Астана қаласында Қазақстан машина жасаушыларының VI Форумы өтеді
2018 жылдың 20-21 қыркүйегінде Астана қаласының EXPO Конгресс-орталығында Қазақстан машина жасаушыларының VI Форумы өз жұмысын бастайды.
Қай мемлекетте болсын, ұлттық өнеркәсіптегі технологиялық деңгейдің көрсеткіші – машина жасау саласы болып табылады. Машина жасау саласы тұтас экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете отырып, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін де арттырады.
Еліміздің сонау соғыс жылдарынан бастау алатын машина жасау өндірісі сан қилы даму сатысынан өтіп, бүгінде тұғыры нық, абыройы асқақ салаға айналып отыр. Оның дәлелі ретінде, 2017 жылы аталған өндірістің жалпы көлемі 913 868 миллион теңгені құрағандығын алға тартуға болады.
Тұтас машина жасау саласында жеке тоқталып өтуді қажет ететін өндіріс – автокөліктерді жасау өндірісі. Елімізде автокөліктерді жасау ең кенже сала деп атасақ та артық айтқандық емес. Ол 2002 жылы «БИПЭК АВТО» компаниясының «АВТО ВАЗ» АҚ автокөліктерді шығару конвейері бойынша жобасын қолға алған сәтінен бастау алады. 2003 жылы елімізде өзіміздің төл өніміміз – ВАЗ 21213 автокөлігі өнеркәсіптік масштабта өндіріле бастады. Сол жылы «Агромашхолдинг» ААҚ аукционда бұрынғы Қостанай дизель зауытының конкурстық массасын иеленіп, өндірістік кешенді қайта қалпына келтіруді қолға алды. Алайда, ол зауыттың автокөліктерді жасаудағы ең алғашқы жұмысы ретінде 2010 жылы SsangYong автокөліктерін жинау бойынша жобасын атап көрсетуге болады. 2003 жылы «КАМАЗ» ААҚ мен қазақстандық жеті ұйымның арасында «Қазақстан-КАМАЗ» консорциумын құру туралы келісім жасалды. Ал 2005 жылдың мамыр айында Көкшетау қаласында автокөлік техникасын өндіруге арналған «КАМАЗ-Инжинирнг» АҚ біріккен Ресей-Қазақстан кәсіпорынын құру бойынша құрылтайлық келісім-шарт жасалды. Дәл солы жылдың тамыз айында аталған зауыттан алғашқы автобус пен жүк аударғыш көлік құрастырылып шықты. 2007 жылы қыркүйек айында Семей қаласындағы «СемАЗ» ЖШС өндірістік алаңында Daewoo автобустарын жасап шығаратын зауыт өз жұмысын бастады. Ал 2011 жылы 21 қаңтарда Алматы облысының Талғар ауданында Hyundai жүк автокөліктері мен автобустарын құрастыратын зауыт ашылған болатын. 2010 жылы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС тіркелсе, 2011-2012 жылдары УАЗ, Ивеко, SsangYong Nomad автокөліктері үздіксіз шығарыла бастады.
Әрине, еліміздегі автокөліктерді жасау саласы – әлі де тамырын тереңге жая қоймаған жас сала. Алайда, мемлекеттік қолдау мен ел экономикасының жоғары қарқыны отандық автопром жұмысының екі есе өсіп, жалпы машина жасау өндірісінде айрықша орын алуға септігін тигізді.
Автокөліктерді жасау бойынша отандық өндіріс осы қарқынмен дами берсе, әлі-ақ өз бәсекелестерін басып озары анық. Оған қолдау көрсететін факторлар да жоқ емес. Осындай маңызды факторлардың бірі – Қазақстан Республикасын индустриалды-инновациалық дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама. Еліміздегі автокөлік жасау саласын дамытудағы екінші жағымды жаңалық ретінде жеңілдетілген автонесие бағдарламасын да атауға болады. Тәуелсіздік алғаннан бері талай жетістіктерге жетіп үлгерген автокөлік жасау өндірісі әлі де қарыштап дами берері сөзсіз.
Жадыра Байбұланова