Ең әдемі метро
Елімізде ең алғаш рет метрополитен 2011 жылы 1 желтоқсанда пайдалануға берілген еді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына тарту болған нысанның бүгінгі әлеуеті күніне 50 мың жолаушыға жетті. Ол – әлемдегі ең жаңа әрі әдемі метролардың қатарында. Алматы сынды мегаполиске метроның ауадай қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Кептелісте сағаттап тұрғанша баратын жеріңізге жер астымен зыр етіп жетіп алғанға не жетсін!
Әлемде ең алғашқы метро осыдан бір жарым ғасыр бұрын жолаушы тасымалдай бастағанын білесіз бе? Ең бірінші жерасты жолы 1863 жылы Лондонда пайда болды. «Metropolitan line» деп аталған бұл метроның ұзындығы небәрі 6 шақырым еді. Міне, содан бері мұндай көлік түрі жер жүзінің 200-ден астам қаласында салынып, жолаушы тасымалдауда таптырмас шешімге айналды. Жолаушылардың метроны пайдалану жиілігі ұшақпен ұшуға қарағанда 34 есеге көп. Жалпы, метрополитенді тек көлік түрі деп қана емес, ғажап сәулет, өнер туындысы деп қараған жөн. Әлемдегі әр метроның өз ерекшелігі бар. Айталық Нью Йорк метросы стансалар саны мен бағыты бойынша көш бастап тұр (472 станса, 36 бағыт), ал ең ұзын метро Шанхайда (588 шақырым), жолаушылардың жылдық көрсеткіші бойынша Бейжің метросы – алдыңғы орында. Ал метросы бар ең кішкене қала – Лозанна, мұндағы қала тұрғындарының саны – 138 мың. Ал метро жүйесі ең дамыған ел – Жапония. Жолаушыны ең көп тасымалдайтын метро Токиодағы – Икебукуро. Оған күніне жарты миллион халық мінеді екен. Дүниежүзіндегі метролар жайлы қызықты деректер өте көп. Ал Алматы метросының артықшылығы қайсы?
Алматылықтар 1988 жылы басталған метро құрылысының аяқталуын аттай 23 жыл күтті. Кеңес Одағы күйреп, Қазақстан экономикалық қиындықта қалған кезде жерасты құрылысы мүлде тоқыраған еді. Алайда метроның қазіргі нәтижесі өте жақсы. Бүгінде Алматы метрополитенінде 9 станса жұмыс істеп тұр. Олар: «Райымбек», «Жібек жолы», «Алмалы», «Байқоңыр», «М.Әуезов атындағы театр», «Алатау», «Сайран», «Мәскеу». Әр станса өз атауына сай ұлттық һәм модерн нақышында әдемі безендірілген.
Қала әкімдігі алдағы жылдары Алматы метро станциялардың санын 24-ке жеткізіп, жалпы қашықтығын 45 шақырымға дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Оның дәл қазіргі уақыттағы ұзындығы – 11,5 шақырым. Алматы метрополитенін салу жұмыстарына «Herrenknecht AG» неміс компаниясының «Herrenknecht S-320» жоғары өндірісті тоннель қазушы кешені пайдаланылған. Нысан Қазақстандағы алғашқы, Орталық Азияда екінші және ТМД-дағы 16 метрополитен саналады.
Пайдалануға берілгелі бері метро бірталай халықаралық марапаттарға да ие болып үлгеріпті. Атап айтқанда, ол Израильде өткен әлемдік метрополитендер қауымдастығының форумында халықаралық стандарттарға сай деп танылды. Сондай-ақ Лондонда ESQR сапа белгісімен, «Gold category» бірінші санат бойынша сапаны бағалау еуропалық ұйымдарының марапатын алды. The Coolist басылымы Алматы метросын әлемдегі ең әдемі ондыққа енгізді.
Алматы метрополитенінің басшысы Ербол Әбілдиновтің айтуынша, метрода жолаушылар ағыны күн санап өсіп келеді.
«Метрополитеннің келесі бағыттарын, батысқа және солтүстікке қаланың басқа бөліктерін қамти отырып қосу жолаушылар ағынының өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір тұрғындарда метроға деген сұраныс үлкен. Ең бастысы, олар метроның артықшылығын сезініп келеді. Оның үстіне біз үнемі дамитын кәсіпорын болғандықтан, болашағымыз жарқын деп ойлаймын. Жалпы, біз 2000-нан астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Келесі жылы «Қалқаман», «Сарыарқа» бекеттерін пайдалануға беру жоспарымызда бар», – дейді ол.