Бүгін отандық өндірушілердің теміржол саласындағы сатып алуларға қатысуын кеңейту, елішілік құндылықты дамыту және импортты алмастыру мәселелеріне арналған ««Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ компаниялар тобының сатып алуларына отандық тауар өндірушілерді тарту: проблемалар, тетіктер және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – қазақстандық кәсіпорындардың теміржол саласындағы сатып алуларға қатысуын кеңейту, қолданыстағы проблемаларды талқылау және оларды жетілдіру бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеу.
Іс-шараға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, Қазақстан машина жасаушыларының одағы, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Атамекен» ҰКП, «QazIndustry» АҚ, «QazCloud» ЖШС өкілдері, сондай-ақ отандық тауар өндірушілер қатысты.
Дөңгелек үстелде Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков отандық машина жасаудың әлеуеті, өндірісті жергіліктендірудің қазіргі деңгейі және кәсіпорындардың ҚТЖ тобының сатып алуларына қатысуына кедергі келтіретін негізгі мәселелер туралы баяндама жасады.
Бүгінде машина жасау саласында 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі шамамен 20%-ды құрайды. 2026 жылдың алты айында саладағы өндіріс көлемі 2,8 трлн теңгені құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,1%-ға өсті.
Отандық өндірісті одан әрі дамыту үшін теміржол машина жасау саласының әлеуеті зор. Қазіргі уақытта Қазақстан машина жасаушыларының одағы қатысушысы 36 кәсіпорын жылжымалы құрамға арналған қосалқы бөлшектер мен құрамдас бөліктердің 200-ден астам түрін өндіреді. Негізгі өндірушілер қатарында «Проммашкомплект» ЖШС, «R.W.S. Wheelset» ЖШС, «Проммаш KZ» ЖШС, «FORMAT MACH COMPANY» ЖШС және басқа да кәсіпорындар бар.
Қазақстандық өндірушілер теміржол саласына арналған тұтас илемделген дөңгелектер, дөңгелек жұптары, бағыттамалы бұрмалар, мойынтіректер, тұрақ тежегіштері, күштік трансформаторлар және басқа да өнімдерді шығарып келеді.
«Жалпы алғанда, машина жасау кәсіпорындарының әлеуеті теміржол саласының негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруға жеткілікті. Біздің кәсіпорындар сатып алынатын өнімнің едәуір көлемін өндіре алады, сондай-ақ импортты алмастыру бағдарламасы аясында оның жаңа түрлерін игеруге қабілетті. Бұл үшін қажетті технологиялық мүмкіндіктер мен кадрлық әлеует бар», – деді Талғат Базарбеков.
Отандық өндірушілердің ҚТЖ сатып алуларына қатысуын кеңейтудің негізгі құралдарының бірі – офтейк-келісімшарттар.
2023–2025 жылдары Одаққа мүше кәсіпорындар мен ҚТЖ компаниялар тобы арасында жалпы сомасы 158,8 млрд теңгеге 21 офтейк-келісімшарт жасалды. Оның ішінде:
2026 жылдың алты айында жалпы сомасы 7,3 млрд теңгеге 3 офтейк-келісімшарт жасалды.
ҚТЖ компаниялар тобы үшін өнім жеткізетін және келісімшарттар жасасқан кәсіпорындардың қатарында «Проммашкомплект» ЖШС, «R.W.S. Wheelset» ЖШС, «Азия Трафо» ЖШС, «Проммаш KZ» ЖШС және басқа да кәсіпорындар бар.
2026 жылғы сәуірде Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен ҚТЖ импортты алмастыратын жаңа өнім түрлерін игеруге және офтейк-келісімшарттар жасасу тетіктерін дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Сонымен бірге дөңгелек үстел барысында отандық кәсіпорындардың ҚТЖ компаниялар тобының сатып алуларына неғұрлым кең көлемде қатысуын тежейтін мәселелер де айтылды.
Олардың қатарында импортты алмастыратын өнімдерді игеру үшін конструкторлық құжаттаманың толық болмауы, жекелеген өнім түрлеріне сатып алу көлемінің жеткіліксіздігі, таңба алу және өндірістік учаскелерді аттестаттаудан өтудегі қиындықтар, нормативтік-техникалық құжаттама бойынша түсініктеме беретін мамандандырылған бөлімшенің болмауы бар.
Сондай-ақ шикізат пен материалдар құнының өзгеруін ескермейтін сатып алу бағалары және мердігер ұйымдар орындайтын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құрамында отандық өндірушілердің тауарларын сатып алу мәселелері де проблемалық бағыттар ретінде атап өтілді.
Соңғы мәселені шешу үшін 2026 жылғы сәуірде Одақ «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-не теміржол машина жасау саласына қатысты 10 жұмыс пен қызмет түрі бойынша сметалық, жобалау алдындағы, жобалық немесе жобалық-сметалық құжаттамасы жоқ 466 тауар позициясынан тұратын тізімді тиісті тізбеге енгізу үшін жолдады.
Одақтың ұсыныстары «Атамекен» ҰКП-мен келісіліп, қазіргі уақытта ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің келісуінде. Оларды бекіту аталған номенклатураны отандық тауар өндірушілерден сатып алудың міндеттілігін бекітуге және қолданыстағы өндірістік қуаттардың жүктемесін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстандық өндірушілердің қатысуын кеңейту үшін Одақ кәсіпорындарға толық конструкторлық құжаттамаға қолжетімділікті қамтамасыз етуді, таңба алу және өндірістік учаскелерді аттестаттау бойынша әдістемелік материалдарды орналастыруды, сондай-ақ нормативтік-техникалық құжаттама бойынша жедел түсініктеме алуға жауапты бөлімшені айқындауды ұсынды.
Сондай-ақ техникалық ерекшеліктерде отандық баламалы өнімді жеткізу мүмкіндігін қарастыру және инфляция мен шикізат пен материалдар құнының өзгеруін ескере отырып, сатып алу бағаларын қайта қарау ұсынылды.
Бұдан бөлек, Одақ ҚТЖ-ның жылжымалы құрамды лизингке сатып алуы кезінде отандық құрамдас бөліктерді барынша қолдану арқылы өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыру талаптарын белгілеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Өз кезегінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ Сатып алуларды үйлестіру және мониторингтеу департаментінің директоры Ербол Жұмалиев отандық тауар өндірушілерді қолдау компания қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық компания ОТӨ-нің сатып алуларға қатысуын кеңейту үшін қосымша жағдайлар жасауға және кәсіпорындармен өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктерін жетілдіруге мүдделі.
ҚТЖ-да жаңа өндірістер құруға бағытталған ұзақ мерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімшарттар тетіктері белсенді қолданылады. Биыл ҚТЖ жалпы сомасы 8 млрд теңгеге 5 офтейк-келісімшарт жасасты. ҚТЖ өкілдері сондай-ақ қатысушыларға отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын енгізуді ұсынды.
ҚТЖ өкілдері отандық тауар өндірушілердің сұрақтарына жауап беріп, кәсіпорындардың сатып алу рәсімдеріне қатысуына қатысты практикалық мәселелерді талқылады.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы өндірістік кооперацияны кеңейту, импортты алмастыру мүмкіндіктерін іздеу және теміржол саласындағы сатып алуларда қазақстандық өнімнің үлесін арттыру мақсатында ҚТЖ-мен, мемлекеттік органдармен және отандық өндірушілермен өзара іс-қимылды жалғастырады.