Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс индексі Қазақстанда – 109,9%, Өзбекстанда – 108,5%
Қазақстан соңғы бірнеше жылда алғаш рет өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша Өзбекстаннан озып шықты. Биылғы жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің өндіріс индексі 109,9 пайызды құраса, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 108,5 пайыз болды.
Ranking.kz мәліметінше, 2020 жылдан бері Өзбекстанның өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс өсімі Қазақстанмен салыстырғанда сәл жоғары болғанымен, екі елдің даму үрдісі ұқсас бағытта өрбіді. Алайда 2024 жылдан бастап Қазақстан өсім қарқынын жеделдетіп, көрші елдің көрсеткіштеріне жақындай бастады. Ал 2026 жылы алғаш рет өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша алға шықты.
Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы төрт айында елдің өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары 338,5 трлн сумның (шамамен 27,7 млрд АҚШ доллары) өнімін өндірді. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, осы кезеңде өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 10,3 трлн теңгені, немесе Ұлттық банктің орташа бағамы бойынша 20,6 млрд АҚШ долларынан астам соманы құрады.

Қазақстан мен Өзбекстан экономикасының құрылымы ұқсас: екі мемлекет те сыртқы саудада шикізат пен өңделген өнеркәсіп өнімдеріне сүйенеді. Дегенмен өнеркәсіп құрылымында айырмашылықтар бар. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша Өзбекстанда өңдеу өнеркәсібінің үлесі жалпы өнеркәсіп өндірісінің 85,8 пайызын құрады. Ал тау-кен өндіру секторының үлесі 7 пайыз, энергетика саласының үлесі 6,7 пайыз, коммуналдық сектордың үлесі 0,5 пайыз болды.
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің үлесі жалпы өнеркәсіп өндірісінің 51,1 пайызына жетті. Мұнай өндіру, көмір және металл кендерін өндіру салаларының жиынтық үлесі 48,1 пайызды құрады. Шикізат секторларының маңызы сақталғанымен, соңғы жылдары Қазақстанда экономиканы әртараптандыру және қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға бағытталған саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының біріне айналып, инвестиция тартуда маңызды рөл атқаруда.
Өңдеу өнеркәсібінің үлесі бойынша Қазақстан әзірге Өзбекстаннан кейін тұрғанымен, екі ел арасындағы айырмашылық біртіндеп қысқарып келеді. Мемлекет машина жасау, химия өнеркәсібі, жоғары қайта өңделген металлургия, құрылыс материалдары өндірісі және басқа да өңдеу салаларын белсенді қолдап отыр.

Екі елдің өңдеу өнеркәсібінің құрылымында ұқсастықтар да, айырмашылықтар да бар. Қазақстанда да, Өзбекстанда да өңдеу өнеркәсібінің негізгі драйвері – металлургия. Оның үлесі Қазақстанда 42 пайызды, Өзбекстанда 34,4 пайызды құрайды.
Сонымен қатар әлемдік нарықтағы металл өнімдеріне сұраныстың құбылуына байланысты екі елде де металлургия өндірісінің көлемі аздап төмендеген.
Ең перспективалы бағыттардың бірі – машина жасау саласы. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстанның позициясы анағұрлым мықты. Елдегі өңдеу өнеркәсібі құрылымында машина жасаудың үлесі 17,7 пайызды құрайды. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 13,8 пайыз деңгейінде. Бұл Қазақстанда жүргізіліп жатқан индустрияландыру саясатының, автомобиль жасау, теміржол техникасын, ауыл шаруашылығы машиналары мен басқа да жоғары технологиялық өнімдерді өндіруді дамыту шараларының нәтижесін көрсетеді.
Соңғы жылдары машина жасау Қазақстан өнеркәсібіндегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың біріне айналып, экономиканы әртараптандырудың негізгі қозғаушы күштерінің қатарынан орын алды.
Өзбекстан дәстүрлі түрде жеңіл өнеркәсіпте, әсіресе мақтаны терең өңдеу саласында көшбасшы саналады. Сондықтан тоқыма, киім және аяқ киім өндірісінің үлесі өңдеу өнеркәсібінде 14,6 пайызға жетеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 0,8 пайызды құрайды. Себебі еліміздің өнеркәсіптік дамуы негізінен металлургияға, машина жасауға, химия өнеркәсібіне және технологиялық деңгейі жоғары капитал сыйымды өндірістерге бағытталған. Мұндай мамандану Қазақстанның күрделі өнеркәсіп өнімдерін шығару мен заманауи өндірістік құзыреттерді дамытудағы бәсекелік артықшылықтарын күшейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Өңдеу өнеркәсібі екі елде де инвестиция үшін тартымды бағыт болып қала береді. Соңғы жылдары кәсіпорындар өндірісті жаңғыртуға қомақты қаражат сала бастады.
Инвестиция көлемі бойынша әзірге Өзбекстан көш бастап тұр. 2026 жылдың алғашқы төрт айында елдің өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 44,5 трлн сумды немесе шамамен 3,6 млрд АҚШ долларын құрады.
Қазақстанда осы кезеңдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі шамамен 1,5 млрд АҚШ долларына жетті.
Инвестиция өсімінің қарқыны да жоғары болды. Қаңтар–сәуір айларында Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 28,6 пайызға, ал Өзбекстанда 34,7 пайызға артты.
Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша көшбасшылық Қазақстанға тиесілі болды: елімізде өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар көлемі 35 пайызға жуық өссе, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 17,1 пайызды құрады.
Жалпы алғанда, Қазақстан мен Өзбекстан индустриялық даму тұрғысынан ұқсас бағытта ілгерілеп келеді, алайда олардың даму кезеңдері әртүрлі.
Өзбекстанда өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіптегі үлесі әлі де жоғары болғанымен, Қазақстан өңдеу секторының өсу қарқынын жеделдетіп, оның экономикадағы рөлін күшейтіп келеді.
Соңғы жылдары еліміз машина жасау мен жоғары қайта өңдеу салаларын дамыту есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі өсімді айтарлықтай жеделдетіп, бірнеше жылдан бері алғаш рет Өзбекстанды басып озды. Бұл екі ел арасындағы айырмашылықты біртіндеп қысқартып, өңірдегі өнеркәсіптік бәсекелестікті жаңа деңгейге көтеруде.

Дереккөз: kapital.kz