28.08.2025
Қазақстан автопромы қанша табыс әкеледі және отандық құрастырылған көліктер қаншалықты сенімді?

Соңғы жылдары Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторларының біріне айналды. Kazinform агенттігінің тілшісі бұл саланың қанша салық түсіретінін және ел ішінде автокөлік өндірудің қаншалықты тиімді екенін саралады.


Экономикадағы автопром үлесі

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша автомобиль өнеркәсібінің машина жасау құрылымындағы үлесі 40,9%-ға, ал өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 7,28%-ға жеткен. Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 19,2% және 1,98% болған.

Яғни, алты жыл ішінде автопромның машина жасау саласындағы үлесі 2,1 есе, ал өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі шамамен 3,7 есе өскен.


Қазақстанда сегіз автозауыт жұмыс істейді

  1. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС (Қостанай) — жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығарады.
  2. «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС (Алматы) — жеңіл автомобильдер өндірісі.
  3. «Hyundai Trans Auto» ЖШС (Алматы) — жүк көліктері, автобустар және арнайы техниканы құрастыру.
  4. «СемАЗ» ЖШС (Семей) — жүк көліктері мен арнайы техника өндірісі.
  5. «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС (Семей) — автобус өндірісі.
  6. «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ (Көкшетау) — жүк көліктері, автобустар және арнайы техника шығарады.
  7. «QazTehna» ЖШС (Сарань, Қарағанды облысы) — автобустар мен жүк көліктерін өндіреді.
  8. «ОралАгроРемМаш» АҚ (Орал) — жүк көліктері мен арнайы техника шығарады.


Өндірушілердің деректеріне сәйкес, 2024 жылы 145 мың бірлік автокөлік өндірілген. Салыстыру үшін: 2018 жылы – 32 мың, 2021 жылы – 93 мың бірлік шығарылған. Осылайша, соңғы алты жылда өндіріс көлемі 4,5 есе өсіп, 2021 жылғы деңгейден 56%-ға артқан. 2025 жылы өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту жоспарлануда.


Алматы мен Қостанайда жаңа зауыттар іске қосылады

2025 жылы екі ірі жобаны іске қосу жоспарланған:

-  Алматыдағы мультибрендті зауыт — жылына 120 мыңға дейін CHANGAN, Chery және GWM автокөліктерін өндіру жоспарланған. Іске қосу мерзімі — 2025 жылдың үшінші тоқсаны.

-  Қостанайдағы KIA зауыты — жылына 70 мың автокөлік шығару қуатына ие. Іске қосу мерзімі — 2025 жылдың төртінші тоқсаны.

Саладағы барлық қолданыстағы өндірушілердің жекеменшік компаниялар болуы да бизнес тарапынан бұл сегментке жоғары қызығушылық бар екенін көрсетеді.


Жұмыс орындары және әлеуметтік әсер

2024 жылы автопромның сегіз кәсіпорнында шамамен 6,5 мың адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылдың ортасына қарай жұмыс орындарының саны 7,6 мың адамға дейін артты.

Ал 2025 жылы Алматы мен Қостанайда екі жаңа зауыттың іске қосылуы нәтижесінде қосымша 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.



Сонымен қатар, экономикалық әсері бұдан да ауқымды: автопром саласында құрылған бір жұмыс орны логистика, сервис, қосалқы бөлшектерді сату және басқа да сабақтас салаларда бес-алты жаңа жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді.


Салық түсімдері

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында сегіз автокөлік өндіруші бюджетке салықтар мен міндетті төлемдер түрінде 16,9 млрд теңге аударған.

- 2024 жылы түсім көлемі 36,2 млрд теңгені,

- 2023 жылы — 47,5 млрд теңгені,

- 2022 жылы — 27 млрд теңгені құрады.


Белгілі бір ауытқуларға қарамастан, автомобиль өнеркәсібі бюджет кірісін толықтырудың тұрақты көздерінің бірі болып қала береді.


Жаңа автокөліктердің құны

Қазақстанның автокөлік одағы (ҚАО) деректеріне сәйкес, 2025 жылғы маусымда Қазақстандағы жаңа автокөліктердің бағасы төмендегідей болды:

- седандар — 7,3 млн теңгеден, орташа құны 11,1 млн теңге;

- кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер — 7,3 млн теңгеден, орташа құны 16,8 млн теңге;

- минивэндер — 11,6 млн теңгеден, орташа құны 18,9 млн теңге.

Автокөліктің түпкілікті құны таңдалған комплектациясына, техникалық сипаттамаларына және қосымша жабдықталуына байланысты қалыптасады.



Баға және автопаркті жаңарту

Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, Қазақстандағы жаңа автокөліктердің баға диапазоны 7 млн теңгеден 23 млн теңгеге дейін, ал нарықтағы орташа құны шамамен 13 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар, Қазақстанның автокөлік одағы президенті Анар Мақашеваның мәліметінше, еліміз жолдарында 20 жылдан астам пайдаланылып келе жатқан 2,5 миллионнан астам автокөлік әлі де қолданыста, олардың басым бөлігі қазіргі қауіпсіздік және экологиялық талаптарға толық сәйкес келмейді. Осыған байланысты мемлекет халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, автопаркті жаңарту тетіктерін әзірлеуде.


