ҚМЖО Qazaq Gaz және машина жасау саласының кәсіпорындары арасындағы байланыстырушы буын болуға дайын
2024 жылдың 15 тамызында Астанада “Qazaq Gaz” ҰК” АҚ ұйымдастырған отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша дөңгелек үстел өтті. Іс-шара шеңберінде 2024 жылға арналған сатып алу жоспарына, QazaqGaz компаниялар тобының сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ қазақстандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттарға қол қоюға қатысты негізгі мәселелер талқыланды.
Іс-шарада сөз сөйлеген “Қазақстан машина жасаушылар одағы” ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев QazaqGaz пен отандық машина жасау кәсіпорындары арасындағы, әсіресе импортты алмастыру контекстіндегі ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі таңда “Qazaq Gaz “ҰК” АҚ жаңа өндірістерді құруға жәрдемдесу бағдарламасы шеңберінде импортты алмастыратын өнімді сатып алу бойынша машина жасау саласының кәсіпорындарымен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан алғашқы компаниялардың бірі болып табылады.
Біз Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі “Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты ” Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін бар күшімізді салуға дайынбыз. Атап айтқанда, бұл реттелетін сатып алулардағы отандық тауарлар көлемін ұлғайтуға, мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық қамтуды 60% – ға дейін жеткізуге және сатып алудың жалпы көлемінің 10% деңгейінде отандық өндірушілермен офтейк – келісімшарттар жасасуға қатысты”, – деді Мейрам Пішембаев.
Бүгінде машина жасау саласының кәсіпорындары мен “Qazaq Gaz”еншілес компаниялары арасында жасалатын офтейк-келісімшарттар санының өсуінің оң серпіні байқалады. 2022 жылдан бастап шамамен 2,4 млрд теңгеге 32 офтейк-келісімшарт жасалды.
Машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Қазақстанның машина жасау кәсіпорындарының әлеуеті айтарлықтай екенін атап өтті. Бұрын Qazaq Gaz компаниясы дайындаған импортты алмастыруға арналған тауарлардың жаңартылған пулы 400-ден астам кәсіпорынға ұсыныстар үшін жедел жіберілді.
“Оны қарау нәтижелері бойынша отандық тауар өндірушілер құбыр арматурасын, жарықдиодты және электротехникалық өнімдерді, бұрғылау және Электрмен дәнекерлеу құбырларын, электр сорғы агрегаттарын, газ айдау агрегаттарына арналған ауа сүзгілерін, өлшеу диафрагмаларын, компрессор поршеньдеріне арналған өзектерді, кабель-өткізгіш өнімдерін, изоляторларды, газ қысымын реттегіштерді және басқа да көптеген өнімдерді өндіруді игеруге дайын”, – деп хабарлады Мейрам Пішембаев.
Сонымен қатар, ҚМЖО басшысы өнеркәсіп және құрылыс, энергетика министрлігімен, “Самұрық-Қазына” және “Qazaq Gaz” қорымен бірлесіп, елімізде қажетті жабдықтарды отандық өндірушілерден сатып алу үшін барынша күш салу қажеттігін атап өтті.
“Қазақстан машина жасаушылар одағы “Qazaq Gaz” ҰК” АҚ мен машина жасау саласының кәсіпорындары арасындағы байланыстырушы буын болуға дайын”, – деп қорытындылады Мейрам Пішембаев.
Дөңгелек үстел аясында жалпы сомасы 30 млрд теңгеден асатын офтейк-келісімшарттарға қол қойылды.