Атырау облысында металл өңдеу мен машина жасау кәсіпорындарының өнеркәсіптік кооперациясы қарқынды дамып келеді. Соның нәтижесінде теміржол техникасы мен оған қажетті құрамдауыштарды өндіретін кәсіпорындарда мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылуда. Тігінен интеграцияланған өнеркәсіптік кластердің өзегіне TEXOL компаниялар тобы салған жүк вагондарын шығаратын зауыт айналды.
Екі жыл бұрын іске қосылған кәсіпорын бүгінде отандық машина жасау саласындағы ең ірі өндіріс орындарының бірі саналады. Қазіргі таңда зауыттың өндірістік алаңы 17 мың шаршы метрді құрайды. Алайда бұл – жобаның алғашқы кезеңі ғана. 2027 жылға қарай зауыттың өндірістік аумағы шамамен төрт есеге ұлғайтылады. Жобалық қуатына шыққаннан кейін кәсіпорын жыл сайын 6–8 мың жүк вагонын өндіретін болады. Өнім түрлеріне мұнай мен газ тасымалдауға арналған теміржол цистерналары, фитингтік платформалар, жартылай вагондар, жабық вагондар, сондай-ақ болат және шойыннан жасалған құрамдауыштардың кең ассортименті кіреді.
Болашақта кәсіпорын Қазақстан теміржолының ішкі сұранысын толық қамтамасыз етіп, экспорт көлемін айтарлықтай арттыруды жоспарлап отыр. Кластердің басты ерекшелігі – өндірісте отандық материалдар мен құрамдауыштарды барынша кеңінен пайдалану. Қарағанды облысындағы металлургиялық комбинаттан табақ және сұрыпты прокат, Степногорск қаласындағы зауыттан мойынтіректер, ал Екібастұздағы Railways Systems KZ кәсіпорнынан осьтер мен доңғалақ дискілері жеткізіледі.
Мұндай тәсіл қазақстандық металлургияның дамуына және өңірлер арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның нығаюына ықпал етеді. Келесі кезеңде вагон бөлшектерін шығаратын жеке құю өндірісі іске қосылады. Бұл импорттық құрамдауыштарға тәуелділікті іс жүзінде толық жойып, Қазақстанда теміржол жылжымалы құрамын өндірудің толық циклін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Компанияның техникалық директоры Анатолий Луневтің айтуынша, салынып жатқан жаңа зауыт Қазақстанның ішкі сұранысын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық нарықтағы ірі экспорттаушылардың біріне айналады.
«Qarmet табақ және сұрыпты прокаттың негізгі жеткізушісі болып табылады. Болат құймалары Қазақстан мен ТМД елдерінен сатып алынады. 2028 жылдан бастап біздің зауыт Атыраудағы вагон жасау өндірісінің құйма бөлшектерге деген сұранысын толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 6 мың вагон жиынтығына арналған бөлшектерді сериялық шығаруға есептелген», – деді Анатолий Лунев.
Оның айтуынша, теміржол машина жасау саласы бүгінде технологиялық жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатыр. Компания бұл бағыттағы төрт негізгі басымдықты айқындаған. Бірінші бағыт – «жасыл» химия және қалыптау технологияларын экологияландыру. Әлемде экологиялық талаптардың күшеюіне және қауіпті қалдықтарды көму құнының артуына байланысты бейорганикалық байланыстырғыш материалдарға көшу үрдісі байқалады.
«Уытты шайырларды қолданатын өндірістерден айырмашылығы, біздің құю өндірісінде сұйық шыны мен экологиялық таза күрделі эфирлер негізіндегі суықтай қататын қалып қоспалары пайдаланылады. Бұл – қалдықсыз өндіріс технологиясына барынша жақын жүйе: пайдаланылған құмның 97 пайызына дейін қайта өңделіп, өндірісте қайта қолданылады», – деді ол.
Екінші бағыт – жоғары дәлдіктегі құю технологияларын дамыту. Әлемдік өндіріс кейінгі механикалық өңдеуді барынша аз қажет ететін құйма бөлшектерді шығаруға ұмтылуда.
Үшінші бағыт – энергия үнемдейтін электрлік қыздыру жүйелерін пайдалану. Индукциялық балқыту пештеріндегі электрлік қыздыру бүгінгі таңда жоғары сапалы металл алуға және өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін әлемдік стандарт саналады.
Төртінші бағыт – Индустрия 4.0 және цифрландыру технологияларын енгізу.
«Бүгінде құю зауыттары бұрынғыдай интуитивті тәсілмен жобаланбайды. Біз жоғары дәлдіктегі үш өлшемді модельдеуді қолданып, өндірістің толыққанды цифрлық егізін жасаймыз. Бұл алғашқы бетон құйылғанға дейін-ақ цехтардың, крандардың және өндірістік логистиканың барлық үдерістерін цифрлық форматта оңтайландыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Анатолий Лунев.
Жылына 50 мың тоннадан астам құю өнімін шығаратын зауыт іске қосылғаннан кейін өңірдегі индустриялық кластер толық қалыптасады. Соның нәтижесінде қазақстандық жүк вагондары толықтай елімізде өндірілген құйма бөлшектер негізінде құрастырылатын болады.
Металл өңдеу және машина жасау саласындағы бұл ауқымды жобаның жүзеге асуы өңір мен ел өнеркәсібінің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инвестиция тартуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Дереккөз: kazpravda.kz