Отандық машина жасау саласы жаңа деңгейге көтерілуде. Соңғы он жылда өндіріс көлемі 670 млрд теңгеден рекордтық 5 трлн 700 млрд теңгеге дейін өсіп, 8,5 есеге артты. Бүгінде сала елдің өңдеу өнеркәсібінің шамамен 20%-ын қалыптастырып, экспорт көлемін ұлғайту және технологиялық өндірісті тереңдету арқылы Қазақстанның әлемдік нарықтағы позициясын біртіндеп нығайтып келеді.
Қазіргі таңда елімізде машина жасау саласында 37 кіші салаға біріктірілген 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Экономиканың бұл секторында өнім номенклатурасы кеңейіп, өндірістік кооперация күшейіп келеді. Әсіресе автомобиль жасау саласында соңғы жылдары ірі тораптық құрастырудан ұсақ тораптық құрастыруға, сондай-ақ құрамдас бөлшектер өндірісін локализациялауға көшу үрдісі байқалады. Бұл өз кезегінде ел ішіндегі қосылған құн үлесін едәуір арттырады.
Талғат Базарбеков, «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Атқарушы дирекциясының директоры:
— Көпшіліктің ойынша, машина жасау тек автокөлік өндірісімен ғана шектеледі. Алайда бұл — теміржол машина жасау, электротехникалық, мұнай-газ машина жасауы және басқа да бағыттарды қамтитын ауқымды кешенді сала. Сонымен қатар бұл инвестиция тартатын негізгі салалардың бірі. Егер 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңгені құраса, 10 жылдан кейін, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,7 трлн теңгеге жетті.
Өндіріс көлемінің өсуіне қарамастан, жүйелі шектеулер сақталуда. Қазақстан автоматтандыру деңгейі бойынша әлі де айтарлықтай артта қалып отыр: өңдеу өнеркәсібіндегі әрбір 10 мың жұмыскерге шамамен 9 өнеркәсіптік роботтан келеді, ал әлемдік орташа көрсеткіш — 162. Сонымен қатар машина жасау өнімдерінің импорты елдің жалпы импорт көлемінің 44%-ына жетеді. Бұл шамамен 25,5 млрд АҚШ долларын құрайды және импортты алмастыру әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Төреәділ Абдрахманов, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің электротехникалық және ауыр машина жасау басқармасының басшысы:
— Үкімет ірі кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылардың реттелетін сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін үш жыл ішінде арттыру бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама локализацияға және шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Бұл отандық машина жасау кәсіпорындарына оффтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттар жасасуға, локализация деңгейін арттыруға және өндірістік жүктемені ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап индустриялық сертификаттар мен СТ-KZ сертификаттарының орнына автоматты верификация жүйесі бар қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылды.
Саланы дамытудың негізгі факторларының бірі — тұрақты сұраныс. Кәсіпорындарға ұзақ мерзімді тапсырыстар мен түсінікті әрі тұрақты жұмыс қағидалары қажет. Бүгінде оффтейк-келісімшарттар, жеңілдетілген қаржыландыру және өндірісті жаңғырту бағдарламалары ерекше маңызға ие. Сонымен қатар салада кадр тапшылығы да сезіледі: инженерлер, сандық бағдарламалық басқару (СББ) операторлары және жұмысшы мамандық иелері жетіспейді. Бұл мамандарсыз саланың әрі қарай дамуын қамтамасыз ету қиын.
Талғат Базарбеков, «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Атқарушы дирекциясының директоры:
— Кәсіпорындар үшін оффтейк-келісімшарттар жасау маңызды. Бұл — әлі өндірілмейтін жаңа өнімге ұзақ мерзімге белгіленген бағамен тапсырыс беру механизмі. Мұндай келісімшарттарға қол қойған кәсіпорын белгілі бір мерзімге тұрақты тапсырыс пен кепілдендірілген өткізу нарығына ие болатынын біледі. Соның арқасында олар нақты сұранысқа сүйене отырып, жабдық сатып алып, өндірісті кеңейте алады.
Саланың экспорттық әлеуеті іс жүзінде дәлелденіп отыр. Қазақстан теміржол өнімдерін, мұнай-газ жабдықтарын және электротехникалық өнімдерді Орталық Азия елдеріне, Әзірбайжан мен Вьетнамға экспорттайды. Жаңа өндірістік жобалар да саланың әлеуетін күшейтуде. Мәселен, жылына 750 мың данаға дейін тұрмыстық техника шығаратын өндірістердің іске қосылуы және 1 200-ден астам жаңа жұмыс орнының ашылуы сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтеді.
Дереккөз: khabar.kz