Жартыжылдық қорытынды: өнеркәсіптің дамуы, отандық өндірісті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу
Қазақстан өнеркәсібі 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында даму қарқынын көрсетті. Заманауи технологияларды енгізу және өндірістік процестерді автоматтандыру өндіріс тиімділігін едәуір арттыруға және шығарылатын өнімнің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Өнеркәсіптік кәсіпорындар саланың тұрақты дамуына ықпал ететін өндірістің энергиялық тиімді және экологиялық әдістерін енгізуде. Бірінші жартыжылдықта елдің экспорттық әлеуетінің өсуі Қазақстанның халықаралық ұстанымдарын нығайтудағы өнеркәсіптік саясаттың маңыздылығын көрсетеді.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қызметінің мәліметтері мен талдаулары Primeminister.kz сайты редакциясының шолуында ұсынылған.
Жыл басынан бері Қазақстан бойынша 570 млрд теңгеге 40 жаңа жоба іске қосылып, 6,9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2024 жылдың соңына дейін шамамен 1,4 трлн теңгеге 180 жобаны іске қосу және шамамен 17,4 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Машина жасау: инвестициялық ынтымақтастық және өндірісті жаңғырту
2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 814,4 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде барлық типтегі 62 435 автокөлік, оның ішінде тіркемелер мен жартылай тіркемелер, 57 055 жеңіл автокөлік және 1 090 автобус шығарылды.
Барлық автомобиль өнеркәсібі мекемелері ірі тораптық жинақтаудан ұсақ тораптық жинақтауға көшті, автомобильдер мен кабиналардың дәнекерлеу және бояу бойынша заманауи технологиялық операцияларын қолдануда. Ұсақ тораптық әдіспен өндіріс талаптары жыл сайын 10% артып отырады. Жеңіл автокөлік өндірісімен айналысатын барлық зауыттар халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен, оның ішінде роботталған жүйелермен қамтамасыз етілген.
Үкіметтің Қаулысымен трансформаторлар мен электр станциялары Мемлекеттік сатып алу ұлттық режимінен алынып тасталды, тізім 1,6 мыңнан астам машина жасау тауарларымен кеңейтілді. Бұл шаралар ішкі өндірісті ынталандыру және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Теміржол өнеркәсібін дамыту және жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Теміржол өнеркәсібін дамыту және жаңғырту аясында инвестициялық шарттың қосымша келісіміне сәйкес теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрамды өндіру және техникалық қызмет көрсету жобасына салықтар мен кедендік алымдардан босату мерзімі ұзартылады. Бұл қадам өнеркәсіптің дамуына және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
12 маусымда Корея Республикасының $7,53 млн көлеміндегі грантымен лифт өнеркәсібі үшін сынақтық R&D орталығын құру туралы келіссөздер хаттамасына қол қойылды. Бұл жоба инновациялық технологияларды енгізуге және шығарылатын өнімнің сапасын арттыруға бағытталған.
Еуразиялық экономикалық комиссиямен ынтымақтастық аясында белгілі бір тауарлардың импорттық кедендік алымдарын уақытша төмендету туралы шешім қабылданды, бұл Қазақстанда электротехникалық өнімді өндіру үшін жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Үкіметтің 2024 жылға арналған экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша іс-қимыл Жоспарын іске асыру аясында 50 млрд теңге көлемінде мемлекеттік инвестициялық ұсыныс әзірленді. Бұл ұсыныс еліміздің негізгі индустриалды холдингтерінің жарғылық капиталын ұлғайтуға, соның ішінде «Байтерек» Ұлттық басқарушы холдингі, «Қазақстанның Даму Банкі» және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ жарғылық капиталын арттыруға бағытталған.