Машина жасау ісіндегі маңызды қадамдар
Қажетті құрал-жабдықтарды, машиналарды, станоктарды, құрылғыларды, сонымен қатар халыққа арналған тауарларды құрастыратын машина жасау өнеркәсібі елдегі агроөнеркәсіптік кешеннің, энергетикалық және металлургиялық сектордың, сондай-ақ экономиканың басқа да негізгі салаларындағы қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Машина жасау өнеркәсібінің тұрақты дамуы мен үздіксіз қызмет етуі экономикамызда энергия мен материалдардың жұмсалуын, еңбек өнімділігін, өнеркәсіптік өндірістің экологиялық қауіпсіздігін, түптеп келгенде мемлекетіміздің экономикалық қауіпсіздігін айқындайды.
Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев машина жасау саласын кешенді жаңғырту мен оны халықаралық деңгейде алға жылжыту Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттігін арттыруға әрі еліміздің әлемнің озық 30 мемлекетінің қатарына қосылуға ықпал ететінін атап өткен болатын.
Машина жасау саласын кешенді сала деуіміздің себебі, асхана жабдықтарынан бастап, ұшақтарға дейінгі өндірілетін тауарлардың кең ауқымына ие. Еліміздегі машина жасау өндірісі өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастау алады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін Кеңес Одағының еуропалық бөлігіндегі көптеген машина жасайтын зауыт Қазақстанға көшірілді. Соғыс аяқталған соң бұл зауыттар кен өндіруге және ауылшаруашылық секторларына арналып қайта мамандандырылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз машина жасау өндірісінің кейбір салаларын, атап айтқанда, станок жасау мен қозғалтқыштарды өндіру ісін тоқтатты. Оның орнына локомотив өндірісі, автокөліктер шығару сынды жаңа салалар қанат жайды. Электротехникалық жабдықтар секторы жаңа тынысқа ие болды. Бүгінде елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында машина жасаудың 6 секторы анық жұмыс істеп тұр деуімізге болады. Автокөліктер жасау, мұнай-газ машиналарын шығару, ауылшаруашылық көліктерін құрастыру, тау-кен өндірісіне қажетті көліктерді дайындау, электротехникалық машиналарды жасау сияқты ірі-ірі секторлардың жұмыстары толайым табысқа ие. Мемлекет тарапынан аталған салаларға қолдау көрсетіліп, 2002-2016 жылдар аралығында оның даму көрсеткіші 77%-ті құрады.
Қазіргі таңда Қазақстанның машина жасау өндірісінің құрылымында жоғарыда аталған секторлардан бөлек тау-кен-металлургиялық, ауылшаруашылық, мұнай-газ, әскери және көлік құралдарының өндірісі де жоғары басымдылыққа ие.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Машина жасау Қазақстанның индустриалды дамуының қозғаушы күшіне айналуы тиіс, сондықтан да мемлекеттің бұл саладағы басты мәселелерге деген қолдауы орасан зор» деген болатын. Елімізде 2019 жылға дейін индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғаны мәлім. Аталған бағдарламадағы 14 салалық басымдықтың алтауы машина жасау саласына тиесілі. Бұдан бөлек «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 55-қадамында Елбасымыз экспорттық өнімдерді өндіру және Қазақстанның халықаралық нарыққа шығуы үшін қайта өңдеу секторында трансұлттық компанияларды тарту бойынша айқын тапсырмалар жүктеген. Оған қоса, халықаралық бизнесті еліміздің жаңа мүмкіндіктері жайлы ақпараттандыру мен экономиканың басым секторларында тамырын тереңге жайған инвесторлармен біріккен кәсіпорындарды құру міндеті де алға қойылған.
Бүгінде аталған бағыт бойынша отандық машина жасау сегментінде бірқатар жұмыс атқарылды. Соңғы он жылдықта Қазақстандағы машина жасау өндірісіне тартылған шетелдік инвестиция көлемі бес есеге ұлғайған. Қазір елімізде Toyota, General Electric, Talgo, General Motors, LG, Alstom және тағы басқа машина жасау өндірісінің әлемдік көшбасшылары жұмыс істейді. Қазақстандық өндірушілердің ассортиментінде бұрын елімізде шығарылмаған жаңа жоғары технологиялық өнімдер, атап айтқанда, локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагоны, тікұшақтар, автокөліктер пайда болды. Алайда қол жеткізген бұл нәтижелер арқаны кеңге салып, әрекетсіз отыруға болады деген сөз емес, себебі отандық машина жасаушылардың алдында бұдан да үлкен міндеттер тұр. Ең алдымен аталған сала жаһандық өзгерістер мен заманауи жаңалықтарға дайын болуы тиіс.
