Машина жасау саласын дамыту мәселелері бойынша жиын өтті
Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Қ. Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және жоғары бөліністі өнім шығаруды ұлғайту жөніндегі сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті машина жасауды дамыту және импортқа тәуелділікті төмендету мәселелері бойынша отырыс өткізді.
Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың өкілдері, сондай-ақ салалық қауымдастықтардың басшылары қатысты.
Жиын барысында Қазақстан машина жасаушылар одағының Басқарма Төрағасы Мейрам Пішембаев Машина жасау саласын дамытудың 5 жылға арналған кешенді жоспары туралы айтып берді.
“Кешенді жоспарды табысты іске асыру өндірістің НКИ-нің көрсеткішін 3-тен 7 трлн теңгеге дейін, яғни 2,2 есе өсуін қамтамасыз етеді. Кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша импортқа тәуелділік 50 млрд. АҚШ долларын құраса, оның 20 млрд доллары немесе 40% – машина жасау өнімі. Біз осы көрсеткішті төмендетуіміз керек”, – деді Мейрам Пішембаев.
Бұл ретте аталмыш индикаторларға қол жеткізу үшін Кешенді жоспар шеңберінде саланы шикізатпен, офтейк-келісімшарттармен және офсеттік келісімдермен қамтамасыз ету қажет.
Сондай-ақ, Машина жасаушылар одағының басшысы биржалық сауда мәселесіне тоқталды. Бүгінде ҚПҚ жер қойнауын пайдаланушылар электрондық мемлекеттік сатып алу алаңын айналып өтіп, тауар биржалары арқылы машина жасау өнімдерін сатып алуда.
“Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биржада машина жасау өнімдерін сату мүмкіндігін, жер қойнауын пайдаланушылардың офтейк-келісімшарттар мен офсеттік келісімдерді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін болдырмайтын Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске түзетулер әзірледі. Қазіргі уақытта түзетулер мемлекеттік органдарда келісімде. Күзде заңнамалық бастамалар жоспарына сәйкес Парламентке енгізілетін болады”, – деп атап өтті Мейрам Пішембаев.