Сенаторлар дуалды оқытудың жол картасын қолдады

Сәрсенбі, 30 қазан күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында Сенат Спикерінің орынбасары Жақып Асановтың төрағалығымен дуальды білім беруді дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Бұл туралы аймақ өкілдерімен апта сайын өткен кездесуде “Қазақстан машина жасау одағы” ЗТБ-нің атқарушы дирекциясы директорының міндетін атқарушы Талғат Базарбеков мәлім етті.

Қазіргі таңда Қазақстанда 274 колледж жыл сайын машина жасау бойынша 11 мыңнан астам маман бітіреді. Сонымен қатар жылына 5 млрд теңгеден астам бюджет қарастырылған. Алайда түлектердің 20% -дан азы ғана өндіріске келеді және көптеген жұмыс берушілер өздерінің дайындық деңгейіне наразы. Т.Базарбеков Қазақстан машина жасау одағы  ҚР Білім министрлігімен және ҚР Индустрия және құрылыс министрлігімен бірлесіп, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында үш пилоттық жобаны жүзеге асыруды көздейтін дуальды білім берудің Жол картасын әзірлегенін атап өтті.

ҚМЖО дуальды білім берудің алдыңғы қатарлы неміс моделін қабылдауды ұсынады, онда студенттер уақытының 60% кәсіпорында және 40% оқу орнында өткізеді.

ҚМЖО ұстанымы: кәсіпорын оқу процесіне толық қатысуы керек, өйткені жақсы жұмысшыны жалғыз колледж базасында оқыту мүмкін емес. Бұл ретте бөлінген қаржыландыруды кәсіпорындар үшін де бөлу қажет. Қазіргі таңда жұмысшы мамандықтары бойынша оқытуға мемлекет тарапынан бөлінетін барлық қаражат колледжге кетіп жатыр. Сәйкесінше, колледж үлкен инвестицияны қажет етпейтін мамандықтарға студенттерді қабылдауға мүдделі, ал кәсіпорындарға ақша бөлінбейді. Сонымен қатар тағылымдама кезінде де жұмыс киімімен, дайындамалармен қамтамасыз ету және болашақ мамандар оқитын машина базасын пайдалану үшін қаражат қажет.

ҚМЖО ұсыныстарын сенаторлар қолдады. Олар бұл мәселені, оның ішінде нормативтік актілерге түзетулерді қарастыру арқылы зерделеу қажеттігін баса айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында сала мамандарының өткір тапшылығын еңсеру қажеттігін айтқан болатын. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жолдауында келесі 2025 жылды  «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы уақыт аралығында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажет.

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.