АӨК және машина жасау: Олжас Бектенов Степногорск моноқаласының экономикасын әртараптандырумен танысты
Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС-на барып, Степногорск моноқаласының экономикасын әртараптандырумен және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz.
Премьер-Министр Степногорск қаласында орналасқан еліміздегі ең ірі жылыжайлардың бірінің өндірістік қуатымен танысып, шығарылатын өнім түрлерін қарап шықты. Инвестициялық жоба 2010 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауымен іске қосылды және Ақмола облысының өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген.
Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Степногорск подшипник зауытының қызметімен танысты. Кәсіпорын елдегі подшипниктердің 100%-ын өндіреді және машина жасау мен басқа да салалардың дамуында маңызды рөл атқарады. 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Зауыт былтыр 20,2 мың тонна, осы жылдың 7 айында 16,3 мың тонна подшипник шығарды. Бұл ретте жобалық қуаты жылына 1,7 млн подшипникке жетеді. Өндірістік желіні қарап шыққаннан кейін Олжас Бектенов кәсіпорынның жүктемесін одан әрі ұлғайту қажеттілігіне назар аударды, сондай-ақ инвестициялар тартуға, қосымша жұмыс орындарын құруға және Степногорск пен оның маңында технологиялық өрлеуді жеделдетуге ықпал ететін өндіріс айналасында өнеркәсіп кластерін құру келешегін атап өтті.
Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында қызметкерлер активімен кездесу өткізілді. Өндірісті тереңдету, өткізу нарығын игеру мәселелері талқыланды. Энергиямен қамтамасыз ету деңгейіне және т. б. назар аударылды. Премьер-Министр мен үкіметтік делегация мүшелері қажетті жауаптарын беріп, түсіндірме жүргізді.
«Өнеркәсіпті дамыту және жаңа кәсіпорындарды іске қосу үшін тұрақты энергия беру маңызды. Біз өндіргеннен қарағанда көп тұтынамыз, сондықтан энергияны сатып алуға мәжбүрміз. Бұл тапшылық жылдан жылға үнемі өсіп отырады. Бізге электр энергиясының сенімді көздері қажет. Күн, су, жел баламалы қуат көздерін дамытуға болады деп айтатындар бар, біз де оны дамытып жатырмыз, бірақ олар қажетті тұрақтылықты бермейді, тек қосымша энергия көзіне айналуы мүмкін. Атом энергетикасын дамыту энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар бізде өзіміздің шикізат бар, кадрлар бар», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев заманауи атом стансалары ең жоғары қауіпсіздік шараларына сәйкес салынып жатқанын айтты. Өз кезегінде кәсіпорын ұжымы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған, оның ішінде бизнесті қолдау, АЭС салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен бастамаларға қолдау білдірді.