Қазақстандық мамандар халықаралық көрмеге қатысты

Испанияның Бильбао қаласында өткен BIEMH 2018 көрмесінде Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пшембаев шетелдік компаниялармен өзара ынтымақтастық туралы бірнеше меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Машина құрастыру көрмесінде қазақстандық делегация өнеркәсіптік жабдықтарды өндірушілердің ұлттық қауымдастығы SERCOBE, Испания машина жасау өндірушілері қауымдастығы (AFM) мен инжинирингтік қызмет ұсынатын испандық IDOM компаниясымен меморандум жасасты.

Аталған келісімдер отандық машина жасау өнеркәсіптері мен автоөндірушілердің өндірістік желілерін дамытуға жол ашады.

Сонымен қатар аталған меморандум қазақстандық студенттерге Испанияның алдыңғы қатарлы өндіріс орындарында тағылымдаман өтуге мүмкіндік береді.

Қазақстан машина жасаушылар одағының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, аталған келісімдер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауының бірінші басымдығы Индустрияландыруды жүзеге асыруға бағытталған.

Айта кетейік, 2018 жылдың 20-21 қыркүйегінде Астанада Қазақстан машина жасаушыларының VI форумы өтеді. Оған 30-дан астам мемлекеттен 900 делегат, оның ішінде жетекші отандық және шетелдік машина жасау кәсіпорындарының басшылары, бизнес қауымдастықтары және үкіметтік емес ұйымдары өкілдері қатысады.

Дереккөз: https://baq.kz