2025 жылғы 18 желтоқсанда Мейрам Пшембаевтің төрағалығымен «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумы жанындағы Машина жасау және металл өңдеу комитетінің кезекті отырысы өтті.
Машина жасау және металл өңдеу комитеті төрағасы Мейрам Пішембаев Қазақстанның машина жасау саласы тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 10 айында машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 4,3 трлн теңгені құрап, нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 111,5%-ды көрсетті. Саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 211,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы 189 млрд теңгемен салыстырғанда артты. Әсіресе көлік құралдарын өндіру секторында инвестициялардың айтарлықтай өсімі тіркелді – өткен жылмен салыстырғанда 282%.
«Сонымен бірге импорттың үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Елдің жалпы импорты соңғы 9 айда шамамен 46 млрд АҚШ долларын құраса, оның ішінде машина жасау өнімдерінің үлесі 20 млрд долларды немесе жалпы көлемнің 43%-ын құрады», - деді Мейрам Пішембаев.
Оның айтуынша, бұл бағытта отандық өндірісті ұлғайту және импортқа тәуелділікті төмендету үшін елеулі әлеует бар.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы 2025 жылғы қызмет қорытындылары, сондай-ақ 2024–2028 жылдарға арналған машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру барысы туралы Одақтың Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков баяндама жасады.
Ол Кешенді жоспарды іске асыру Одақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, құжатта көзделген 79 іс-шараның 71-і бойынша жұмыс басталып, 21 іс-шара толық орындалған.
«Кешенді жоспар – саланың қарқынды дамуына бағытталған жүйелі құжат. Онда өндіріс көлемін 4,5 есеге, экспортты 3 есеге, еңбек өнімділігін 2 есеге, инвестицияларды 1,5 есеге арттыру көзделген», - деді Талғат Базарбеков.
Отырыста жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қағидаларына енгізілген өзгерістерге де ерекше назар аударылды. 2025 жылы қатты пайдалы қазбаларды өндіру, сондай-ақ көмірсутектер мен уранды барлау және өндіру саласында қазақстандық тауар өндірушілермен шарт жасасу кезінде кемінде 30% мөлшерінде міндетті алдын ала төлемді бекітетін нормалар қабылданды.
Сонымен қатар өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларының тізбесі кеңейтіліп, оған теміржол арқылы тасымалдау шығындарын және халықаралық сертификаттауға кететін шығындарды өтеу енгізілді.
Үкімет және Парламентпен бірлесіп маңызды заңнамалық өзгерістер қабылданды. 1 шілдеден бастап стандартталмаған тауарларды биржалар арқылы сатып алуды алып тастайтын түзетулер күшіне енді. Ел ішіндегі құндылықты дамыту бағдарламаларын бекіту және ірі тапсырыс берушілермен офтейк-келісімшарттар жасасу тетіктері заңнамалық түрде көзделді. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілетін түзетулер аясында Сенатта сатып алынатын тауарлардағы ел ішіндегі құндылықтың ең төменгі үлесін белгілеу нормасы қаралуда. Жаңа Салық кодексіне жаңа өндірістер салу және қолданыстағы өндірістерді жаңғырту үшін әкелінетін жабдыққа ҚҚС-ты есепке алу әдісімен төлеу нормасы енгізілді, сондай-ақ елде өндірілмейтін материалдар мен жинақтаушы бөлшектерді импорттау кезінде ҚҚС төлеуді 1 жылға дейін кейінге қалдыру қарастырылған. Бұдан бөлек, ҒЗТКЖ-ға арналған 300% салықтық шегерімдер енгізілді.
Отырыс барысында «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумы жанындағы Машина жасау және металл өңдеу комитетінің төрағасы Мейрам Пішембаевтың 2025 жылғы 19 желтоқсаннан бастап өз бастамасымен өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы хабарламасы қаралды.
Сондай-ақ Комитеттің 12 мүшесінің Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары, Комитет мүшесі Ерқанат Мақановты төраға етіп сайлау туралы өтінішхаттары қаралды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумы жанындағы Машина жасау және металл өңдеу комитетінің төрағасы болып Ерқанат Мақанов сайланды.
Ерқанат Мақанов машина жасау саласында мол тәжірибеге ие. Ол бұған дейін «Атамекен» ҚР ҰКП-да қызмет еткен, Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясы директорының орынбасары, Атқарушы дирекция директоры, сондай-ақ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған. Машина жасау және металл өңдеу саласының ерекшеліктерін терең меңгерген, салалық бастамаларды іске асыруда практикалық тәжірибесі бар.
Отырысқа қатысушылар бизнес пен мемлекеттің күш-жігерін одан әрі біріктіру, импортқа тәуелділікті төмендету, жергілікті өндірісті дамыту және Қазақстанның машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігін атап өтті.