Қазақстанда автокөлік өндіру тиімді ме?

Қазақстанның автокөлік одағы президенті Анар Мақашеваның пікірінше, автопром салық түсімдері тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар білікті жұмыс орындарын құру, сабақтас салаларды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және кадр даярлау деңгейін арттыру тұрғысынан да тиімді сала болып саналады.

– Өндіріс көлемінің артуы елдің ЖІӨ-не тікелей әсер етеді. 2025 жылдың алғашқы жеті айындағы өнеркәсіптік өндіріс индексі 118,6%-ды құрады, ал автопромның машина жасау саласындағы үлесі 40,7%-ға жетті. Сонымен қатар, бұл – тікелей инвестициялар. Тек 2024 жылдың өзінде олардың көлемі 189,8 млрд теңгені құрады. Бұл модельдік қатарларды жаңартуға, инфрақұрылымды дамытуға және саланы жаңғыртуға мүмкіндік береді, – деді Анар Мақашева.


Оның айтуынша, инвесторлар салаға белсенді түрде келуде: бірлескен кәсіпорындар құрылып, автокомпоненттер өндірісі жергіліктендіріліп, жаңа технологиялар енгізілуде.

ҚАО басшысы автокөлік өндірісі саудадан айырмашылығы – жоғары шығынды және төмен маржалы бизнес екенін атап өтті. Бұл саладағы негізгі табыстылық факторы – өндіріс көлемі.

– Автопромға салынатын инвестициялар – ұзақмерзімді инвестициялар, олардың қайтарымы да ұзақ уақытты талап етеді. Алайда тұрақты өткізу нарығы қалыптасқан жағдайда, бұл сала мемлекет үшін де, инвесторлар үшін де тиімді болады, – деді Анар Мақашева.


Автосарапшы Алексей Алексеев те автокөлік өндірісі ел экономикасы үшін тиімді, алайда өндірушілер үшін үлкен капиталды қажет ететін және ұзақ мерзімде өтелетін бизнес екенін айтты.

– Автозауыттарды құру мен дамытуға жұмсалатын инвестициялар өте ауқымды. Сонымен қатар, өндірушілердің нақты табысы туралы деректер ашық жарияланбайды, сондықтан олардың қаржылық нәтижелеріне объективті баға беру қиын, – деп атап өтті ол.


Сапа және жергіліктендіру деңгейі

Қазақстан нарығына шығарылатын отандық және импорттық барлық автокөліктер ЕАЭО техникалық регламенттерінде белгіленген қауіпсіздік және технологиялық талаптарға сәйкес болуы тиіс.


ҚАО президенті қазақстандық зауыттарда сапаны бақылаудың көпдеңгейлі жүйесі жұмыс істейтінін атап өтті: өндірістің әр кезеңі тексерумен сүйемелденеді, жеке бақылау бөлімі жұмыс істейді, ал дайын автокөліктер нарыққа шығар алдында толық сынақ циклінен өтеді.

– Зауыттарда бренд иелерінің өкілдері жиі болады, олар технологиялық процестердің сақталуын қадағалап, тұрақты түрде инспекция жүргізеді. Сонымен қатар, техникалық регламент талаптары мемлекеттің басымдықтарына байланысты күшейтіліп отырады. Егер жол-көлік оқиғалары көбейсе – қауіпсіздікке қатысты міндетті талаптар енгізіледі, мысалы, қауіпсіздік жастықшаларының саны артады. Ал экология мәселесі күн тәртібінде болса – отынға және көліктің экологиялық класына қойылатын талаптар қатаңдатылады. Мұндай тәжірибе басқа елдерде де кеңінен қолданылады, – деді Анар Мақашева.


Саланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі – жергіліктендіру, яғни автокомпоненттер базасын қалыптастыру және технологиялық операцияларды ел ішінде кеңейту болып қала береді. Бұл мемлекет үшін – инвестициялық және технологиялық өсім, инвесторлар үшін – шығындарды азайту мен нарықты кеңейту, ал тұтынушылар үшін – жаңа мүмкіндіктер мен қолжетімді автокөліктер деген сөз.

Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, бастапқыда тұтынушылар арасында қазақстандық көліктердің сапасына қатысты күмән болғанымен, уақыт өте келе олардың халықаралық стандарттарға сәйкес келетіні және түпнұсқа зауыттар деңгейімен салыстыруға болатыны дәлелденді.

Бұған дейін хабарланғандай, биыл машина жасау саласында отандық автокөлік өндірісін 149 мың бірлікке дейін жеткізу жоспарланып отыр, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5%-ға көп.

Сонымен қатар, биыл ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа немесе қолданыста болған автокөлікті несиеге рәсімдеу кезінде қазақстандықтар үшін борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) есептемеу туралы қаулы қабылдады.