс өтті. Кездесу барысында Кездесу барысында Одақтың 2025 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар айқындалды.
Одақ Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков өткен жылдың негізгі нәтижелерін қысқаша баяндады. 2025 жылға арналған ҚМЖО жұмыс жоспары 22 іс-шараны қамтыды. Жыл қорытындысы бойынша олардың 18-і толық орындалды, 4-і өтпелі сипатта болып, іске асырылуын жалғастыруда.
Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, 2023 жылғы қарашада Үкімет бекіткен 2024–2028 жылдарға арналған машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға ерекше назар аударылды. Жоспар өндіріс көлемін 4,5 есеге, экспортты 3 есеге, еңбек өнімділігін 2 есеге, инвестицияларды 1,5 есеге арттыруды көздейді. Жеті негізгі бағыт бойынша 79 іс-шараның 71-і бойынша жұмыс басталды, оның 21-і орындалды.
Маңызды нәтижелер қатарында жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қағидаларына енгізілген өзгерістер атап өтілді. Атап айтқанда, қазақстандық тауар өндірушілермен келісімшарт жасасу кезінде кемінде 30% алдын ала төлемді міндеттеу, сондай-ақ теміржол тасымалдары шығындарын өтеу және халықаралық сертификаттаусияқты өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын кеңейту қарастырылды.
Сондай-ақ Қазақстан машина жасаушыларының XII форумының ұсынымдарын іске асыру мәселесі жеке қаралды. 10 іс-шараның 6-ы орындалды, 3-і қолдау көрсетудің қаржылық құралдарын кеңейту мен отандық өндірушілерге арналған преференцияларды дамытуға бағытталып, іске асырылу үстінде.
Үкімет пен Парламентпен бірлескен жұмыс нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған маңызды заңнамалық өзгерістер қабылданды:
• 1 шілдеден бастап стандартталмаған тауарларды биржалар арқылы сатып алуды алып тастайтын түзетулер күшіне енді;
• ірі тапсырыс берушілер үшін ішкі елдік құндылықты дамыту бағдарламаларын бекіту және офтейк-келісімшарттар жасасу тетіктері заңнамалық түрде көзделді;
• Сенатта сатып алынатын тауарлардағы ішкі елдік құндылықтың ең төменгі үлесін белгілеу нормасы қаралуда;
• жаңа Салық кодексіне жаңа өндірістерді салу және қолданыстағыларды жаңғырту үшін импортталатын жабдыққа ҚҚС-ты есепке алу әдісімен төлеу, сондай-ақ елде өндірілмейтін материалдар мен жинақтаушы бөлшектерді импорттауға ҚҚС төлеуді 1 жылға дейін кейінге қалдыру нормалары енгізілді;
• кәсіпорындарға ҒЗТКЖ бойынша 300% салықтық шегерімдер қарастырылды.
Одақ импортты алмастыру және офтейк-келісімшарттар жасасу бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып, ERG компаниялар тобы және Одаққа мүше ұлттық компаниялармен, оның ішінде Қазатомөнеркәсіп, Қазақтелеком және Қазақстан темір жолымен өзара іс-қимыл жасады. Қазатомөнеркәсіптің еншілес ұйымдарының өкілдері кәсіпорындардың өндірістік қызметімен танысу мақсатында шығу сапарларын өткізді.
Заңнамалық жұмыс аясында Одақ өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған, соның ішінде офтейк-келісімшарттар, ішкі елдік құндылық, салықтық ынталандыру және ҒЗТКЖ-ны қолдау жөніндегі түзетулерді әзірлеуге қатысты. Сонымен қатар өнеркәсіптік роботтандыруды енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде – бұл бастама бойынша жеке Ұлттық жоба әзірленіп жатыр.
Жылдың басты оқиғасы Қазақстан машина жасаушыларының XII форумы мен Kazakhstan Machinery Fair көрмесі болды. Олардың қорытындысы бойынша ұсынымдар Үкіметке жолданып, іске асыру сатысында тұр.
Халықаралық ынтымақтастық бағыты бойынша Одақ Қытай, Бразилия, Италия, Австрия және Швейцарияның бейінді ұйымдарымен меморандумдарға қол қойды, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік форумдар мен бизнес-миссияларға қатысуын ұйымдастырды.
Отырыс қорытындысында қатысушылар Одақтың 2025 жылғы қызметі кешенді әрі практикалық сипатта болғанын атап өтті. Келесі жылға арналған басым міндеттер қатарында Кешенді жоспарды іске асыруды жалғастыру, Сенат жанындағы жұмыс тобы аясында әзірленген заң жобасын ілгерілету, Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумын өткізу және импортты алмастыру бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру белгіленді.