Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы өтуде
Астанада Қазақстан машина жасаушыларының ХІ форумы өтіп жатыр. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар Одағы ұйымдастыруда.
Форумның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, “Қазақстан машина жасаушылар одағы” ЗТБ Басқарма Төрағасы Мейрам Пішембаев, “Wabtec” корпорациясының вице-президенті Гохан Байхан, “Қазэнергокабель” АҚ акционері Владимир Бобров, “Бәйтерек” ҰБХ”АҚ Басқарма Төрағасы Қанат Шарлапаев және “Атамекен” ҚР ҰКП Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов қатысты.
Форумның тақырыбы: “Машина жасау – жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту драйвері”. Бүгінде жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту мәселесі өте өзекті.
Пленарлық отырыс барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысушыларға арналған жолдауын оқыды.
Өз кезегінде Қазақстан машина жасаушылар одағының Басқарма Төрағасы Мейрам Пішембаев Мемлекет басшысына машина жасау саласына ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
“2019 жылдан бастап Мемлекет басшысы машина жасауды дамытуды жеке бақылауға алды. Оның тапсырмасы бойынша Өнеркәсіптік саясат туралы Заң қабылданды. Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды. Отандық машина жасаушыларды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша Машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасының негізгі міндеттерін орындауға барынша мүмкіндік жасалды”, – деп атап өтті Қазақстан машина жасаушылар одағының басшысы Мейрам Пішембаев.
Мейрам Пішембаевтың айтуынша, форумның айрықша маңыздылығы машина жасау саласын ғана емес, жалпы өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиясы қалыптасады. Форум қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынымдар жолданады. Олар машина жасау саласын одан әрі дамыту бойынша стратегиялық маңызды міндеттерге қол жеткізуге қызмет етеді.
Қазақстан машина жасаушыларының ХІ форумы екі күнге жалғасады. Форум барысында теміржол, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, электротехникалық машина жасау, автомобиль жасау және тау-кен-металлургия кешені үшін машина жасау тақырыптары бойынша секциялық отырыстар жоспарланған. Сондай-ақ, “Теңізшевройл” ЖШС қазақстандық қамтуды дамыту және тендерлік процесінің ерекшеліктері, “Самұрық-Қазына” АҚ қорының сатып алулары және машина жасау саласы үшін кадрлар даярлау туралы секциялық отырыстар өтеді.
Форум аясында 10-12 мамыр аралығында “EXPO” көрме орталығында машина жасау және металл өңдеу бойынша “Kazakhstan Machinery Fair 2023” Халықаралық мамандандырылған көрмесі өтуде. Көрменің мақсаты машина жасау саласын дамытуға жәрдемдесу, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді диалог үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан машина жасаушылар одағының баспасөз қызметі