ҚР Үкіметінде машина жасауды дамыту мәселелері қаралды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов машина жасауды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өз баяндамасында 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша машина жасау өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға (ақшалай баламада) өскенін хабарлады. Салаға тартылған инвестициялар көлемі 23%-ға ұлғайды.
Кеңес барысында «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев отандық өндірісті қолдаудың бірқатар бағыттары бойынша сала өкілдерінің ұсыныстарын айтты.
Өңдеу секторының кәсіпорындарын қолдау бойынша жұмыс шеңберінде шикізат, материалдар мен құрамдас бөлшектерді импорттау кезінде есепке жатқызу әдісімен қосылған құн салығын төлеу тетігін қолдану 2024 жылға дейін ұзартылғаны атап өтілді. Бұл ретте инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті металл өнімдерін ҚҚС осы әдіспен төленетін импортталатын тауарлар тізбесіне қосу ұсынылды. Сондай-ақ өнімді экспорттау кезінде ҚҚС-ны жедел қайтаратын өңдеуші сектор кәсіпорындарын қамтуды кеңейту ұсынылады.
Премьер-Министр аталған ұсыныстарды қолдап, тиісті мемлекеттік органдарға қажетті шешімдер жобаларын енгізуді тапсырды.
«Біз отандық өндірістің өсіп, өркендеуіне мүдделіміз. Ол үшін қолдау шараларымен қамту кеңейтілетін болады. Сондай-ақ сатып алулар кезінде жергілікті қамтуды ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр осы бағыттар бойынша тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.