Мемлекет басшысы «Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды
Бұл құжат алғаш рет жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен дамуы үшін жылу энергиясын өндіру, беру, өткізу және тұтыну процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды дербес заң түрінде реттейді.
Заң жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен дамуына бағытталған, деп хабарлайды Akorda.kz.
Заң жылу энергиясы саласын реттеу жүйесін жаңартады, оның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жаңа құралдарды енгізеді және қолданыстағы құралдарды күшейтеді. Құжатта жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары айқындалған.
Саланың дамуын жоспарлау және оны дәйекті және тиімді дамыту үшін оның жай-күйін бағалау құралдары енгізілді. Энергетика министрлігі Салалық мемлекеттік органдар әзірлеген өңірлер мен секторлар бойынша жылу энергиясының түйінді және нысаналы көрсеткіштерін бекітеді.
Сондай-ақ, заңда жылумен жабдықтау құрылымы жүйеленген, жылумен жабдықтау субъектілері мен олардың қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері реттелген. Жылумен жабдықтау жүйелері тұтынушылардың қуаты мен қосылған жүктемесіне байланысты орталықтандырылған, жергілікті және жеке болып бөлінеді.
Тарифтік реттеу, энергия үнемдеуді қолдау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану тетіктері жаңартылды, бұл сектордың инвестициялық тартымдылығын арттырады.
Жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарын жүргізу және жылу энергиясы көздерін пайдаланудан шығару бойынша талаптар белгіленген. Жылыту маусымына дайындық талаптары күшейтілді.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.