Бұл жөнінде белгілі сарапшы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының машина жасау және металл өңдеу комитеті төрағасының орынбасары Павел Беклемишев еліміздің импорт бойынша шығындарының 40%-і машина жасау өнімдерін әкелуге кететіндігін айтады. «Бұл Қазақстанда машина жасау өнімдерінің нарығы, яғни сұраныс бар екендігін көрсетеді. Өткен жылы еліміздегі машина жасау өндірісі 960 миллиард теңгені құрады. Менің ойымша, импорттың біраз бөлігін өзіміз де өндіре алатын едік. Бізде ішкі нарық бар, алға қарай жылжуға себеп те жоқ емес. Алдымен өзімізде өндірсек, кейін экспортқа шығаруға да болатын еді», дейді ол.
Ал еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батановтың сөзіне сүйенсек, 2018 жылдың басынан еліміздегі машина жасау өндірісі 2017 жылмен салыстырғанда, 12,2%-ке өсіп, 384,6 млрд теңгені құраған. 2017 жылы бұл көрсеткіш 5,6%-ке өсіп, 913,6 млрд теңгені құраған болатын. Машина жасау өндірісінде автокөліктер жасау саласы жоғары үлеске ие. Комитет басшысының айтуынша, өткен жылы республикамызда 19,5 мың автокөлік шығарылған.
«2017 жылы аталған саланың күрт дамуы нарықтағы сұранысқа, экспорт нарығының ашылуына, сонымен қатар мемлекет тарапынан жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына байланысты болып отыр. Былтыр әрбір сатылған автокөліктің үшіншісі отандық кәсіпорындарда жасалған», дейді А.Батанов.
Ауылшаруашылық машиналарын жасау саласына келетін болсақ, мемлекет ауылшаруашылық техникаларына және көлік құралдарына қосымша құн салығын төлеуден босатып, айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Биыл комбайн, трактор және автобус лизингіне бюджеттен 13 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы аясында «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданған болатын. Машина жасау саласында да кәсіпорындардың әрі қарай дамуы мен бәсекеге қабілетті болуы өндірісті цифрландыру мен технологиялық жетілдіруге байланысты. Осы мақсатта Инвестициялар және даму министрлігі өнеркәсіпті цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Шетелдік әріптестермен біріге отырып 605 компания мен тау-кен-металлургиялық кешені зерттелген болса, оның 291-і машина жасау кәсіпорны. Бағалау нәтижелері бойынша кәсіпорындардың тек 3 проценті өндірісті автоматтандыру мен цифрландыру негізіне ие. Демек, аталған салада цифрландыру элементтерін енгізу бойынша жұмыстарды күшейту қажет. Цифрлы технологияларды енгізу өндірістің тиімділігін арттырып, өндірілетін өнімнің өзіндік құнын 20%-ке дейін төмендетеді.
Осы орайда, 2018 жылдың 20-21 қыркүйегінде Астана қаласының ЭКСПО Конгресс-орталығында Қазақстан машина жасаушыларының VI форумы өз жұмысын бастайтындығын айта кеткеніміз жөн. Қазақстан Республикасының Үкіметі және «Атамекен» ҰКП қолдауымен, Инвестициялар және даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағы ұйымдастырып отырған форумда 20-дан астам мемлекеттен мыңнан аса делегат, оның ішінде отандық және шетелдік машина жасау кәсіпорындарының басшылары, квазимемлекеттік сектор, даму институттары, бизнес қауымдастықтары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады деп күтілуде.
Жалпы алғанда, Қазақстанның машина жасау саласын жандандырудың жаңа кезеңі басталып келеді. Себебі аталған салаға қажетті бөлшектерді шығаруға, оны құрастырушы жұмыс күші де елімізде баршылық. Сонымен қатар қазақстандық машина жасау өндірісінің өнімдеріне сұраныс та жоғары екенін айта кеткеніміз жөн. Көршілес Ресей, Қытай сынды алпауыт елдердің рыногына шыға бастаған отандық өнімдерді одан әрі қарқынды дамытып, әлеуетін арттыра түсу қажеттігі байқалады.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»